Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Қазіргі қоғамда біз көршімізбен қандаймыз?

Астана. 19 қыркүйек. Асыл дініміз исламда көрші ақысына үлкен маңыз беріледі. Бұл жайында қасиетті аят, хадистерде көп өсиет айтылған. Құран Кәрімнің «ән-Ниса» сүресінің 36-аятында: 

– «Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған ешқандай да серік қоспаңдар. Ата-аналарың мен жақындарыңа, жетімдер мен міскіндерге, туысқан көршілерге, туыс емес көршілерге, жанашыр достарыңа, жолаушыға және өздеріңе бағынышты құлдар мен күңдеріңе жақсылық жасаңдар», – делінген.

Көршің аш отырғанда, тойып ас ішіп, оған қараспауың күнә болып саналады. Әнәс ибн Мәлік (Алла оған разы болсын) жеткізген риуаятта Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

– «Жанындағы көршісі аш бола тұра, өзі тоқ адамды маған иман келтірді деп есептеуге болмайды» (Әл-Барраз) – деген. Сондықтан қиыншылық, жоқшылық уақыттарда көршіге қарайласу имандылықтың белгісі. Халқымыздың басынан неше түрлі зобалаң өтті. Алтын басы қор болып, аша тұяғы қалмады. Сонда үйелмелі-сүйелмелі өз балаларының ауызына тосқан бір тостаған ағарғанда көршісінің баласынан да аяған жоқ. Бір-біріне қарайласып, жан бақты. Бір күлше нанын бөліп жеп, бір сиырдың сүтіне тоғайды. Қазақтың іргесі сетінемей, бүгінге жалғанғаны да мүмкін дәл осы көрші ақысының арқасы болар.

Салтымызда көршіге жиі бас сұғып, хал-жағдайын білу, қиыншылығы болса көмегіңді аямау міндет саналады. Кей кезде көрші ақысын елеусіз қалдырып жататын жайттар болады. Тіпті қалалық жерде тұратын бауырларымыз өздерінің есіктес көршілерін білмейді, араласпайды. Бір шайнек шай мен жылы қабақты да қимайды. Көпқабатты үйлердің тұрғындары үйлерінен жұмыс бабымен таңертең шыққаннан кешке бір келіп, адаммен араласуға уақыт таппайды әлде құлқы жоқ шығар… Қалай болғанда да қабырғалас көршіңнен жақын да жанашыр жан болмайтынын есімізден шығармаған абзал. Сондықтан, бабадан қалған дініміз бен дәстүр, салттарымызды сақтасақ мұсылмандық, жалпы адами парызымызды орындағанымыз болып есептеледі. «Басыңыз ауырып, балтырыңыз сыздағанда» ғана емес, жылы шырай мен адами мейірім үшін бүгіннен бастап көршілерімізге тиесілі ақысын берейік!

Ислам дініндегі ғұламалар көрші ақысын немесе көршіге жасалатын жақсылықты төмендегідей жіктейді:

  •  Сәлем беру және сәлем қайтару
  • Көрші қонаққа шақырса бару
  • Көршіге зиян тигізбеу
  • Кейбір көршілерден келген қиындықты көтере білу
  • Көршінің айыбын жауып, арын сақтау
  • Қуаныш кезінде құттықтау
  • Қаза жағдайда көңіл айту
  • Жеміс-жидек, қандай да бір тағам түрін сатып алғанда сатып алған кезде бір бөлігін көршіге сыйлау
  • Көршіге кешірімді, жұмсақ болу
  • Көршіні орынсыз айыптамау
  • Көршіге ыңғайлы уақытта қал-жағдайын сұрап бару
  • Мұқтаж көршіге көмектесу
  • Маңызды істерде көршімен ақылдасу

Асыл дініміз көрші ақысына құндылық ретінде қарайды. Халқымызда «туыс – атадан, көрші – Алладан», «құдайы көршім» дейтін сөздер мәдениетімізде, салт-дәстүрімізде көрші ақысының қаншалықты маңызды орын алатынын аңғартса керек.

Көршіге қайырымды, қонақжай, жәрдемшіл, кешірімді болу осы өмірде де, ақыретте де пайдалы болары сөзсіз.

Алла Тағала баршамызға көршінің ақысын беріп, тату-тәтті өмір сүруді нәсіп етсін!

Оңғаров Ершат Ағыбайұлы

ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің хатшысы,

теолог, Ph.D докторы


Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып отырған «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының мемлекеттік гранттының шеңберінде ақпараттық қолдау көрсетіледі-  «Дін саласында ақпараттық жұмыстар жүргізу» проектісін іске асыру»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *