Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Сирия-Түркия шиеленісі: БҰҰ мен ЕО алаңдап отыр

НҰР-СҰЛТАН, 14 қазан. Түркия әскері Сириядағы күрд жасақтарын шабуылдап жатқаны белгілі. Ондаған адам опат болды. Олардың арасында бейбіт тұрғындар да бар. Дүниежүзілік қауымдастық осыған алаңдап, «Бейбітшілік қайнары» деп аталған әскери операцияның арты гуманитарлық дағдарысқа әкеліп соғуы мүмкін деп дабыл қақты, деп жазады 24.kz. 

Өкінішке қарай соғыстың аты соғыс. Қарулы қақтығыста содырлар мен қоса жазықсыз жандар да мерт болып жатыр. Ұрыс алаңында босқындардың лагерлері орналасқан. Соңғы мәлімет бойынша, аймақтағы жанжалға Сирияның үкімет әскері де араласа бастаған сияқты.

Сирия мен Түркия шекарасындағы жағдай ушығып барады. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, күрд жасақтары ресми Дамаскпен ортақ келісім жасады. Осыған байланысты Сирия үкіметі өз жасағын әскери операция жүріп жатқан аймаққа жібере бастады. Бұған дейін Сирия мен Түркияның қарулы күштері бетпе-бет келмеген еді. Ал бұған күрдтер, әрине қуанышты. Тіпті Хасаке қаласында жергілікті тұрғындар қолына жалау ұстап, көшеге шықты. Күрд әкімшілігінің мәлімдеуінше, үкімет әскері Түркия бақылауына алған Африн сияқты қалаларды өзіне қайтаратын болады.

Түркия Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Сирия шекарасындағы әскери операция барысында 550 содырдың көзі жойылған. Қазанның 9-ы басталған ұрыстың салдарынан онсыз да жағдайы мүшкіл халықтың ахуалы одан бетер нашарлай түсті. Күрдтердің айтуынша, әскери іс-қимылдардан шекаралас екі елдің әрқайсынан 50-ге жуық бейбіт тұрғын мерт болған.

Өңірдегі аласапыранға БҰҰ алаңдаушылық білдірді. Ұйым өкілдерінің мәлімдеуінше, әскери операция басталғалы 130 мыңнан астам сириялық үй-жайын тастап, басы ауған жаққа босып кеткен. Осыған орай, Еуроодақтың сыртқы істер министрлері Люксембургте кездесіп, Түркияның әскери операциясын талқылады. Жиында тараптар Анкараға жеткізілетін қару-жараққа эмбарго салу туралы мәселе көтерді. Қазірдің өзінде Германия мен Франция Түркияға қару жеткізуін тоқтатқан. Сонымен қатар министрлер «Ирак және Ливан» лаңкестік ұйымымен күрес бойынша АҚШ басқарып отырған халықаралық коалицияның шұғыл отырысын өткізу мәселесін де көтерді.

«Бұл отырыстан Франция тарапы үлкен үміт күтіп отыр. Біз аймақтағы атыс-шабысты шұғыл тоқтатуды талап етеміз. Сонымен қатар Түркияға экспортталатын қару жараққа шектеу қою керек деген ұсынысым бар», — деді Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан.

«Әскери операция аймақтағы лаңкестік топтардың күшеюіне әкеп соғуы мүмкін деп отырмыз. Осыны Түркия билігі ұғынса екен. Еуроодақ бірлесе отырып жағдайдың ушығуына жол бермеуі керек», — деп мәлімдеді  Германия сыртқы істер министрі Хайко Маас.

«Түркия НАТО-ның мүшесі екенін еске алған жөн. Ал бүгін Башар Асад пен Күрд жасақтарынаң ортақ коалициясы құрылғаны белгілі болды. Бұл дегеніміз, Түркияның Сирия президентіне қарсы шыққанымен бірдей. НАТО-да ұжымдық қорғаныс деген бесінші бап бар. Оған сәйкес НАТО-ға мүше елге шабуыл жасалса, оған одақтас елдер көмек көрсету керек. Егер Сирия тарапы Түркияға шабуыл жасаса, не болады?» — дейді Люксембургтың сыртқы істер министрі Жан Ассельборн.

Түркияның Сирияның солтүстік-шығысында әскери операция бастағанына бүгін – алтыншы күн. Елдегі барлық телеарналар мен мерзімдік басылымдардың басты тақырыбы – «Бейбітшілік қайнары» әскери қимылы. Жергіліктің тұрғындардың дені Түрік армиясы бастаған операцияны қолдайды. Әрине қарсы шыққандар да бар.

«Бейбітшілік қайнары» әскери қимылы біз үшін өте маңызды. Өйткені ел қауіпсіздігі – басты мәселе. Түркияның бұл операциядағы басты мақсаты – аймақты лаңкестік ұйымдардан азат ету. Бұл маңызды күнде бүкіл әлем бізге қарсы шығып отыр. Алайда туыстас мемлекеттердің бізге қолдау көрсетуі қуантарлық жағдай», — деді Анкара мэрі Мансур Яваш.

Бұған дейін Түркия осындай «Евфрат қалқаны», «Зәйтүн бұтағы» атауымен өзге де операцияларды жүзеге асырған. Ал қазіргі «Бейбітшілік қайнары» — Түркияның ең ірі әскери қимылы. Операцияның қашан аяқталатыны белгісіз. Мамандардың пайымдауынша, «Бейбітшілік қайнары» операциясы бірнеше айға созылуы мүмкін.

БҰҰ көп ұзатпай аймақта гуманитарлық дағдарыс жариялайтынын хабарлады. Ал Түркия билігі қарулы-қақтығысты тоқтатпақ болған Еуроодақ елдерінің ұсыныстарынан бас тартып отыр.

«Түркия президентімен сөйлескен болатынмын. Әрине Анкараның қауіпсіздік мүддесін де ескеруіміз керек. Алайда аймақтағы гуманитарлық жағдайға да бей-жай қарай алмаймыз. Сондықтан Түркияның әскери операциясы аяқталуы тиіс. Бір амалын табу керек», — деді  Германия канцлері Ангела Меркель.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған да үнсіз отырған жоқ. Тіпті Еуроодақтың бұл әрекетіне ашулы екенін де жасырмайды.

«Меркель ханыммен сөйлескенде, НАТО-ға мүше елміз бе, әлде бізге қарсы тұрып, террористерді қолдап отырсыз ба деп сұрадым. Кімді жақтап, кімді қолдап отырғандары түсініксіз», — деді  Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған.

Түркияның мақсаты біреу. Сирияның солтүстігіне әскер кіргізу арқылы шекараны күрд содырларынан тазарту. Сөйтіп, бұл аумаққа сириялық босқындарды қоныстандырмақ. Тіпті тақауда Ердоған Сирияның территориясын басып алу ойда жоқ екенін және көршілес елдің аймақтық тұтастығын сақтап қалуға ниетті екенін мәлімдеген болатын.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *