Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

БАҚ: Сирияда соғысқан қазақстандық жазасын  Австрияда өтейді 

НҰР-СҰЛТАН, 19 мамыр. Сирияда соғысқан қазақстандық Магомед Арчаков терроризмге қатысы бар қылмыс жасаған деген айыппен 12 жылға сотталған. Оның соты Венада өтті. Австрия билігі Қазақстанның Арчаковты экстрадициялау туралы өтінішін қанағаттандырмады, деп centralasian.org жазады. 

Магомед Арчаковтың Австрия түрмесінде жазасын өтеп жатқанына жарты жыл болды. Австрия үкіметінен босқын мәртебесін сұрап, сол елде тұрып жатқан 30 жастағы Қазақстан азаматы 2019 жылы маусымда сотқа тартылды. Арчаковқа тағылған бірнеше айыптың арасындағы «Сирия әскеріне қарсы қару қолданды» деген айып «кісі өлтіруге оқталу» деген бапқа ауыстырылғандықтан оның ісін алқа билер соты қарады.

Австрия ақпарат құралдары «терроршыл ұйым мен қылмыстық топ құрамында болған, террористік сипаттағы қылмыс жасауға қатысқан деген айыптар тағылған Арчаковты 10-20 жылғ не өмір бойына дейін түрме жазасын беруі мүмкін» деп жазды.

Арчаков Сирияға кетерден бұрын Теміртау қаласында тұрған. Анасы сол қалада әлі тұрып жатыр. Арчаковты бұрыннан білетін Теміртау тұрғыны оны «қарапайым жігіт еді» деп сипаттайды, ол ақпарат құралдарынан Арчаковқа терроризм айыбымен іздеу жарияланғанын көргенде таңғалғанын айтады.

Азаттық тілшісі Арчаковтың анасын да іздеп тапты. Бірақ ол сұхбат беруден бас тартты. Ол «ұлымның ондай қылмысқа қатысы болуы мүмкін емес» деп санайды. Анасының сөзінше, алты жыл бұрын Еуропаға кеткен Магомед «отбасын құрып, сол елде қалған».

Магомед Арчаковты іздеуге біраз жыл кеткен. Әуелі жергілікті полиция сұрау салып, ақпарат құралдарына хабар беріп іздеген. Кейін билік ел көлемінде, ақыр соңында Интерпол арқылы халықаралық іздеу жариялаған.

Австрия ақпарат құралдары сілтеме жасаған айыптау тарабының дерегінше, 2013 жылдың тамызынан 2015 жылдың қарашасына дейін Арчаков Сирияға бірнеше рет барып, «Ислам мемлекеті» террор тобына қызмет етуге ант берген «Кавказ әмірлігі» тобының құрамында президент Башар Асадтың әскеріне қарсы соғысқан. Харитан мен Алеппода соғысқан.

2014 жылы қаңтарда Арчаков «соғыстан кейін ес жию үшін» Түркияға оралған. Біраз уақыттан кейін қайтадан Сирияға барып, елдің солтүстігіндегі әскери қимылдар кезінде бомба жарықшағы тиіп, жараланған. Емделіп шыққан соң, Украина арқылы Австрияға қашқан.

2017 жылдың наурызында Қазақстанның қауіпсіздік органдары Австрияның Конституцияны қорғау және терроризмге қарсы күрес жөніндегі федералды ведомствосына Венада Сириядағы соғысқа қатысқан азамат жүруі мүмкін деген күдігін жеткізген. Саусақ іздері мен суреттері арқылы әлгі азаматтың Қазақстан іздеу жариялаған Арчаков екені анықталған.

Тергеу кезінде Қазақстан азаматының қолдан жасалған туу туралы куәлігі мен жүргізуші куәлігін көрсетіп, Австрияда 2015 жылдан бері тұрып келгені белгілі болған. Австрия басылымдарының дерегінше, Арчаков отбасымен тұрған, еш жерде ресми жұмыс істемеген және ай сайын әлеуметтік жәрдемақы алып келген. Ол Ресей азаматы екенін, «діни көзқарасы үшін қудалауға ұшырағанын» айтып, Австрия үкіметінен өзіне босқын мәртебесін беруді сұраған.

Сот үкімі 2019 жылы маусымның 27-і күні шыққан. Жарты күн кеңескен алқа билер Арчаковтың істеген ісіне өкінгенін ескеріп, «айыптау тарабы кісі өлтіруге оқталу фактісін дәлелдей алмады» деген ұйғарымға келді. Австрия ақпарат құралдары Арчаковқа берілген 12 жыл түрме жазасын «ең төменгі жаза», «жұмсақ үкім» деп атаған.

Ресми дерек бойынша, 2019 жылы 12 мың адам Австриядан босқын мәртебесін сұраған. Олардың 44 пайызы – Сирия мен Ауғанстаннан шыққан азаматтар. Одан бөлек, 31 қазақстандық және 723 ресейлік азамат өтініш берген. Ауғанстанның төрт мыңнан астам, Сирияның – екі жарым мың, Қазақстанның – тоғыз және Ресейдің 378 азаматы босқын мәртебесін алған.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *