Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Жасөспірімдер денсаулығы мен өміріне қауіпті «кәмтиттен» қалай құтыламыз?

 НҰР-СҰЛТАН, 09 ақпан. Мәліметтерге қарағанда, әдемі қапталған кәмпит секілді осы шайнайтын темекі түрі – «снюс» жастар мен жасөспірімдер арасында кеңінен таралуда. Снюсті шведтер классикалық темекіге балама ретінде шығарған, бізге Үндістан мен Ресейден әкелінеді. Нарколог-дәрігер Николай Мутяк снюс­тің құрамындағы никотин еріннің астына салғанда шырышты қабықтан қанға өтіп, адам бойында никотинге тәуелділікті арттырып, ми жұмысына кері әсерін тигізетінін, нәтижесінде психоз, ашуланшақ және эйфория шағымдары бар балаларды емдеу қажет болғанын айтады, деп аstana-akshamy жазады. 

Түбіңе снюс жетпесін!

Тағы бір қиын жері: жасөспірім балаңыз болса, оның снюс қабылдағанын білу оңай емес, мысалы, темекінің иісін жалбыз сағызымен және француз парфюмдерімен де жасыра алмайтын болса, снюс­тен иіс аулау мүмкін емес. Әзірге біздің елде снюстен уланып өлген оқиға әлі тіркелген жоқ. Әзірге… Ресейде күрделірек, 2015 жылдан бері заңмен тыйым салынғанына қарамастан, онда соңғы бірнеше айдың ішінде снюстен уланудың ондаған оқиғасы тіркелді. Балалар ессіз күйде көшеден, подъездерден, мектептерден табылған, жансақтау бөліміне түскен. Мысалға, ресейлік ақпарат құралдарында 2019 жылдың 20 қарашасында Новосибирскідегі тұрғын үйден 12 жасар баланың денесі табылғаны жазылды. Сот-медициналық сараптама қорытындысы шықпай тұрып ата-анасы баланың снюс­тен уланғанына сенімді болған. Енді ойлаңыз, бір қорап темекінің құрамында 20 миллиграмм никотин бар десек, адам ағзасына оның қаншасы енеді? Ал снюс жастықшасындағы никотиннің мөлшері 50 миллиграмға дейін жетуі мүмкін. Мамандардың айтуынша, егер адам темекіні бес минут ішінде тартып болатын болса, ал снюсті бірнеше сағат бойы еріннің астында ұстай беруге болады. Ауыз қуысында қаншалықты ұзақ болса, никотиннің мөлшері де соншалықты көп, адам масайып, есте сақтау қабілеті мен назар аудару концентрациясы нашарлап, ке­йін келе ауыз қуысында, асқазанда онкологиялық аурулар пайда болады.

Тыйым салуға бола ма?

Былтыр желтоқсан айынан бері елімізде оны сатуға уақытша ты­йым салынған еді. Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин «Мен снюстерді әкелуге, пайдалануға, сатуға және таратуға тыйым салу үшін уақытша санитарлық шараны енгізу туралы шешім қабылдадым, көптеген елдерде снюстерді саудалауға 1992 жылдан бері рұқсат жоқ. Егер депутаттар бірауыздан қолдаса, снюс­терді өндіру, таратуға түбегейлі тыйым салынатын болады. Әрі бұл шешім нормативтік құқықтық актілермен бекітіліп, санитарлық ережеге енгізіледі» деген болатын. Ол тыйым бүкіл республика бойынша барлық сауда нысандарына жүретіндігін айтты. Тыйым салу ережелері бұзылған жағдайда, кәсіпкерлерге төрт миллион теңгеге дейін айыппұл салынбақ. Бірақ заңсыз тірлікке еті үйренгендер бұл тыйымға пысқырып та қарамаған секілді, интернеттен іздегенде елордада снюс сатылатыны туралы жарнаманың толы екенін көрдік. Интернет желісінде, QR-код арқылы, QIWI әмиянмен тапсырыс беруге болады.
Нұр-Сұлтан қалалық ПД аға жедел уәкілі Әлия Қибатқызы қалада снюс деген заттар сатылатыны туралы ақпарат келіп түскенде ол заттарды дүкендерге барып сатып алып, сот-химиялық сараптамаға жібергенде, оның ішінде өте көп көлемде никотин бар екені анықталғанын айтады. «Бұл заттың құрамында есірткі жоқ, дегенмен жас ағза үшін аса зиянды болғандықтан, учаскелік полиция оны сатумен айналысатындарды жа­уапкершілікке тарта алады. Біз мектептерде, оқу орындарында снюстің зияндылығын айтып, алдын алу шараларын жүргіземіз, зиянды заттармен ағзамызды улағаннан спорт артық деп, көңілді старттар ұйымдастырамыз» дейді ол.
Жуырда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті Ұлттық сараптама орталығының зертханаларында снюстің құрамына зерттеулер жүргізген. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысы міндетін атқарушы Сархат Бейсенова «Никотин ағзаға сорғыш және шайнау қоспалары арқылы жеткізіледі және бұл өнімді өндірушілер жапсырмада темекінің, оның ішінде никотиннің бар екендігін көрсетпейді. Әдетте, мұндай қоспаларға синтетикалық никотин, тағамға арналған хош иістер, канцерогендер, қант, тұз қосылады. Салыстыратын болсақ, 1 темекінің құрамында 1,5 мг бар болса, снюс­тің бір қапшығындағы никотин мөлшері 200-250 мг дейін жетеді. Снюстің бір қапшығындағы никотин мөлшері өлімге душар етуі мүмкін» дейді. Бірақ біздің елде міндетті түрде біреу уланып өлмей, ел шулайтын шетін жағдай орын алмай, ештеңеге кіріспейтініміз бесенеден белгілі. Біз әлі де қамсыз отыра береміз.

Бүгін снюс, ертең ­синтетикалық заттар ма?

Сонымен, білгеніміз: снюс дегеніміз жай ғана шайнайтын темекі емес, сананы улайтын, сау баланы ауруға айналдыратын, бір дәмін алған соң одан да уытты, зиянды заттарға құштар ететін қауіпті «кәмпит» болып шықты. Оң-солын танып үлгермеген, не болса соған ессіз еліктейтін жастар бүгін снюстің дәмін алады, ертең синтетикалық заттың дәмін татып көргісі келуі мүмкін. Әйтеуір, осы күнгі қауіп – интернеттен. Сөз басында айттық, «снюстер сатылады» деген жарнама интернетте өріп жүр. Нұр-Сұлтан ПД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері соңғы уақытта синтетикалық есірткінің де ғаламтор арқылы таралу қаупі артқанын айтады. Есірткі заттарын сатумен айналысатын топтар көбінесе жастар мен жасөспірімдерді жаман жолға еліктіреді. Жыл басынан бері елордалық полиция осындай 7 сайтты анықтап, бұғаттаған. Өткен жылы елордалық полицейлер азаматтардың қолдауымен 120 интернет-сайтты жарнамалаушы 400-ге жуық граффити-сызбаларды анықтап, алып тастады. Жақында елордалық полиция департаментінің қызметкерлері алдын алу шараларын жүргізу барысында астыртын синтетикалық есірткі саудалайтын интернет-сайттарды жарнамалаумен айналысқан қала тұрғынын ұстады. ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Нұртай Әбілмәжінов қазіргі таңда полицейлердің мектептерге барып мектеп оқушыларына жас ағзаға зиянды жаман әдеттен аулақ болу, оның орнына спортты серік ету, қоғамға пайдалы іспен айналысу туралы кеңінен ақпарат таратып жүргенін айтады. «Мәселен, 2019 жылы жалпы салмағы 11 килограмм синтетикалық есірткі заттарын өткізудің 408 фактісі анықталды. Қылмыстық кодекске жаңадан енгізілген «есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау» (ҚК-нің 299-1-баптары) нормасы заң бұзушыларға 3 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады» дейді ол.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *