Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Мен жиҺадқа дайын едім – Сириядан оралған қазақ жігіті

ПЕТРОПАВЛ, 30 қараша. Петропавл түзету колониясында отырған Болат өткен күндерін аңсайды. Сирияда бір апта болған жігіт 7 жылға бас бостандығынан айрылған. Оған терроризм бабы бойынша айып тағылды. Жазасын өтеуші шам еліне білместікпен барғанын айтып ақталмақ болды. Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында Болат сол шақта жиһад жасауға, яғни дін жолында өзін-өзі құрбан етуге әзір болғанын да жасырмады.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласының тумасы Болат 2012 жылы Египетке діни білім алуға кеткен інісін іздеп жолға шығады. Ол кезде қазақстандық жігіт бауырының Сирияда соғысып жүргенінен бейхабар еді. Мысырда оны інісінің таныстары қарсы алып, Шам еліне баруға үгіттейді. Түрлі видеороликтер көрсетіп, мұсылмандардың қиналып жатқанын айтады. Ол көп ойланбай, жолға шығуға келіседі.

«Інім 2012 жылы діни білім алу мақсатында Египетке оқуға кеткен болатын. Менің де оқығым келді. Әйелім мен бала-шағамды да өзіммен бірге алып кеткім келді. Бауырыммен телефон арқылы жиі сөйлесіп тұрдық. Мен өз ойымды айттым. Ол асықпай алдымен жалғыз келіп көруге кеңес берді. Қазақстаннан үш адам жолға шықтық. Египетте бізді інімнің таныстары күтіп алды. Арада 2-3 күн өткен соң, жігіттер інімнің Сирияға кетіп қалғанын айтты. Олар менің талабым бойынша ініме телефон соқты», — деп есіне алады Болат.

Шынымен оның інісі Сирияда еді. Ағасына топпен жүргенін, мұсылмандарға көмектесуге келгенін, әзірге қолына қару алмағанын айтады. «Мұсылман бауырлар қиналып жатыр»… Осыны желеу еткен Болаттың жаңа таныстары қазақстандық жігіттерді Сирияға барып, «бауырларына» көмектесу ислами парыз екенін айтып үгіттей бастайды. Бәрі сенімді болуы үшін түрлі бейнероликтер көрсетеді. Аз ғана уақыт ішінде үшеуінің де санасын улап, ақыры өз дегендеріне көндіреді. Болат сол сәтте өзін-өзі құрбан етуге де дайын болғандығын айтады.

«2009 жылдан бастап, намаз оқыдым. Діни білімнің таяздығының әсері ғой, ол кезде жиһад болуы керек деген пікірді ұстандым. Эмоцияның әсерімен Сирияға баруға бел будық. Бізді шекарадан біреулер өткізіп жіберді. Ар жақта тағы да інімнің таныстары, кавказ ұлтының өкілдері қарсы алды. Өздерінің топтасқан жерлеріне апарды. Інім сонда жүр екен. Бізді басшыларымен таныстырды. Олардың әңгімесінің ауанын біз түсінбедік. Айтатындары – «Бізге қолдау көрсетпегендердің барлығы кәпір. Олармен күресу керек». Әңгімеміз бірден жараспады. Арамыздағы үш жігіттің бірі олармен сөзге келіп қалды. Осыдан кейін ол Қазақстанға кететінін айтты. Мен оны тоқтаттым. Себебі өлтіріп тастай ма деп қауіптендім. Өзіміз ары қарай қалай әрекет ететінімізді білмей қалдық. Арада төрт күн өткен соң, әлгі серігіміз кетіп қалды. Шекарадан қалай өтті, ары қарай тағдыры не болғанынан хабарым жоқ. Арада тағы 4 күн өткеннен кейін қалған екеуіміз, інім тағы басқа жігіттер ешкімге айтпай, кетуге бел будық. Елге оралуға қорқып, Египетке бардық. Алдымен Александрияға жеттік. Інім Қазақстанға келуге қорқып, сонда қалып қойды.  Жанымдағы серігім екеуміз құқық қорғау органдары бізді ұстаса, бәрін мойындаймыз, ешкім ештеңе білмесе, үндемей жүре береміз деген байламға келдік», — деп әңігімесін жалғады арыстық жігіт.

Арада бір жарым жыл өткеннен кейін ғана Болат пен оның екі сыбайласының әрекеті әшкере болады. Жазасын өтеушінің айтуынша, Сириядан елге бірінші болып кетіп қалған жігіт Ұлттық қауіпсіздік комитетіне өзі барып, бәрін айтып берген. Осыдан кейін қылмыстық іс қозғалып, үшеуінің де өмірі өзгеріп сала береді.

«Сирияда болған жайттарды қалай түсіндіретінімді де білмеймін. Оларға бәрі бола береді, «дінсіз» деп санаған адамдардың мал-мүлкін тартып алып, өлтіре салуы мүмкін. Өз құрбандарының намаз оқитын, оқымайтынын ажыратып жатпайды. «Есірткіні сатып, ақшасын Алла жолына жұмсауға болады» дейтіндерді де кездестірдік. Оған дәлел сұрасам, жауабы «шейхтар айтқан». Нақты кімнің аузынан шыққанын өздері де білмейді», — дейді ол.

Болаттың өрімдей үш қызы әкесіз өсіп келеді. Ол аман-есен түрмеден шықса, балалары есейгенде өзінің шалыс басқан қадамы туралы айтып беруге осы бастан бекінген. Себебі дос түгілі, дұшпанының өзі сынды қателескенін қаламайды. Бастапқыда Ханафи мәзхабын ұстанған мұсылман, талғамай тыңдалған уағыздар сәләфиттік ағымға өтуіне әсер еткенін жасырмады.

«Інім үйленгенін, бір ұлы барын айтатын. 2015 жылы мен ұсталғаннан кейін хабарласпадық. Кейін бір жолдармен Сирияға қайта өтіп кеткенін естідім. Біреулер оның қайтыс болғанын айтты. Өзі болмаса да, балаларын ойлаймын. Түрмеден шыққан соң іздеймін, бауырым ғой…», — дейді Болат.

Жігіттің өзегін өкініш өртейді. Әттең, уақытты кері шегіндіріп, бәрін басқаша істеу мүмкін емес. Дүниеге әкелген анасы мен жан жарына, жақындарына өтірік айтқаны үшін өзін жегідей жейді. Сондықтан болар, бәсең сөйлеп, ауыр күрсінеді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *