Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Иман мен амал егіз бе?!

Астана. 12 қазан. Әрбір мұсылман үшін Аллаға деген иман және оның шынайы болуы ең басты мәселе. Өйткені осы иманымыз арқылы біз екі дүние бақытына қол жеткіземіз. Сондықтан ең әуелі «иман» сөзінің мағынасын талдап алсақ. Иман – «сену, растау» деген ұғымды білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағала тарапынан жеткізген үкімдер мен тыйымдарды жүрекпен растап, қабыл ету деген сөз. Құранда Алла Тағала былай дейді:

امَنَ الرَّسُولُ بِمَا اُنْزِلَ اِلَيْهِ مِنْ رَبِّه وَالْمُؤْمِنُونَ

«Пайғамбар өзіне Раббы тарапынан түсірілгенге иман келтірді. Мүміндер де оған иман келтірді» («Бақара» сүресі, 285-аят).

Иманның негізгі орны – жүрек. Қандай адам болмасын Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әкелген нәрселеріне жүрекпен сенсе, оның дұрыстығына иланса, онысын бір себептерге орай тілімен айта алмаса да Алла құзырында мүмін болып саналады. Ал, тілімен ғана иман келтіргендігін айтып, жүрегімен растамаса, Алла құзырында шынайы иман келтірген болып табылмайды. Бұл жайында Құран былай дейді:

وَمِنَ النَّاسِ مَنْ يَقُولُ امَنَّا بِاللّهِ وَبِالْيَوْمِ الْاخِرِ وَمَاهُمْ بِمُؤْمِنينَ

«Адамдардың кейбіреулері (екі жүзді мұнафықтар): «Аллаға, ақырет күніне сендік» дейді. Бірақ олар сенбейді» («Бақара» сүресі, 8-аят).

قَالَتِ الْاَعْرَابُ امَنَّا قُلْ لَمْ تُؤْمِنُوا وَلكِنْ قُولُوا اَسْلَمْنَا وَلَمَّا يَدْخُلِ الْايمَانُ فى قُلُوبِكُمْ

«Бәдәуилер: «Иман келтірдік» деді. (Мұхаммед) оларға айт: «Сендер иман келтірмедіңдер. Алайда: «Мұсылман болдық» деңдер. Өйткені, иман жүректеріңе кірмеді. Егер Аллаға, Пайғамбарға бағынсаңдар, амалдарыңнан еш нәрсе кемітпейді. Шүбәсіз Алла, аса жарылқаушы, тым мейірімді» («Хұжұрат» сүресі, 14-аят).

Мәшһүр тәпсірші, үлкен ғұламалардың бірі Мүжәһид (һ.21-103) бұл аяттың Мәдина қаласына жақын жердегі Бәни Әсад ибн Хузайма тайпасы жайында түсірілгендігін айтқан. Аталған тайпа жоқшылықтан ғана мұсылман болғандарын айтады. Оған себеп, аштық болған жылы олар Мәдина қаласына келіп, тілдерімен кәлима айтады. Сосын Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Біз пәленшенің ұлдары, пәленшенің ұлдары секілді Сізге соғыс ашқанымыз жоқ», –  дейді. Бұл сөздерімен олар Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өздеріне садақа беріліп, көмек көрсетілсе дегендегісі еді. Олардың жүрекпен емес, аштықтан аман қалу үшін тілмен айта салғаны үшін жоғарыдағы аят түсірілген (Алуси, Рухул-Мәьани, Бәйрут, т. XXVI, 167 б., Мысыр, 1353 һ.).

Аталған аятта Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келген Бәни Әсад ибн Хузайма тайпасына: «Сендер иман келтірмедіңдер» деп айт!» деп бұйырып тұр. Өйткені, иман тілмен ғана болмайды, оған жүрекпен де иман келтіру керектігі көрсетілуде.

Иман келтіргендігін тілмен айту бұл дүниеде мұсылман болғандығын білдіру және өзіне (дүниеден өтсе жаназа намазын оқуына, мұсылмандар мазарына қойылуына) ислам үкімдерін орындау үшін керек. Әшғарилер де Матуриди де осы көзқараста (Шарх әл-Фиқһу әл-Әкбар, 69 б.). «Иман – жүрекпен растап, оны тілмен айту» дегендегі мақсат та осы. Әйтпесе, құдіретті Алла құзырында мұсылман болу үшін жүрекпен растауы да жетерлік. Алла жүректерде не бар екенін толық білуші.

ИМАННЫҢ ДҰРЫС БОЛУ ШАРТТАРЫ

Ендігі сөз кезегін иман келтіргеннен кейін оның шынайылығын арттыруда өзіндік шарттары бар екеніне де тоқталайық. Яғни, иман дұрыс әрі қабыл болуы үшін мынадай үш шарт табылуы тиіс.

1.Иман үмітсіздік халде болмауы керек

Өмір бойы иманға келмеген адам, өмірі таусылып жатқан кезде, яғни жан беру кезінде амалсыздан иман келтіруі дұрыс та емес, қабыл да емес. Құранда бұл жайлы былай делінеді:

وَلَيْسَتِ التَّوْبَةُ لِلَّذينَ يَعْمَلُونَ السَّيِّاتِ حَتّى اِذَا حَضَرَ اَحَدَهُمُ الْمَوْتُ قَالَ اِنّى تُبْتُ الْآنَ وَلَاالَّذينَ يَمُوتُونَ وَهُمْ كُفَّارٌ اُولئِكَ اَعْتَدْنَا لَهُمْ عَذَابًا اَليمًا

«Ал жамандықты өздеріне өлім келгенге дейін істеп: «Енді шынайы тәубе қылдым» деген және қарсы болған бойда өлгендердің тәубесі қабыл емес. Міне солар үшін күйзелтуші азап әзірледік» («Ниса» сүресі, 18-аят).

 2.Иман келтірген адам діннің нақты үкімдерінен бірін тәрк еткізетін сөз немесе іс жасамауы тиіс

Мәселен, діндегі үкімі нақты болған намаз, ораза, зекет, қажылық секілді парыз амалдардың бірін жоққа шығарса, онда иманын жойған болып есептеледі. Дін бүкіл амалдарына сенумен толық болмақ. Ал, солардың біреуіне сенбей, жоққа шығарса, басқа үкімдерді де жоққа шығарғанмен пара-пар. Дегенмен, діннің бүкіл амалдарына сеніп, олардың кейбірін орындамаса, діннен шыққан болып есептелмейді. Мынаны ажырата білуіміз керек. Діннің үкімдерін жоққа шығару бір басқа, оны орындамау өз алдына басқа нәрсе. Кейбір сенімге селкеу салып жүрген ағым өкілдері намаз оқымаған адамды діннен шығарып, кәпірге балап, айды аспаннан бірақ шығарып жүр. Осындай сөздерімен қаншама жастарды шатастырып, адастырып жатқан  жайы бар. Сонда адамның жүрегіндегі Аллаға деген сенімді қайтпек?! Сол үшін дін ұстанған осы екен деп бас-көзсіз дүбәралыққа салынбау керек.

3.Діндегі үкімдердің барлығын жақсы көру

Яғни, араларын бөліп жармай, бірін-бірінен артық не кем көрмей, барлығын да жақсы көріп орындау. «Намаз жақсы, ораза онша емес» деуге еш қақымыз жоқ. «Қажылыққа барған қатты ұнайды, зекет жаман, дүниең жұмсалады» деу де мүлдем дұрыс емес. Сондықтан, мұсылман діннің барлық үкімдерін теңдей жақсы көруі тиіс.

ИМАН АРТЫП-КЕМИ МЕ?

Әрине, иманның артуы немесе кемуі деген сөз жоқ. Бұл жағдайда иманның шынайылығы тұрғысынан мұсылмандар арасында айырмашылық жоқ. Адамдар арасындағы айырмашылық сену-сенбеумен болады. Бірақ, иманның қуатты немесе әлсіздік тұрғысынан, яғни сапа жағынан айырмашылық бар. Мәселен, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) иман қуаттылығы ешкіммен салыстыруға келмейді. Болмаса төрт халифа Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әлилердің (оған Алла разы болсын) иманымен біздің иман қуаттылығымыз тіпті тең емес. Бұл жағдай аят-хадистерде ишарат етіліп көрсетілген.

اِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ الَّذينَ اِذَا ذُكِرَ اللّهُ وَجِلَتْ قُلُوبُهُمْ وَاِذَا تُلِيَتْ عَلَيْهِمْ ايَاتُهُ زَادَتْهُمْ ايمَانًا وَعَلى رَبِّهِمْ يَتَوَكَّلُونَ

«Сөзсіз мүміндер; Алла еске алынса, жүректері қобалжиды да оларға Алланың аяттары оқылса, имандары қуаттанып, Раббыларына тәуекел етеді» («Әнфал» сүресі, 2-аят).

Иманның сапа жағынан күшейіп немесе әлсірейтіндігіне Ибраһим  пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) былай дегенін мысал етіп көрсетейік. Ибраһим пайғамбар Алланың хабибі, досы. Сонысына қарамастан былай дейді:

وَاِذْ قَالَ اِبْرهيمُ رَبِّ اَرِنى كَيْفَ تُحْيِ الْمَوْتى

«Сонау заманда Ибраһим (ғ.с.): «Раббым! Өлікті қайтып тірілтесің, маған көрсет» деді. 

قَالَ اَوَلَمْ تُؤْمِنْ

(Алла): «Маған сенбейсің бе?», деді

قَالَ بَلى وَلكِنْ لِيَطْمَئِنَّ قَلْبى

(Ибраһим ғ.с.): «Әрине сенемін, бірақ жүрегім орнықсын» деді. («Бақара» сүресі, 260-аят).

Аталған аят арқылы хазірет Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар көрмей-ақ иман келтірсе де, Алланың құдіретін көзбен көрген сәтте иманының онан да қуаттала түсетіндігін көрсетуде.

ИМАН МЕН АМАЛ АРАСЫНДАҒЫ ҚАТЫНАС

Иман және амал, бұл екеуі екі бөлек дүние. Әһли сунна ғалымдары иман мен амалды екі бөлек нәрсе деп қарастырып, бұл пікірлерін аят-хадистермен дәлелдеп көрсеткен. Сондай-ақ, Әһли суннадағы ақида (сенім) ғалымдары адам исламның әмір-тыйымдарының бірін қабыл етпесе немесе жоққа шығарса ғана кәпір болады. Ал, оны қабыл етіп, тек орындамаған болса, кәпір емес, жәй күнәһар пенде үкімінде болатындығын анық білдірген. Құранда былай делінеді:

اِنَّ الَّذينَ امَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ وَاَقَامُوا الصَّلوةَ وَاتَوُا الزَّكوةَ لَهُمْ اَجْرُهُمْ عِنْدَ رَبِّهِمْ وَلَا خَوْفٌ عَلَيْهِمْ وَلَا هُمْ يَحْزَنُونَ

«Негізінен иман келтіріп iзгi ic iстегендер, намазды толық орындап, зекет бергендер, олар үшін Раббыларының қасында сыйлық бар. Оларға қорқу жоқ әpi олар қайғырмайды» («Бақара» сүресі, 277-аят). Аятта иманнан кейін, ізгі іс жасағандар деген қоса келуде. Араб грамматикасында екі бөлек сөзді бір-біріне қосарлата айту ережесі бар. Алайда амал иманның ажырамас бөлігі болғанда, «иман келтіріп», деген сөзден кейін «ізгі іс істегендер» деген сөзді айтудың еш қажеті болмас еді.

وعن أبى هريرة قال:(رع) أن رسول اللّه  قال: إذا أحْسَنَ أحَدُكُمْ إسْلامَه فكلُّ حسنةٍ يعملُها تُكْتَبُ لهُ بعشرِ أمْثالِها إلى سبعمائة ضعْفٍ، وكلُّ سيئةٍ يعملها تُكتَبُ بمثلها حتى يَلقى اللّهَ تعالى

Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Алла Елшісі былай деген: «Сендерден біреуің жан-дүниесімен исламды қабылдап, онан кейін жасаған әрбір жақсы ісі үшін ең азы оннан жеті жүз есеге дейін сауабы жазылады. Жасаған әрбір күнәсі үшін де сол ғана жазылады. Бұл жағдай Аллаға қауышқанша жалғаса береді» (Бұхари, Иман 31; Муслим, Иман 205, (129)).

Пайғамбар хадисінен не түсіндік?! Бажайлап қарасақ, исламды қабылдап, иман келтіргеннен кейін жасаған амалдарымыз жақсы не жаман болсын оның қайтарымы бар екенін көрсетуде. Жақсылық жасаса, сауап алады. Жамандығы үшін де, күнә жазылмақ. Демек, иман келтіріп алайда ислам үкімдерін орындамағаны үшін бір мұсылман бауырды кәпір деп үкім шығаруға хақымыз жоқ.

Иман мен амал бөлек-бөлек болғанымен өзара тығыз байланыста. Яғни, иман пендені жәннатқа кіруге себепкер етсе, жасаған (намаз, ораза секілді)   амалдары жәһаннамнан құтылуға бірден-бір жол. Бұл жайында Құран аяттарында былай делінеді:

مَنْ عَمِلَ سَيِّئَةً فَلَا يُجْزى اِلَّا مِثْلَهَا وَمَنْ عَمِلَ صَالِحًا مِنْ ذَكَرٍ اَوْ اُنْثى وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَاُولئِكَ يَدْخُلُونَ الْجَنَّةَ يُرْزَقُونَ فيهَا بِغَيْرِ حِسَابٍ

«Әлде кім бір жамандық істесе, сонда ол, соның өзіндей ғана жаза көреді. Ал және ер, әйел кімде-кім сенген түрде ізгі іс істесе, міне солар: жаннатқа кіреді. Сондай-ақ олар онда есепсіз ризыққа бөленеді» («Мүмін» сүресі, 40-аят).

اِنَّ الَّذينَ امَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ اِنَّا لَا نُضيعُ اَجْرَ مَنْ اَحْسَنَ  عَمَلًا

«Иман келтіріп, дұрыс іс істегендердің және жақсы амал істеген кісінің еңбегін жоймаймыз» («Кәһф» сүресі, 30-аят).

اَلَّذى خَلَقَ الْمَوْتَ وَالْحَيوةَ لِيَبْلُوَكُمْ اَيُّكُمْ اَحْسَنُ عَمَلًا وَهُوَ الْعَزيزُ الْغَفُورُ

«Ол сондай Алла, ізгі іс жүзінде қайсыларың жақсы, сынау үшін өліммен тіршілікті жаратқан. Ол, тым үстем, аса жарылқаушы» («Мүлк» сүресі, 2-аят).

Иман мен амалдың өзара тығыз қатынаста болатындығын төмендегі хадистерден көруге болады.

وعن كعب بن عجرة (رع) قال: قالَ لِى رسولُ اللّهِ:. يَا كَعْبُ بنَ عُجْرَةَ: الصّلاَةُ بُرْهَانٌ، وَالصَّوْمُ جُنَّةٌ حَصِينَةٌ، وَالصَّدَقَةُ تُطْفِئُ الخَطِيئَةَ كَمَا يُطْفِئُ المَاءُ النَّارَ…

Сахабалардың бірі Каьб ибн Үжра айтады: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) маған былай деді: «Ей, Каьб ибн Үжра! Намаз – дәлел, ораза – сенімді қалқан. Ал, садақа – судың отты өшіргені секілді қателіктерді өшіреді…» (Тирмизи, Салат 433, (614); Нәсай, Биьат 35, 36, (7.160).

وعن أبى مالِكِ الاشْعرى (رع) قال: قَالَ رَسُولُ اللّهِ: الْوُضُوء شَطْرُ الايمان، وَالْحَمْدُ للّهِ تَمْلا‘ُ الْمِيزَانَ، وَسُبْحَانَ اللّهِ وَالْحَمْدُ للّهِ تَملا‘نِ مَا بَيْنَ السَّمَاءِ وَالارْضِ، والصَّلاَةُ نُورٌ، والصَّدَقَةُ بُرْهَانٌ، وَالصَّبْرُ ضِيَاءٌ، وَالْقُرآنُ حُجَّةٌ لَكَ أوْ عَلَيْكَ، كُلُّ النَّاسِ يَغْدُو، فَبَايِعٌ نَفْسَهُ فَمُعْتِقُهَا أوْ مُوبِقُهَا.

Әбу Мәлик әл-Әшьари (р.а.) айтады: Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  былай бұйырды: «Дәрет – иманның жартысы, «әлхамдулилләһ (барлық мақтау Аллаға тән)» (деген сөз) таразыны толтырады, «субханаллаһ, уәл-хамдулилләһ (Алла пәк және барлық мақтау Аллаға тән)» (деген сөз) аспандар мен жердің арасындағы (кеңістікті) толтырады. Намаз – нұр, садақа – дәлел, сабыр – жарық сәуле, Құран – сенің пайдаңа не саған қарсы дәлел. Барлық адам таңертең (өз шаруаларына) аттанады және өз жанын сатып, оны құтқарады не опат етеді» (Муслим, Таһарат 1, (223)).

عن أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِىَ اللّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ للّهِ صَلَّي اللّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِنَّ اللّهَ لاَ يَنْظُرُ إِلَى صُوَرِكُمْ وَأَجْسَادِكُمْ، وَلَكِنْ يَنْظُرُ إِلَى قُلُوبِكُمْ وَأَعْمَالِكُمْ. التَّقْوَى هَهُنَا، التَّقْوَى هَهُنَا، التّقْوَى هَهُنَا، وَيُشِيرُ إِلَى صَدْرِهِ.

Әбу Һурайра (р.а.) айтады: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла сендердің сыртқы бейнелерің мен денелеріңе қарамайды. Бәлкім сендердің жүректерің мен амалдарыңа қарайды. «Тақуалық мына жерде, мына жерде, мына жерде» деп қолымен көкірегін ишарат етіп көрсетті» (Муслим, Бирр 28-34).

Алла иман келтіріп, салих амал жасаған құлдарына разы болады. Әрине, Алланың разылығын иеленген құл болуымыз үшін тек иман келтіру жеткіліксіз. Иманмен бірге ықыласпен құлышылық жасап, көркем мінез-құлық иесі де болуымыз маңызды. Өкінішке орай, мәзһабты мойындамайтын, намаз оқымағанды кәпірге шығара салатын кей бауырлардың бойынан исламға тән көркем мінез көрініс таппай жатады. Абай атамыз да: «Имансыздың сыртын қанша жусаң да, іші оңбайды», – деп күйінеді. Айтпақшы, құлшылық – иманның сыртқы көрінісі және күнәдан құтылуға, тозақ азабынан азат болуға себепкер амал. Ал Қожа Ахмет Яссауи бабамыз: «Құдайдан қорыққан ынсапшыл келеді», – деген екен. «Аср» сүресінде иманмен бірге салих амал адамды зияннан құтқаратын сеп екенін еске салады:

وَالْعَصْرِ () اِنَّ الْاِنْسَانَ لَفى خُسْرٍ () اِلَّا الَّذينَ امَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ وَتَوَاصَوْا بِالْحَقِّ وَتَوَاصَوْا بِالصَّبْرِ ()

«Заманға серт. Негізінен адам баласы зиянда. Бірақ сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер, бір-біріне шындықты үгіттесіп, сабырды үгіттескендер; олар зиянға ұшырамайды» («Аср» сүресі). Аяттан түсінгеніміз, жәй ғана «сендім, иман келтірдім» деу жеткіліксіз. Жүректегі иман сәулесінің сөнбеуі үшін ғибадат-құлшылық та керек. Құлшылығы жоқ адамның иманы бірте-бірте әлсіреп, бір күндері мүлдем өшуіне әкеліп соғады. Бұл дегеніңіз адам баласының дүние және ақыреті үшін үлкен тоқырау. Бұқар жырау бабамыз: «Дін мұсылман болмаса, тіл мұсылман не пайда?» деген екен. Шал ақын былай суреттейді:

«Иман – қой, ақыл – қойшы, нәпсі – бөрі,

Бөріге қой алдырмас ердің ері.

Таяқты қатты ұстап қойшы тұрса,

Ала алмас ешбір нәрсе: шайтан, пері».

Иә, «иманым менің – жиғаным» деп жырлап кеткен кешегі бабалырымыз да сенімдеріне селкеу түсірмей, ізгі, салихалы амалдарымен Құдай Тағаланың разылығын бірінші орынға қоя білген жандар еді. Дінді талас-тартыстың құралы деп емес, ізгіліктің айнасы деп білді. Өйткені, дініміздің де мақсаты – адам баласын иман аясында таластырып қою емес, керісінше жүрегіндегі иман байлығын көркем амалдармен көмкертіп, бір Алланың сыйына қол жеткіздіру ғана. Олай болса, иманымыз кәміл, амалымыз ізгі, дүние және ақыретіміз бақытқа толы болсын деп тілейік, жамағат!!

ҚМДБ-ның Атырау облысындағы

өкіл имамы Б.Мансұров


Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып отырған «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының мемлекеттік гранттының шеңберінде ақпараттық қолдау көрсетіледі-  «Дін саласында ақпараттық жұмыстар жүргізу» проектісін іске асыру»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *