Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Лаңкестік – Ислам дініне жат әрекет

Астана. 12 қазан. Барша ғаламды жоқтан бар қылушы, бізге ризық-несібемізді беруші, нығметтерінің ең ұлысы Ислам, иман нығметтерін нәсіп қылушы және бізді мұсылмандардан етіп жаратқан Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын. Жаратушы Иеміздің соңғы елшісі, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммадқа (с.ғ.с.), оның отбасына, сахабаларына және соларға қияметке дейін ізгілікте ерген әрбір момын мұсылманға Алла Тағаланың салауаты мен сәлемдері болғай.

Негізі «Терроризм» Ислам діні мен еш байланысы жоқ екені айдан анық! Олай дейтініміз мұндай іс-әрекетке дінімізде өте қатаң түрде тыйым салынған. Сол тыйымдарға қатысты Алла Тағала өзінің Құран аяттарында былай деп баян етеді:

الَّذِي خَلَقَ الْمَوْتَ وَالْحَيَاةَ لِيَبْلُوَكُمْ أَيُّكُمْ أَحْسَنُ عَمَلًا ۚ وَهُوَ الْعَزِيزُ الْغَفُورُ

«Ол өлім және өмірді сендердің қайсыларың амал етуде жақсырақ екенін сынау үшін жаратқан. Әрі Ол – әл-Азиз /аса Үстем/, әл-Ғафур /өте кешірімді/». (Мүлк сүресі, 2-аят). Аса ұлы Алла пенделерін жаратып, оларды осы дүниеге әкелді және оларға бұл өмірден басқа өмірге көшетіндерін хабарлады. Оларға бұйрықтар мен тыйымдар бекітті. Оларды Өз бұйрығын орындауға кедергі жасайтын көңіл құмарлықтарымен сынады. Сонда кім Алла Тағаланың бұйрығына бойұсынып, амал істеуде жақсы болса, Алла оның марапатын екі дүниеде еселеп береді. Ал кім құмарлықтарына еріп, оны қанағаттандыру үшін жолдан тайса, Алла Тағаланың бұйырғанын орындамаса, оған ең жаман қарымта бұйырады.

Алла Тағала өзінің Құран Кәрімінде былай деді:

إِنَّمَا جَزَاءُ الَّذِينَ يُحَارِبُونَ اللَّهَ وَرَسُولَهُ وَيَسْعَوْنَ فِي الْأَرْضِ فَسَادًا أَن يُقَتَّلُوا أَوْ يُصَلَّبُوا أَوْ تُقَطَّعَ أَيْدِيهِمْ وَأَرْجُلُهُم مِّنْ خِلَافٍ أَوْ يُنفَوْا مِنَ الْأَرْضِ ۚ ذَٰلِكَ لَهُمْ خِزْيٌ فِي الدُّنْيَا ۖ وَلَهُمْ فِي الْآخِرَةِ عَذَابٌ عَظِيمٌ

«Ақиқатында, Аллаға және Оның Елшісіне қарсы соғысатындардың әрі жер бетінде бұзғындық жасауға ұмтылатындардың жазасы – олардың өлтірілуі не керіп тасталуы, не қол-аяқтарының қиғашталып /оң қол мен сол аяқ, сол қол мен оң аяқ/ кесілуі немесе жер айдалуы. Бұл олар үшін осы өмірдегі қорлық. Ал соңғы мәңгілік өмірде /ақиретте/ оларға өте үлкен азап бар» (әл-Мәида сүресі, 33-аят). Ибн Касир (Алла оны рахымына бөлесін): «Алла Тағала жер бетінде бұзақылық жасауға және жер беті түзетілгеннен кейін оған зиян тигізетін нәрселерді жасауға тыйым салды. Себебі, әуелде дұрыс болған нәрсені бұзуда – жер бетіндегі пенделерге үлкен зиян алып келетіндіктен Алла Тағала бұған тыйым салды», — деді.

Сондай-ақ Алла Тағала Ағраф сүресінің 56-аятында:

وَلَا تُفْسِدُوا فِي الْأَرْضِ بَعْدَ إِصْلَاحِهَا وَادْعُوهُ خَوْفًا وَطَمَعًا ۚ إِنَّ رَحْمَتَ اللَّهِ قَرِيبٌ مِّنَ الْمُحْسِنِينَ

«Жер бетін түзеп, жөнге келтіргеннен кейін, онда бүлік шығарып, бұзғыншылық жасамаңдар. Одан қорқып әрі мейірімінен үміт ете отырып дұға етіңдер. Шүбәсіз, Алланың рақымы (игілікті істер атқаруға келгенде ішкен асын жерге қоятын) ізгі жандарға өте жақын», — деп бұйырды. Әл-Қуртуби бұл аятқа қатысты: «Алла Тағала жерге Елшілер жіберіп, кітаптарды түсіріп, шариғат орнатып, түзеткеннен кейін кез келген бұзақылық жасауға тыйым салды, және бұл (үкім) барлық адамға қатысты», — деген.

Осы баяндалған нәрселерге негізделе отырып, жоғарыда аталған құбылыстар, материалдық немесе өзге де мүдделер үшін жасалынып жатқан іс-әрекеттер қоғам үшін үлкен қауып қатер тудыратындығы белгілі. Өйткені, лаңкестік іс-әрекеттермен айналысып жүрген адамдар, қоғамдық қауіпсіздікті бұзуға, мұсылман үмметінің тұтастығын жоюға және Жаратушы Иеміздің көрсеткен жолынан тайдыру үшін, барынша әрекет жасауда.

Кімде-кім, қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндірген жағдайда: үйлерді, мешіттерді, мектептерді, ауруханаларды, көпірлерді, қару қоймаларын, сумен қамтамасыз ету көздерін және мұнай құбырларын немесе ұшақтарды жару яки басып алу және соған ұқсас іс-әрекеттер арқылы өзге адамдардың өміріне және жеке немесе қоғамдық мүлікке қарсы қастандық жасау жолымен лаңкестік іс-әрекетпен айналысып жүргендігі, немесе жер бетінде бұзақылық таратып жатқандығы айқындалған жағдайда, онда мұндай іске кінәлі адамдар қатаң түрде айыпталып, жазалануға әбден лайықты.

Демек, басқа жазықсыз адамдардың өміріне зиян келтіру Исламға жат әрекеттер. Себебі Алла Тағала Мәйда сүресінің 32-аятында былай деген:

مَن قَتَلَ نَفْسًا بِغَيْرِ نَفْسٍ أَوْ فَسَادٍ فِي الْأَرْضِ فَكَأَنَّمَا قَتَلَ النَّاسَ جَمِيعًا وَمَنْ أَحْيَاهَا فَكَأَنَّمَا أَحْيَا النَّاسَ جَمِيعًا ۚ وَلَقَدْ جَاءَتْهُمْ رُسُلُنَا بِالْبَيِّنَاتِ ثُمَّ إِنَّ كَثِيرًا مِّنْهُم بَعْدَ ذَٰلِكَ فِي الْأَرْضِ لَمُسْرِفُونَ

«Кімде-кім, кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бүлік шығарып, бұзақылық жасамаған бейкүнә жанды нақақтан-нақақ өлтірсе, бүкіл адамзатты өлтіргендей болады. Сондай-ақ кім біреуді өлімнен құтқарып қалса, бүкіл адамзатты өлімнен құтқарғандай болады. Оларға елшілеріміз (осындай үкімдермен һәм өздерінің пайғамбар екендіктерін көрсететін) айқын дәлелдермен мұғжизалармен келген еді. Алайда содан кейін де олардың басым көпшілігі жер бетінде бүлік шығарып, бұзақылық жасауда шектен шығуда».

Абдулла ибн Амр (Алла олардың екеуіне де разы болсын), Алланың Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізген: «Мына төрт сипатқа ие болған адам шынайы екіжүзді болып табылады, ал олардың қандай да біреуімен ерекшеленетін адам одан құтылмайынша екіжүзділіктің бір сипатымен белгіленген болады. Оған өзін тапсырса – сатқындық жасайды, бірнәрсе туралы айтса – өтірік айтады, келісім-шарт жасасса — қиянат жасайды, біреумен жауласса – заңсыздықтар жасайды» (Имам Бухари).

Аллаға деген сенімі бар адам өмірдің қиыншылықтарын сынақ деп біледі. Сонымен қатар әрбір қиындықтан кейін жеңілдіктің келетініне сенеді, Құдайдан үмітін еш үзбейді де сабыр қылады.

Сөз соңында айтарым, құрметті мұсылман бауырлар! Қоғамдық қауіпсіздікке сызат түсіру ісі көбінесе үмітсіздіктен, мақсатсыздықтан, келешекке сенімсіздіктен және жан тынышсыздығынан туындайды. Ал, жүрегі иманға толы жан қашан да мұндай дерттен аулақ болады. Қай уақытта да қиналған кісінің жанын түсінуге тырысып, құлазыған көңілдерге демеу болған жөн. Әсіресе, қазіргі таңдағы әртүрлі ағымдардың өршіп тұрған кезінде жақындарымыздың адасушыллыққа тап болуына жол бермей, төңірегіміздегі кісілерге қасиетті Ислам дінінің асыл құндылықтарын үйретуді міндет санап, әр қараңғы түнектен кейін жарық нұрдың және әр қиыншылықтан кейін бір жеңілдіктің келетіндігіне нық сену қажет. Алла Тағала аспанымызды ашық, еліміздің тұғырын биік, тәуелсіздігін баянды қылғай!

Тәжімбет Бақытбек Нұрғабылұлы,
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша өкіл имамы


Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып отырған «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының мемлекеттік гранттының шеңберінде ақпараттық қолдау көрсетіледі-  «Дін саласында ақпараттық жұмыстар жүргізу» проектісін іске асыру»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *