Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Имамдар форумы рухани биігімізді бағындырады

Астана. 3 мамыр. Еліміздің дін саласында, қазақ руханиятында үлкен өзгерістер, тың серпілістер күтіп тұр. Мемлекетіміз тарапынан үлкен қамқорлыққа алынып отырған дін саласының өзекті мәселелері оңтайлы шешімін таппақ. Өткен аптада бас қаламызда ел руханиятына қатысты өткен тарихи уақиғалардан осы жайттарды аңғардық.

Баршаға белгілі,  ел мұсылмандарының қара шаңырағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы имамдар мен дін қызметкерлерінің білім-біліктілігін арттырып, мақсат-міндеттерін айқындау әрі әрбір мұсылман баласының бүгінгі қоғамдағы орнын анықтау мақсатында ауқымды іс-шараларды атқарып келеді. Республикалық имамдар форумы осы сөзіміздің айқын айғағы.

Еліміздегі дін құндылықтарының дұрыс дәріптелуіне Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдерін қабылдауы кезінде баса назар аударды. Елбасымыз бұл ретте имамдар мен дін қызметкерлерінің білімін арттыруға басымдық беру керектігін атап көрсетті. Руханият саласындағы салмағы үлкен бұл жұмыстардың Мемлекет басшысының Рухани жаңғыру идеясымен қабысуы керектігін де ашық айтты.

Бүгінде мемлекет тарапынан дін саласын дамытуға, ел руханиятын нығайтуға үлкен қамқорлық жасалып отырғанын айта кетуіміз керек. Елбасымыздың тікелей басшылығымен құрылған Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі діннің қоғамдағы орны мен рөлін белгілеуде, дін саласындағы түйткілді мәселелерді реттеуде үлкен күшке ие. Елбасымыз атап өткендей, ел ішінде атқарылатын әрбір жұмыстың жауапкершілігі, талап-тәртібі бар, онсыз мемлекет те болмайды. Рухани байлығымыздың бүтін бөлшегі саналатын ислам құндылықтарын насихаттауда дін қызметкерлеріне жүктелетін жауапкершіліктің салмағы да басым, талабы да жоғары. Биыл екінші рет ауқымды көлемде өткен Республикалық имамдар форумы осы міндеттерді мүлтіксіз атқару үшін, рухани тірегімізді ұстар имам-молдалардың білімін, қарым-қабілетін,беделі мен мәртебесін көтеру үшін үлкен маңызға ие. Елбасымыздың өз сөзімен берер болсақ, «Біз өзіміздің дәстүрлі рухани тамырымызды нығайта отырып, санамызды жаңарту мақсатында мақала жаздым. Біздің патриоттығымыз, отансүйгіштігіміз елдің ішіндегі, сыртындағы тыныштық болашағымыз болып саналады. Сол болашаққа бәріміз бірігіп жұмыс істеуіміз керек.

Әрине, біздің тәуелсіздік жағдайында ұланғайыр жеріміз бар. Ол жердің ұланғайыр үлкен байлығы бар, ішіміздегі тыныштық бар. Оған ала көзбен қарайтындар аз емес. Жалпы қазақты ешкім жеңбеген. Ішінен ірітіп, жүзжүзге бөліп, жаулап алған. Тарих солай. Асыл дініміздің атын жамылып, исламға еш қатысы жоқ біреулердің қоғамға іріткі салуы бәрімізді ойлантатыны анық. Саяси астар ұстанған әлгілердің әрекетінен зардап шеккендер аз ба?».

Мемлекет басшысы осы орайда сыртқы күштердің ықпалынан қорғану үшін, қоғамда орын алған жат діни ілімдерге қарсы тосқауыл қою білу үшін сауатты имамдардың рөлі зор екенін атап көрсетті. Дәстүрлі дінімізге жат, қазақы танымымызға таңсық та түрпідей тиетін жат ағым өкілдерінің жүріс-тұрысы, іс-әрекеттері мен сыртқы кейіптері ел-жұртты үрейлендіретіні жасырын емес. Бұл ретте біз дінімізбен қатар ұлттық салт-дәстүрлерімізді де ескеріп, екеуін бекем ұстануымыз керек. Республикалық имамдар форумының алғашқы жиыны мен биылғы шарасында қабылданған құжаттарда діни жат ағым идеологиясына қарсы күресте қажетті міндеттер айқындалып, тосқауыл қоюдың тиімді әдіс-тәсілдері тарқатылып көрсетілді. 2015 жылы өткен форумда «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы», «Мұсылманның тұлғалық бейнесі», «Имамның тұлғалық келбеті», «ҚМДБ қызметкерінің этикасы» құжаттары қабылданса, биылғы Республикалық форумда «ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы» тұжырымдамасы мен «Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебі – Қазақстандағы Исламның дәстүрлі жолы» ұстанымы бекітілді.

Бірлік қазақ халқының ықылым заманнан ұстанған басты қағидатының бірі. Қоғамның тыныштығын сақтап, тұтастығын қалыптастыру бүгінгі мұсылманның басты міндеті болса керек. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының алғашқы форумында қарапайым мұсылман баласының білуі тиісті міндеттері мен бойында болуы қажетті қасиеттері, мұсылманның және дін қызметкерінің тұлғалық келбеті мен этикасы айқындалған. Ал биылғы Форумда қазіргі қоғамдағы имамдардың зияткерлік қабілетті болуына басымдық берілді. Осы мақсатта қабылданған «ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы» тұжырымдамасы дін қызметкерінің жан-жақты білімді, қабілетті болуын талап етеді. Бұл Елбасымыздың ҚМДБ өкілдерін қабылдау кезіндегі имамдардың зайырлы білімді білуі тиіс деген талабына сәйкес келеді. Жаһандану заманында жастарды білімге тартып, дұрыс діни бағытқа жол көрсетуде имамдардың беделін көтеру қажеттігін атап кетті. Діни іліммен бірге зайырлы білімді жетік меңгерген имам халықпен байланыс орнататын үлкен тұлғаға айналуы тиіс. Елбасы осы міндетті шарт етіп қойды.

ҚМДБ төрағасы, бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы XXI ғасырдың имамы діни саламен қоса,  сыртқы, ішкі саясатты білетін, халықпен етене байланыс жасай алатын үлкен тұлғаға айналуы керектігін, форум жұмысында қабылданған құжаттардың осы межені көздейтінін айтты.

Расында, бұл аталған міндеттер бүгінгі имам-молдалар үшін аса маңызды. Ал екінші құжат қазақ халқының тарихымен тамырлас дәстүрлі дінімізді дәріптеу мақсатында қабылданды. «Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебі – Қазақстандағы Исламның дәстүрлі жолы» ұстанымы ата-бабамыздан мирас болған асыл дініміздің бүгінгі қоғамдағы маңызын айқындау үшін үлкен рөлге ие. Салт-санамызға сіңісті болған, тарихтан өз тұғырын анықтап, нық бекіген дініміздің Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебін болашақ келер ұрпаққа осы саф күйінде жеткізу де біздің, бүгінгі имамдардың басты міндеті болмақ.

Аталмыш құжаттар ұлтымыздың рухани биігін сақтап қалу үшін, ел руханиятын нығайту түсу үшін өте өзекті әрі қажетті болып отыр. Ұлттық болмысымыздың бояуы қанық, мақсаты анық болуы үшін, Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, қазақтың діні-тілі толық, руханияты бүтін болмағы қажет. Онсыз ұлтымыздың болмысы белгісіз екені белгілі. Рухани жаңғыру ісі де ұлттық құндылықтарымызды түлетіп, жандандырып, жеткізу арқылы жүзеге аспақ. Республикалық имамдар форумы бүгінгі қоғамның тұтастығын қалыптастырып, елдің бірлігін сақтау ісіндегі білім-ғылымның бәсекеге түскен кезеңінде үздік зияткер имамның тұлғасын анықтауда, дәстүрлі діни жолымыз Әбу Ханифа мәзһабының мәртебесі мен Матуриди ақидасының дәрежесін айқындауда тарихи шара ретінде қалды. Алла Тағала еліміздің баянды болашағы, кемел келешегі үшін көздеген арман-мұрат, мақсат-мүдделеріміздің игілікпен іске асырылуын нәсіп еткей. Әмин.

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары

діни басқармасының наиб мүфтиі

Дереккөз: Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *