Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

НҰР-СҰЛТАН, 15 маусым. «Жусан-2» арнайы операциясы кезінде Қазақстанның арнайы қызметі елге жеткізген келіншек Сириядағы ДАИШ тобының («Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы) қол астында болған алты жылы туралы ойламауға тырысады. Үлкені биыл алты жасқа толатын екі ұлдың анасын төркін жұрты қуана қарсы алған.Бұл туралы «Азаттық» радиосы сайтында хабарланған.

Зарина (есімі өзгертілген – ред.) мамырдың 28-інен бері өзі туған облыс орталығын алаңсыз аралап, балаларын қыдыртып жүр. Тек супермаркеттердегі металл іздегіш құрылғылар тұсынан өткенде шығатын оқыс дыбыс қана өткенін есіне сала береді. Өйткені қақтығыс аймағында жараланған келіншектің денесінде оқ жарықшақтары қалып қойған.

Қазақстанның астанасынан шалғай өңірлердің бірінде туып-өскен Зарина 17 жасында намазға жығылғанда православ дінін ұстанатын ата-анасының «бұл – өз таңдауың» деп қарсылық көрсетпегенін айтады. ДАИШ сапындағы күйеуімен интернет арқылы танысқан. Ол Сирияда өткізген алты жылын екі кезеңге бөліп қарайды. Алғашқы кезеңінде яғни, 2013-2016 жылдар аралығында Зарина «алаңсыз тірлік кешкен».

— Некемізді де интернет арқылы қиып, 2013 жылы Түркияда кездестік. Ол – менен 21 жас үлкендігі бар, шетел азаматы болатын. Бір айға жуық Түркияда, кейін Сирияның солтүстігіндегі Манбидж, Ракка қалаларында тұрдық. Күйеуім үйден ерте кетіп, кеш келетін. Мен үй шаруасы, бала тәрбиесімен ғана айналыстым. Зәулім үйлеріміз де, виллаларымыз да болды. Күйеуім «Халифат құрылатын болса, жағдайымыз бұдан да жақсы болады» деп түсіндіретін, — дейді Зарина.

Зарина күйеуінің үйіне азық-түлік, тұрмыста қолданылатын тазартқыш заттардан өзге ай сайын 150 АҚШ долларын әкеліп тұрғанын айтады.

— Бастапқыда азық-түлік өте арзан, ақшаның құны бар болатын. Кейін еттің келісі теңгеге шаққанда 19 мыңға дейін қымбаттады, — деп еске алады ол.

«Жұмыс бабымен» күйеуі үнемі көшіп-қонып жүрген Заринаның Раккадан кейінгі тұрағы Абу-Камаль қаласы болады. Одан кейін Сирияның оңтүстік-шығысындағы Шаафа, Сусса, Багуз деген жерлерді мекен еткен.

— Сириядағы соңғы тұрағымыз Багуз ауылы болды. Күйеуім «Мына таулардың арғы жағы – Ирактың территориясы» деп айтатын. Мен екінші сәбиім өмірге келген соң балаларымның қауіпсіздігіне алаңдап, «елге қайтайықшы» дей бастадым. Оның үстіне үйіме жақын маңға түскен зеңбірік оғының жарықшақтары маған да тиіп, басым, арқам жараланды. Оқжарықшақтары денемде әлі де бар. Күйеуім отбасына қамқор, маған да жайлы адам болатын. Ешқашан агрессия көрсеткен емес. Тек «қайтайықшы» деген сөзді естісе, қатты ашулана бастайтын. Оның ойында не болғанын білмеймін, — дейді Зарина.

Қазақстаннан Сирияға аттанып, ДАИШ содырларына қосылған жүздеген қазақстандық туралы алғашқы хабарды Азаттық 2013 жылғы қазанда жариялаған еді. Өздерін «халифат құруды мақсат тұтқандар» деп сипаттайтын топ кәмелетке толмаған қазақтілді балалардың қару ұстаған видеоларын әлеуметтік желіде таратқан.

2013 жылдың жазынан бастап Сирия мен Ирактың біраз аумағын басып алған ультра-радикал содырлар тобы діни ұстанымдарын мойындамайтын адамдарды асқан қатыгездікпен топ-тобымен қырған. 2017 жылғы күз айында АҚШ пен одақтастары ДАИШ-ты Ирак пен Сирия территориясында талқандап, содырлар шекара бойындағы шағын аумақтарды сауғалап қалған. ДАИШ содырларына өз еркімен және күшпен қосылған мыңдаған әйел жас балаларымен екі оттың ортасында босқынның күйін кешіп қалған еді.

Елге қайту туралы күйеуіне сөзін өткізе алмаған Зарина 2019 жылғы ақпан айында «АҚШ әскері мен ДАИШ арасындағы уақытша келісімшартты пайдаланып», күрд жасақтарының көмегімен босқындар лагеріне қарай қашып шыққанын айтады. Бұл кезде күйеуі әдеттегідей «жұмысқа кеткен».

— Балаларыма бидай кебегінен ботқа пісірдім де, үйден бір жамылғы алып, жолға шықтым. Күрд жасақтары бізді жүк көліктерімен тауда күтіп тұрды. Өз ұлына қосып, жетім қалған шешен балаларын тәрбиелеп отырған көршімнің де бізбен бірге жүруін қалағанмын. Ол Багузде қалуды жөн көрді. Көнбегесін тым болмаса екі жетімді менімен бірге жіберуін өтіндім. Сүйтіп, төрт баламен жолға шықтым. Жүк көлігімен бір күн, бір түн жол жүрдік. Тауда ауа-райы күндіз аптап ыстық, түнде қара суық болды. Балалар үйден алып шыққан ботқа мен жамылғының арқасында ғана аман қалды. Ал бізден кейін шыққан рейс жаңбыр мен бұршақ астында қалып, омырау жасындағы нәрестелердің жаппай шетінеп кеткенін артынан естідім, — дейді Зарина.

АҚШ әскерінің бақылауындағы әл-Холь босқындар лагеріне жеткен Зарина жетім балаларды шешендерге тапсырып, қамқорлығына 10 жастағы қазақ баласын алады. Әке-шешесі қарулы қақтығыстар кезінде қаза болып, жетім қалған Хасан босқындар лагеріндегі шатырда да, кейін Қазақстандағы оңалту лагерінде де Заринамен бірге болған. Мамыр айының соңында елдегі туыстарына табысталған Хасан Заринамен әлі де хабарласып тұрады.

Зарина босқындар лагерінде болған кезін еске алуды ұнатпайды. «АҚШ әскері келген кезде ғана лагерьде темірдей тәртіп орнайтын. Қалған уақытта күрд жасақтары ойларына келгенін істейтін» деп қысқаша ғана қайырды.

— Шынымды айтсам, Қазақстанға оралуға қатты қорықтым. Түрмеге қамайтын болар деп ойладым. Лагерьде кездескен қазақ қыздарынан сұрастыра бастадым, интернеттен ақпарат іздедім. «Жусан-1» операциясы туралы білдім. Әкем де «Реті келсе, елге орал. Отаның қателігіңді кешіреді» деумен болды. Әрине, Отанымды сатқаныма қатты өкінемін. Бұл – өміріме жететін өкініш. Қателіктерімізге қарамастан Қазақстан бізді құшақ жая қарсы алды. Киіндірді, тамақтандырды, психологиялық көмек көрсетті. Ризашылығымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын! — дейді Зарина.

«Жусан-2» арнайы операциясы барысында Сириядан 2019 жылғы мамырдың 9-ында әуелі Ақтаудағы оңалту орталығына жеткізілген Зарина мамырдың 28-і күні басқа облыстағы туған қаласына оралған. Қазір ата-анасымен бірге тұрып жатыр. Оның сөзінше, отбасы босқындар лагеріне кеткеннен кейін Багузде ауыр жараланып, қаза болған күйеуінің туыстары Зарина мен балаларына қаржылай қолдау көрсетіп тұрады. Ал қыздарын қайта қабыл алған ата-анасы қателігін бетіне басып, өткенді қазбалай бермейді екен. Туыстары екі ұлдың ортасында еркелеп өскен Заринаның Сирия асып кеткенін де ешкімге айтпаған.

Қазір Заринаның жасы 24-ке қарады. Мамандығы да, тұрақты табысы да жоқ жас әйел болашағына қатысты ешқандай жоспар құрмаған. Әзірше Сирияда дүниеге келген екі ұлына құжат жасатып алуды ғана ойлап отыр. Мінезі ашық-жарқын келіншек туыстарының ыстық ықыласына деген разылықтан кейбір сәттері басынан өткерген қиындықтарын ұмытып кеткендей болып көрінеді. Бірақ оның айтуынша, «исламға қатысты ұстанымы өзгермеген». Бұрынғысынша намаз оқып, хиджаб киіп жүр.

Биыл мамырдың 7-9 аралығында «Жусан» арнайы операциясымен Сириядан Қазақстанға жеткізілгендердің ішінде төрт ақтөбеліктің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ақтөбе облыстық сотының мәліметінше, айыпталушылардың бірі 28 жастағы Руслан Қуанов «Сириядағы қарулы қақтығыстарға қатысқан болуы мүмкін» деген күдікке ілінген. Қалған үшеуі: Ақмарал Алмағамбетова, Данабек Төреханов және Дәурен Сәбитұлына «терроризмді насихаттады», «діни алауыздықты қоздырды» деген айып тағылған.

Үш кезеңмен жүргізілген «Жусан» операциясы барысында Сириядан Қазақстанға 516 адам жеткізілген, олардың 360-ы — бала. Бұған дейін билік елге жаңадан оралғандардың біраз уақыт оңалту орталығында болатынын хабарлаған. Ресми дерек бойынша, Сирия мен Иракта соғыс басталғалы Таяу Шығысқа 800-ге тарта қазақстандық кеткен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *