Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Ыстық номерi

+77010222030

«Жиһад» ұғымының мәні мен мазмұны

АСТАНА,  23 желтоқсан. Бүгінгі күнде ата дініміз – исламның атына кір келтіру саясаты өршіп тұрғанын ақылы бар азаматтар көріп отыр. Алла тағала Құранда «Олар Алланың нұрын өшіргілері келеді, бірақ Алла өзінің нұрын кәміл етпей қоймайды» — дейді. Осылайша Мұхаммед алайһи сәләмнің заманында басталған дінге қарсы қастандық, қияметке дейін толастар емес. Құрайыш мүшріктері исламның таралуына тосқауыл қоямыз деп, барша жалаларды жапты. Пайғамбарға «жынды, сиқыршы, ауру» деген лақаптарды тағып, жолын кесуге әрекеттенді. Бірақ, Алланың қалауы мүлде басқа болды. Құрайыш мүшріктері билеп отырған араб жазирасы екі онжылдың ішінде ғана толығымен хақ дін — Исламды қабылдап, бас иді.

Құрайыштардың бастаған жалалары мен қастандықтары біздің заманымызда да құрайыштардың мирасқорларының тарапынан басқаша үлгіде белең алуда. Батыс пен оның сойылын соққандар исламды және ислам әлемін соғыстан басқаны білмейтін қанішер, бейбіт халықтың берекесін қашырып жарылыстар ұйымдастыратын жауыз, сондай-ақ, әлсіз жаратылыс – әйел затының құқығын аяққа таптайтын, әлеуметтік теңдікті сақтамайтын залым етіп көрсетуге тырысып бағуда. Әрине бұл дұшпандықтың тарихи әрі табиғи заңдылық екенін мұсылмандар жақсы түсінуі керек. Баудың ішіне кірген адам, жемісі көп әрі дәмді ағашқа тас лақтыратыны белгілі. Ислам дінінің әлем тарихының ағысын басқа арнаға бұрып, түбегейлі өзгеріс енгізгендігіне тарих куә. Сол сияқты, адамзат баласының тарихында теңдесі жоқ барлық жағынан толыққанды қоғамды өмірге әкелді. Ол да болса алғашқы мұсылман қоғамы – сахабалар қоғамы еді.

Қазіргі таңда талас пен тартысқа душар болып жүрген ислами ұғымдардың бірі – жихад ұғымы. Батыстың ақпараттық құралдары бұл ұғымды қасиетті соғыс, жауыздық, қанішерлік немесе терроризмнің басты себебі деп түсіндіруге тырысып бағады. Ал өзіміздің арамыздан шыққан кейбір мұсылман бауырларымыз, жихадтың мағынасы кәпірлерге және дін дұшпандарына қарсы қару алып күресу дегенді ғана білдіреді деп ұғынып жүр. Осындай көзқарастың салдарынан қаншама қазақтың қаракөзі Ауғанстан немесе Шешен жеріне жихад жасаймыз деп сапар да шегіп үлгерді. Сол секілді осындай теріс түсініктерінің салдарынан ұл-қыз өсіріп, аруға арқау болатын атпалдай азаматтарымыздың темір тордың ар жағында отырғаны қаншама. Демек, жихад ұғымының шын мәнінде ислам дініндегі мәні мен мағынасы қалай? Батыс қаралағандай жауыздық пен қанішерлік пе? Әлде, кейбір мұсылмандар айтқандай кәпірлерге қарсы қару алып шығу ма? Немесе мүлде басқа мағынаны білдіреді ме? Міне осы сұрақтар қазіргі қоғамның саналы азаматтарының қайсыбірін болса да мазалайтыны анық. Сондықтан, әрбір азаматтың көкейінде бұл сұрақтардың нақты әрі тура жауабы болмаса, олардың шатаспауына кім кепіл.

Жихад сөзі арабтың «жухд» деген сөзінен шығып отыр. Бұл сөздің мағынасы күш, жігер, қуат және қиындық дегенді білдіреді. Жухд сөзінің етістігі – «жахада»‑ға келер болсақ, адам өз алдына қойған мақсатына жету үшін барлық күш‑жігерін жұмсау дегенді білдіреді. Демек, жихад – діннің және адам өмірінің барша аспектілерін қамтитын ұғым. Қысқаша айтқанда, адам баласының өз өмірінде бақытына жету үшін күресу. Бір ғана мағынаны емес, бұл өмірдегі күрестің жан‑жақты мағынасын береді. Сол мағыналарының бірі дінді, отанды, ұлтты және ұрпақты қорғау үшін қолға қару алып, атқа қонуды да білдіреді.

Ислам дінінің негізгі бұлақкөзі Құран мен Пайғамбар хадистеріне қарасақ, Алла тағала Құранда: «Кәпірлерге бойсұнба, оларға қарсы онымен үлкен жихад жаса», ‑ дейді1. Фурқан сүресінің меккелік сүре екенін барша ғұламалар айтады. Демек, жоғарыдағы аят – меккелік аят. Ал Пайғамбар алайһи сәләм Медина қаласына көшуден бұрын, Меккеде мүшріктерге қарсы ешқашан қару алып шыққан емес. Осындай тарихи дәйектерге сүйенген Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) секілді үлкен тәпсірші ғұламалар бұл аяттың түсіндірмесінде, Алла тағала «онымен» деп Құран кәрімді айтып тұр – дейді. Яғни, Пайғамбар алайһи сәләм Құран аяттары арқылы кәпірлерге, исламның дұшпандарына қарсы олардың қателіктерін мойындатып, әлемді жаратушы жалғыз Алла екеніне дәлел‑дәйектерді келтіре отырып, олардың көзін жеткізуге бұйырылған.

Тағы бір аятта: «Ей Пайғамбар, кәпірлерге және мунафиқтарға (екіжүзділер) қарсы жихад жаса» ‑ делінеді2. Мунафиқ деген сырты мұсылман, іші кәпір адамдар. Пайғамбардың заманында мұндай адамдардың саны бірнешеу еді. Бірақ, Пайғамбар алайһи сәләм бір мунафиқты өлтіріпті деген мәліметті тарихтан көрмейміз. Абдулла бин Убай бин Сәлул деген екіжүзді адамның күпірлігі анықталған кезде сахабалар пайғамбарға оны өлтірейік деген ұсыныс жасады. Бірақ пайғамбар алайһи сәләм: «Жоқ, олай етпеймін. Содан кейін адамдар, Мұхамед өзінің сахабасын өлітіріпті деген сөз таратады емес пе?» ‑ деп жауап берді. Алланың мунафиқтарға қатысты әмірі қарумен жихад емес еді. Мунафиқтарға қарсы күрес, олардың сырларын ашу, мақсаттарын әшкерелеу, қоғамды олардан сақтандыру арқылы болады. Сондай‑ақ, екіжүзділіктің қоғамға және мемлекетке қаншалықты зиян екенін халыққа жеткізу керек. Пайғамбар алайһи сәләм екіжүзділерге қатысты осы міндетті орындап кетті.

Анкабут сүресінің соңғы аятында Алла тағала: «біз үшін жихад жасағандарды жолдарымызға бастаймыз. Расында Алла тағала жақсылық жасаушылармен бірге болады» ‑ дейді. Тәпсір ғұламаларының барлығы дерлік бұл аяттың мағынанасы, Алланың разылығын тілеп нәпсілеріне, құмарлықтарына, өмірдің қиындықтарына, шайтанға және кәпірлерге қарсы күрескендерді Алла тағала тура жолға салады деп келтіреді. Бұл аяттағы жихад сөзінің мақсаты өмірдің барша жағдайларында болатын күрес болып отыр. Осы мағынада пайғамбар алайһи сәләм: «Жихадттың ең абзалы, Алла разылығы үшін нәпсіңе және құмарлығыңа қарсы күресуің» ‑ дейді3. Нәпсі құмарлығына қарсы күресу, оны құрықтау әрбір адамның қолынан келетін шаруа емес. Бүгінгі күнде зиялы қауымның өкілі әрі елдің ақсақалы бола тұра, нәпсінің құлы болып жүрген қанша ағаларымызды да көріп жүрміз. Иманмен, тағы бірде намыспен, енді бірде қызбалықпен қолға қару алып, майданға аттану әрбір еркек кіндіктің қолынан келеді‑ау. Ал, нәпсісі құмартып, құштарлығы шектен шығып тұрған сәтті игеруге әрбір азаматтың жандүниесінің қуаты жете бермейді. Міне сондықтан, Пайғамбар алайһи сәләм бұл күресті – ең абзал жихад дейді.

Тағы бір хадисте: «Жихадтың ең абзалы залым патшаның құзырында айтылған ақиқат сөз» ‑ делінеді4. Әрине, залым басшының алдында ақиқатты айту оңай шаруа емес. Оны айтудың да өз орны мен тәртібі бар. Сонымен қатар, патшаға оның қателігін айтамын деп, дөрекілік жасау даналықпен ұштаспайтын әрекет. Себебі ешбір патша Мұса пайғамбардың уақытындағы өзін Құдаймын деп жариялаған Перғауннан артық залым бола қоймайды. Сол сияқты ешкімнің Мұсадан артық тақуа болып, ақиқатты айту қолынан келмейді. Солай бола тұра Алла тағала Құранның Таһа сүресінде Мұса мен Харун пайғамбарға:«Перғаунға жұмсақ сөйлеңдер, мүмкін ол ақылға келіп, қорқатын шығар» ‑ деп әмір етеді. Егер де басшы өз қателігін мойындап түзелетін болса, ел түзеледі. Билік бұзылса, қоғам да, ел де бұзылады. Міне сондықтан, патшаның құзырында ақиқатты айту өте маңызды әрі ең абзал жихад болып отыр.

Ислам секілді ата‑ананың мәртебесін көтерген дінді немесе жүйені көре алмаймыз. Ата‑ана қаншалықты залым болып тұрса да, ислам баладан олардың қызметінде болуды талап етеді. Керек болса, мәңгілік бақыт – жәннатқа жетуді ата‑ананың разылығымен байланыстырып қояды. Бірде Пайғамбар алайһи сәләмға бір кісі келіп өзінің әскери жорыққа шығып, шайқасқа түскісі келіп тұрғанын білдіреді. Сол кезде Алла Елшісі: «сенің ата‑анаң бар ма?» ‑ деп сұрайды. Ол кісі: «Ия» деп жауап бергенде, Пайғамбар: «Ол екеуінің қызметінде болып, жихад жаса» ‑ деп әмір етеді5. Бұл хадиспен Алла Елшісі бізге тағы бір жихадтың түрін әрі деңгейін көрсетіп отыр. Бұл хадистегі тағы бір назар аударатын жайт, ер жігіт елінің дұшпанына қарсы күресуді қанша қалап тұрса да, ата‑анасының рұқсатынсыз баруына болмайды. Алла Елшісі алайһи сәләм уахи арқылы ол келіп тұрған жігіттің ата‑анасы наразы екенін білген болатын. Сондықтан, «сенің ата‑анаң бар ма?» деп сұрақ қойды.

Қазақ қоғамы ғасырлар бойы исламды бойына сіңіріп келе жатқан халық екенін ұмытпау керек. Қазақ халқының салт‑дәстүрі, әдет‑ғұрпы және ұлттық құндылықтарының көпшілігі исламның тәлімімен тікелей байланысып қалыптасқан. Сондықтан, біздің мұндай ерекшелігімізді жоққа шығарып, қазақтың ұлттық құндылықтарын түгелімен мансұқтауға шығаратын топтарға, «есің бар да еліңді тап» деп ескертуге тура келеді. Қазақ қоғамы тарихта ешқашан жетімі мен жесірін далада қалдырмаған. Жетімін қамқорлыққа алып, жесіріне әмеңгерлік жасаған. Себебі бұл да жихадтың бір түрі екенін дана қазақ білген. Пайғамбар алайһи сәләм бір хадисінде: «Жесір мен міскін адамның қызметінде болған адам, Алла жолында жихад жасаушымен тең болады» ‑ дейді. Әрине жетім‑жесірдің, кедей‑кепшіктің қызметінде болу – оларға көмектесу, қарайласу, мұқтаждығын шешу дегенді білдіреді. Осындай қайырлы істі Пайғамбар алайһи сәләм жихадпен тең деп отыр. Қазіргі біздің қоғамда қаншама жетімдер үйлері, жетім балалар, жесір жалғыз басты аналар, кедейлер мен мұқтаждар бар. Қазақ қоғамының азаматтары қаншалықты соларға көмектесіп, мұқтаждықтарын шешіп жүр? Біз бүгінде әскери саланы қоя тұрғанда, әлеуметтік саладағы жихадымызды орындай алмай жүрген сияқтымыз.

Қажылық ғибадатын мұсылман қазақ байырғы заманнан орындап келеді. Мұның үлкен айғағы ретінде Құнанбай қажының Меккеге сапар шегіп, айлап жол жүргенін, сондай‑ақ, қасиетті Мекке қаласында қазақ қажыларына арнап қонақ үй салдырғанын айтуға болады. Бұл құлшылық материалдық, қауіпсіздік және физикалық тұрғыдан шамасы келген мұсылманға ғана жүктелетін парыз іс. Осындай ұлы сапар турасында Пайғамбар алайһи сәләм: «Қажылық – жихад, ғұмра (кіші қажылық) – нәпіл (қосымша құлшылық)» ‑ дейді7. Тағы бірде әйелдерге қарап:«Сендердің жихадтарың – қажылық» ‑ дейді. Бұл хадистер бізге жихад ұғымының тағы бір қырын ашады. Қажылық құлшылығы адамның тек тәнімен немесе малымен ғана орындалатын міндет емес. Қажылық сапары арқылы мұсылманның тәні, малы, уақыты, жігері, мінез‑құлқы және тақат‑сабыры сынға түседі.

Әрине жихад мәселесі ислам фиқһында кеңінен қаралып, шарттары мен ережелері қатаң түрде бекітілген. Қандай жағдайларда кәпір елге соғыс жариялауға рұқсат болатынын анық көрсетіп кеткен. Әрине мұндай шешім басшының тарапынан қабылданатыны баса айтылады. Сол сияқты, өзара бейбіт өмір сүруге келісім‑шартқа отырған мұсылман емес елге қарсы соғыс ашу шариғат бойынша тыйым салынған іс әрі қиянат әрекет болып саналады. Сонымен қатар ислам ғұламалары жихадты үкім жағынан «парыз кифая және парыз айн» деп екі деңгейге бөледі.

Алла тағала Құранда: «Оларға (қарсы) шамаларың жеткен күш‑қуатты және (Алла жолында) байланатын аттарды дайындаңдар. Осылай етумен Алланың дұшпанын және өздеріңнің дұшпандарыңды, сондай‑ақ, олардан басқаларды да қорқытасыңдар. Сендер оларды білмейсіңдер, бірақ Алла оларды біледі…» ‑ дейді9. Демек, дұшпанның қай мезетте болса да жасайтын шабуылына қарсы мемлекеттің әскери дайындығы, заманға сай техникалары мен қару‑жарағы сақадай сай болуы керек.

Міне осындай дайындықты және осы дайындыққа қатысу Ислам ғұламаларының «кифая парыз» деп бекіткен жихадтың қатарынан болып саналады. Яғни елдің біраз азаматтары орындаса, басқалардың мойнынан түсетін парыз іс. Ал егер ешкім де орындамаса барлық мұсылмандар күнахар болады. Себебі Алла тағала Құранда: «Мүміндердің барлығы бірдей жауға қарсы аттанулары міндетті емес…» ‑ дейді10. Қазіргі таңда жихадтың бұл түрі біздің елімізде ер азаматтардың белгілі мерзімге әскерге барып, отанды қорғау үшін қызмет жасап қайтуы арқылы орындалып жатыр деп айтуға болады.

Қарумен жихад мәселесі тек кифая парыз ғана емес, ислам ғұламалары үш жағдайда «парыз айн» болады дейді. Яғни әрбір мұсылманның мұндай жағдайда қолына қару алып, атқа қонуына тура келеді.

1. Мұсылман мемлекеттің басшысы елдің және мемлекеттің мүддесін көздеп, кәпір‑дұшпан елге қарсы соғыс жариялайтын болса;

2. Отанға, елге жау шауып, басып кіретін болса яғни жау жағадан алған кезде;

3. Елдің кейбір азаматтары дұшпанның қолына тұтқынға түсер болса, оларды азат ету жолында қолға қару алу міндет болады11.

Ислам діні қайырлы әрі күна емес істерде басшыға бағынуды қатаң тапсыратын дін. Пайғамбар алайһи сәләм өзінің бір хадисінде: «Сендерге Аллаға тақуалық етуді және басшыларың хабашилік (қара нәсілді) құл болса да оны тыңдап, бойсұнуды әмір етемін….» ‑ дейді12. Егер елдің патшасы діннің, отанның немесе мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында дұшпан әрі кәпір елге қарсы атқа қонуды бұйырса, орындау міндет болады. Әрине қоғам мүшелерінің әрқайсы өзінше шешім қабылдап, қолға қару алып атойлап кете беруі үлкен бассыздық және қылмыс. Мұндай әскери шешімді мемлекеттің істерімен айналысып отырған билік басындағылар қабылдайды. Ислам – тәртіп пен жүйенің діні. Ешқашан қоғамда бассыздық пен тәртіпсіздікке жол бермейді.

Сол сияқты отан деген өте қасиетті ұғым. Отанды қорғау, бұл аманатқа қиянат етпей, жауға бермей келесі ұрпаққа аман‑есен тапсыру қазіргі буынның әрқайсына Хақ Ислам жүктеген парыз. Сондықтан, қазақ жеріндегі әрбір азамат бұл аманаттың жауапкершілігін жүрегімен сезініп, қиянат қылмаудың жолдарын қарастыруы қажет. Бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен, айлап‑жылдап аттан түспей осындай ұлан‑байтақ жерді көзінің қарашығындай сақтап бізге аман‑есен тапсырды. Біздің бүгінгі таңдағы бастапқы міндетіміз әрі парызымыз бабаларымыздың осындай сара жолын ары‑қарай жалғастыру.

Ұстаз Еркінбек Шоқай

Шаңырақ діни кеңес беру, алдын алу және оңалту орталығы

1 Құран Кәрім, Фурқан сүресі, 52 аят.
2 Құран Кәрім, Тәубе сүресі, 73 аят.
3 Дәйләми сахаба Әбу Зәррдан келтіреді. Тирмизи жихадтың ерекшеліктері бабында келтірген.
4 Сунан Тирмизи, Әбу Дәуід, Ибн Мәжә.
5 Сахих Бухари, Сахих Муслим.
6 Сахих Бухари, Напақа кітабы.
7 Сунан Ибн Мәжә, Сунан Насаи.
8 Сахих Бухари, Жихад кітабы.
9 Құран Кәрім, Әнфал сүресі, 60 аят.
10 Құран Кәрім, Тәубе сүресі, 122 аят.
11 Исламдағы жихад мәселесі, М.М.Шағрауи, 42 бет.
12 Зиядат әл‑жамиғ ас‑сағир, Имам Суюти

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *