Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

НҰР-СҰЛТАН, 26 тамыз. Ислам дінінің атынан жасалатын шетін әрекеттердің түп-төркіні қандай да бір түрде ислам дінімен байланысты ма, әлде ол әлемдегі немесе нақты қоғамдағы жинақталған мәселелерден туындап жүр ме деген мәселеге қатысты сарапшы, саяси ғылымдар кандидаты Мейрам Иманбаев өз ойымен бөлісті деп Kazislam порталы жазады. 

– Мейрам Өткелбайұлы, порталға берген сұхбаттарыңызда діни фундаментализм, радикализм мәселелеріне қатысты ойларыңызбен бөлісіп жүрсіз. Шындығында ислам дінінің атынан жасалатын теріс әрекеттер туралы не айтар едіңіз?

– Қазіргі таңда күнделікті ортада немесе сарапшылық не ғылыми ортада болсын ислам радикализмі немесе ислам дінін ұстанушыларға тән фундаментализм мәселесі көп айтылып, жиі қозғалатын тақырыптардың бірі. Әрине, мұндай қызығушылықтың жайдан-жай туындамайтыны белгілі десек, осы мәселе шеңберінде қазіргі әлем елдерінде діни себептерден орын алып отыратын лаңкестік оқиғаларда ислам дінінің атынан және осы дінді ұстанушылар тарапынан жасалатын шетін әрекеттерді немен түсіндіруге болады деген сұрақтың қойылуы заңды.

Сұрақтың осылай қойылуы бірқатар мазасыз ойларға жетелейтіні анық. Ислам діні атынан жасалатын лаңкестік әрекеттерді қазіргі әлемдегі жаһандық саясаттағы үлкен ойыншылардың әділетсіздігімен, мұсылман елдерінің саяси, әлеуметтік, экономикалық дамудағы салыстырмалы тұрғыдағы артта қалушылығымен  немесе ислам дінінің мұндай әрекеттерге еш қатысы жоқ бейбіт дін екенін алға тартатын үйреншікті дәйектермен түсіндіруге немесе ақтап алуға тырысуға да болар…  Бірақ мұндай ақталу мен түсіндіру тақырып аясындағы басты сұраққа жауап бере алмайтыны анық.

Қазіргі әлемдегі исламдағы діни радикализммен байланыста көрінетін жоғарыдағыдай сұрақтарға жауап беруде ислам дінінің ішкі қабаттарына үңілген абзал. Яғни, мәселеге шынайы баға беруде ислам дінінің жалпыадамзаттық құндылықтарды басшылыққа алатын кемел дін екені, оған радикализм мен экстремизм тән еместігі туралы дәйектер ақталуға ұқсап кетеді. Сондықтан мұндай сұрақтарға жауап беруде ислам дінінің тарихи сахнаға шыққан кезеңінен бүгінгі күнге дейінгі аралықта оны түсіну мен басшылыққа алуда туындаған бөлінушіліктер мен алауыздықтарды терең ой елегінен өткізіп, оны бүгінгі үдерістермен байланыста қарау осы қатардағы сұрақтарға жауап берудің ойға қонымды жолы деп санаймын.

Әрине, ислам діні шеңберінде көрініс беретін радикализмнің діни астарын  осы дінді бүге-шүгесіне дейін зерттеумен айналысып жүрген ислам теологтарына қалдырған дұрыс. Мен исламтанушы ғалым емеспін, сондықтан ислам дінімен ғасырлар бойы қатар көрініс беріп келе жатқан  фундаментализм, радикализм мәселелеріне идеологиялық тұрғыдан баға бергенім жөн болар деп ойлаймын.

– Сіздің ойыңызша, бүгінгі әлемде көрініс беріп отырған ислам дініне қатысты айтылатын діни радикализм мен экстремизм мәселелерінің бастауын діннің өзінен іздейміз бе сонда?

Ең біріншіден, қоғамдық ортада идеологиялық және әлеуметтік-саяси деңгейлерде көрініс тауып отырған исламдағы радикализм идеялары кеше немесе бүгін пайда болған заманауи құбылыс емес, керісінше ислам дінінің даму тарихында циклдық тұрғыдан қайталанып отыратын құбылыс деуге болады.

Исламдағы радикализм мәселесі көп жағдайда діннің ішіндегі әртүрлі бағыттар мен ағымдарға бөлінушіктен туындағаны анық көрінеді.

Ғалымдардың айтуынша, ислам  діні толыққанды сенім жүйесі ретінде пайғамбардың, одан кейінгі Әбубәкір мен Омар халифалардың замандарында жүйеленіп қалыптаса бастады. Дегенмен одан кейінгі замандарда ислам діні әртүрлі ағымдар мен бағыттарға бөлінушіліктің күрделі жолын басынан өткерді. Бұған мысал ретінде ислам тарихында «ислам діні жетпіс үш топқа бөлінеді, тек соның біреуі, яғни сүннет жұртшылығы және жамағат (Әһли сүннет уәл-жамағат) ғана дінді дұрыс ұстаушылар деген түсініктің бар екенін айта кету керек.

Әрине, ислам әлемінде пайда болған осынау әртүрлі ағымдар мен бағыттардың әрқайсысы уақыт өте келе өз түсініктерін дұрыс санайтын жағдайға жеткені айтпаса да түсінікті.  Яғни, «дінді дұрыс ұстайтын» топ туралы мәселе ислам теориясы мен практикасында негізгі орынды алады деуге болады.

Осы жерде исламда діни мәселелер бойынша олардың шешімдері заң күшіне ие нақты діни мекеменің немесе дінбасы институтының жоқтығы діни және дінмен қатар көрініс табатын пікір әралуандылығы бар мәселелер бойынша ортақ  ұстанымның қалыптасуына оң ықпал етпейтінін айта кетуге болады.

Ислам кеңістігіндегі елдерде дінге қатысты мәселелер бойынша шешімдер шығару немесе қоғамдық пікірді қалыптастыру діни білімі бар жеке адамдардың (ғұламалар, фақиһтер және т.б.) қолдарында болуы, өз кезегінде, дінді дұрыс ұстану ұғымының айтарлықтай шамада субъективті сипатта болуына алып келді және бұл мәселе біздің күнде де өзекті деуге болады.

– Ислам дініндегі радикализм бастауында тұрған бөлінушіліктердің себептері неде және оның бүгінгі заманда қайталануын неден көреміз?

Ислам тарихындағы келеңсіз үрдістердің пайда болуына алып келген елеулі бөлінушіліктердің (хариджиттер, сунниттер мен шииттер және т.с.с.) ықпалымен бір-біріне қарсы тұрушылық белгілі бір түрде радикализмнің қайталанып отыратын циклді табиғатына жол салып берді. Тарихи тұрғыдан алар болсақ, өз жақтастарын діни-саяси тұрғыдан жұмылдырып, оларды дінге қатысты жекелеген мәселелер бойынша басқаша ұстанымдағыларға қарсы қойып отырған түсініктер сол заманнан бастап бүгінге дейін аса өзгеріске түсе қойғаны жоқ.

Исламдағы бөлінушілікті ой елегінен өткізу олардың нақты тарихи жағдайларда мұсылман қоғамында қалыптасқан әртүрлі мүдделі топтардың, әулеттердің, аймақтардың, ағымдар мен партиялардың арасындағы әлеуметтік-саяси араздықтар нәтижесінде пайда болғанын көрсетеді. Осы жерде бөлінушіліктің алдыңғы қатарында көп жағдайда діни мәселелер емес, мемлекеттік, саяси мүдделер тұрғанын да айта кету қажет.

Жалпы, ислам тарихында пайда болған әртүрлі қозғалыстар мен ағымдар әдетте нақты мәселелерге қатысты пікір алшақтығынан туындап отырды. Мәселен, құқық мәселесіне қатысты пікірлер исламдағы мазхабтарды, билікке қатынастағы пікірлер сәйкесінше хариджиттердің, сунниттер мен шииттердің пайда болуына алып келді.

Айта кетер болсақ, VII ғасырда ислам діні өріс алған халифаттағы азаматтық соғыс кезінде діни-саяси топ ретінде қалыптасқан хариджиттердің ұстанымдары одан кейінгі замандарда мұсылман дінін ұстанған елдердегі адамдардың бір-біріне қарама-қарсы тұрушылығына жол ашып берді.

Ислам діні мен оның талаптарының тазалығын қатаң сақтауды басшылыққа алатын хариджиттер «күнә» түсінігін абсолюттендіре отырып, дінге сенбеушілікті ең үлкен күнәға теңестірді. Сәйкесінше, хариджиттер мұсылман тарихында алғашқы рет үлкен күнә жасаған деп санаған мұсылмандарды дінсіздікпен (такфир) айыптаған және оларға қарсы қарулы соғысқа (жиһад) шақырған топ болып саналады. Хариджиттердің осындай біржақты қисыны діннен шегінген деп саналған адамды өлтіруді діни қағидат деңгейіне дейін көтеруге ұласты. Сол кездің өзінде пайғамбар заманындағы «бастапқы исламға» қайта оралуды көксейтін хариджиттер исламның догматикалық нормаларын сақтауда ресми діни ортадан гөрі өздеріне ерекше талап қоюымен ерекшеленді.

Жалпы, осы жерде мұсылмандарды басқаратын халифтің билік басына сайлау арқылы келуі тиістігін басшылыққа алған хариджиттердің саяси идеологиясына сын тағу қиын болса да, олардың дінді ұстануды бүге-шүгесіне дейін реттеуге ұмтылуы мұсылман қауымында діни радикализм мен экстремизмнің туындауына бастау салып берді деп пайымдауға болады.

Ислам тарихындағы алғашқы бөлінушілікті бастап берген хариджиттерден соң ислам мемлекеті мен ислам әлеміндегі жоғары билік кімге және қандай негізде тиесілі болуы тиіс деген таза саяси мәселе суннизм мен шиизмнің бөлінуіне жол ашты. Жалпы, ислам тарихындағы бөлінушіліктен туындаған радикализм мен экстремизмге көз жүгіртер болсақ, оны діни, саяси, құқықтық, әлеуметтік және басқа да мүдделердің себебінен туындаған көптеген бағыттардың, ағымдар мен идеялардың қақтығысынан пайда болып отырған үздіксіз үдеріс деуге болады. Сондықтан ислам әлемін құрайтын елдердің қоғамдық алаңында ескіден келе жатқан осы айтыс-тартыстар бірде бәсеңсіп, бірде өршіп әлі де көрініс тауып отыр деп айтуға болады.

– Сіз айтып отырған осындай айтыс-тартыстар біздің қоғамымызда да бар ма?

– Баршамызға мәлім, Қазақстанның мемлекеттік құрылысы заманауи саяси жүйеге негізделгендіктен және зайырлы қағидатты басшылыққа алатындықтан дін мемлекеттің саясатты анықтай алмайды.  Мемлекет заңда көзделген жағдайлардан басқа кезде дінге және діни бірлестіктердің ішкі істеріне араласпайды.

Елімізде мемлекет құраушы ұлт ретіндегі қазақ халқының дәстүрлі діні болып табылатын ислам дінінің қоғамда алатын өз орны мен атқаратын рөлі бар. Оған мемлекет те, азаматтар да құрметпен қарайды. Сондықтан біздің қоғамымызда ислам діні саяси көрініс беру тұрғысынан қандай да бір маңызға ие емес деп айтуға болады.

Десек те, ислам діні тарихында пайда болған діни-догматикалық айтыс-тартыстар, өкінішке орай, өткен ғасырдың 90-жылдарынан кейін біздің қоғамымызда да бой көтере бастады. Осы қатарда жоғарыда айтқан исламның бастапқы заманын идеалдандыруды басшылыққа алған неохариджиттік идеологияны айта кетуге болады.

Посткеңестік елдерде салафизм атауымен танылған осы ультраконсервативтік ағымның ұстанушылары бүгінгі күнде қоғамымыздағы исламның дәстүрлі түсінігіне қарсы топ ретінде көпшілікке белгілі.  Бұл ағым осы жылдар аралығында елімізде орын алған бірқатар қақтығыстарға себеп болып та үлгергенін айта кету керек.

Араб түбегіне тән исламдық ұстаным мен өмір сүру үлгісін идеалдандырудан туындаған салафизм идеологиясы басқа елдердегі мұсылмандықта бірқұдайлық қағидаттарға сыйыспайтын көптеген ақаулықтар бар деген пікірді алға қойып, қазіргі әлемдегі мұсылмандардың көбі ислам дініне сай келмейтін әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерді ұстану арқылы діннен алыстап кетті деген пікірді ұстанады.

Қазіргі мұсылмандардың негізгі проблемасы таухидтің шынайы түсінігін бұрмалаудан туындап отыр деп санап, исламды барлық жаңалық атаулыдан тазарту керек деген ойды алға тартады. Бір сөзбен айтқанда, салафиттер неохариджиттік ұстанымдағы түсініктерді алға тартып, өздерін «таза дінді» ұстаушылар ретінде, ал өз түсініктеріне келмейтін мұсылмандарды «адасқандар» ретінде көреді.

Біржақты жалаң қағидаларды ұстанатын салафизм идеясы халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған  тарихын, рухани мұрасы мен мәдениетін жоққа шығаратын, халқымыздың тұрмысы мен санасына сіңісіп кеткен сан ғасырлық мұсылмандығын терістейтін және мемлекетіміздің заманауи саяси құрылысы мен жүйесін қабылдамайтын ұстанымға тұғырланады.

Зайырлы қағидаттарды басшылыққа алатын мемлекетіміз бен ислам дінінің сан ғасырлық қазақтық түсінігін ұстанатын қоғамымыз үшін мұндай теріс діни идеялардың мүлдем жат екені анық. Сондықтан бүкіл қоғам болып, бірлігіміз бен елдігімізге селкеу түсіруді көздейтін кез-келген деструктивті идеяларға бірлесіп тойтарыс беруді жалғастыра беруіміз тиіс.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *