Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Діни экстремизм және радикализммен үлкен ішкі ниетпен кірісу керек — сарапшылар

НҰР-СҰЛТАН, 21 ақпан. «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасының бір бағыты терроризм, экстремизм сияқты қауіпті құбылыстармен күресті қамтиды. Мемлекет басшысының бұл мәселелерге ерекше маңыз беріп отырғанын жауапты мемлекеттік қызметкерлер де, депутаттар да қажетті қадам ретінде бағалап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасап «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ ресми сайты  жазады.

ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин Президент ұсынған Жаңа Қазақстан тұжырымдамасы қоғамның бірігуіне, радикализмнен аулақ болуына және жүйелі реформаларға құрылатынын айтады.

Оның пайымынша, жаңа Қазақстаның күн тәртібі елді жаңашылдыққа талпындырыдырады және әр азаматты сол жаңашылдықты қалыптастыруға шақырады. Мемлекеттік хатшы бұл бағыт қоғамдағы салауатты күштердің бәрін топтастыруға қауқарлы деп есептейді.

«Жаңа Қазақстан деген не? Бұл кейбір сарапшылар оңайлатып айтып жүргендей мемлекеттік аппараттың жаңаруы ғана емес. Бұл бірінші кезекте қоғамдық құндылықтардың қайта таразылануы. Радикализмнен аулақ болу, шетін көзқарастар мен әрекеттерге бой ұрмау, жасампаздық ынтаны нығайту. Қоғамда болуы мүмкін жікшілдіктің бәрін еңсеру. Бұл, сондай-ақ, кезең-кезеңмен іске асатын жүйелі реформаларды білдіреді. Мемлекеттік саясат гуманитарлық өлшемге икемделіп, адам капиталына басымдық беріледі», — дейді Ерлан Қарин.

Мемлекеттік хатшы жаңа Қазақстан тұжырымдамасының аясында құқық қорғау органдарын рефомалар күтіп тұрғанын айтады.

«Тоқаев мұны бірінші кезектегі басым бағыт ретінде атады. Күш құрылымдарының жауынгерлік қабілеттерін көтеріп, жаңа техникамен жабдықтау керектігін, ведомстолар арасындағы үйлесімді әрекетті жолға қойып, өз беттерімен шешім қабылдай алатындай етіп құрылымдау қажеттігін де айтты. Күш құрылымдарына қарсылық көрсеткені үшін берілетін жазаны қатаңдату арқылы оларды құқықтық тұрғыдан қорғау да маңызды. Оның үстіне құқық қорғау органдары қызметкерлерінің еңбекақысы да өседі.

Қасым-Жомарт Тоқаев діни экстремизим мен қылмыс әлемінің селбесіп кетуіне жол бермеу керектігін баса айтты. Әсіресе түзету мекемелерінде мұндайға жол беруге мүлде болмайды. Алдымызда күш құрылымдары қауымдастығының, оның ішінде сыртқы, ішкі және халықаралық барлаудың қызметін қайта құрылымдау міндеті тұр», — дейді Мемлекеттік хатшы.

Радикализм мен экстремизимнің еліміз үшін қаншалықты қауіпті құбылысқа айналуы мүмкін екенін Парламент өкілдері де түсініп отыр. Содан да болса керек, Үкімет атына өз сауалдарын жолдап, ұсыныстарын жеткізіп жатыр. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сұлтан Дүйсембинов экстремизм мен терроризмге қарсы жаңа бағдарлама әзірлеуді ұсынып жүр.

 «Статистикалық мәліметтер бойынша, діни қызығушылық білдірген азаматтардың 73 пайызы қажетті мәліметтерді ғаламтор желісінен іздейді. Яғни, қазіргі ғаламторда әлеуметтік желілер, видеохостингтер мен блокплатформалар және басқа да байланыстырушы ақпарат құралдары әлемдегі жаңа мүмкіндіктермен қатар жаңа қауіптердің туындауына септігін тигізуде», — деді ол Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында.

Оның ойынша, диструктивті діни ағымдардың түпкі мақсаты – елдің конституциялық құрылымын өзгерту.

Сенатор мемлекет тарапынан мұндай қауіпті құбылыспен күреске қажетті қаржы бөлінгенімен, соның ішінде ақпараттық бағытқа тым мардымсыз бөлігі жұмаслып жатыр деп есептейді.

«2019 жылы Қазақстан дінтанушыларының 11 форумында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің терроризмге қарсы орталығының өкілі Сергей Швейкин өз сөзінде қазақстандық деструктивті ағымдарды ұстанушылардың саны 20 мыңнан асатынын мәлімдеді. Осы тұста бұлардың саны неге көбейіп жатыр деген сұрақ туындайды. Кейбір деректер бойынша, елімізде діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін бюджеттен бес жылға 270 млрд теңге бөлінген. Алайда оның 4%-ы ғана профилактикалық іс-шараларға жұмсалды. Бұл бағдарламаның өз нәтижесін тиісті дәрежеде бермегенін қайғылы қаңтар оқиғасы көрсетіп отыр», — деді Сұлтан Дүйсембинов.

Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым радикализм мен терроризм идеелогиялық күрестен туындайтын құбылыс болғандықтан, оған қарсы сапалы әрі мықты идея ұсынып қана жеуге болатынын айтады. Демек, «Жаңа Қазақстан» идеясы осы тұрғыдан маңызды.

«Радикализм де — идеяның бірі. Бір идеяға тек басқа мықты идеяны қарсы қою арқылы жеңуге болады. Ол балабақшада, мектепте бала тәрбиесінен басталуы тиіс. Мәселен, бүгін Алматы қаласында бір мектепке бардық.

Қоғамды «дін мәселесін неге жіберіп алдық?» деген сұрақ мазалайды. Біз атеистік қоғамнан зайырлы қоғамға аяқ бастық. Қарап отырсаңыз, діни қайраткерлеріміздің көпшілігі — жастар. Енді осы кісілер 60-70 жасқа келіп, қоғамға беделді, белсенді болғанда жағдай басқаша болар. Қазір аумалы-төкпелі кезең. Соны пайдаланып сырттан идеялардың кіруі, қоғамға дендеуі, әлеуметтік-экономикалық және басқа да қиындықтарды көтере алмаған азаматтарды қатарына қосып алуы сияқты мәселелер орын алды», — дейді депутат.

Айтуынша, қоғамдағы әділетсіздік, заң үкімінің бәріне бірдей әсер етпеуі, бай мен кедейдің арасының алшақтауы да экстремизм үшін «қолайлы орта». Яғни, діни радикализммен күресудің тағы бір жолы – әділетті қоғам құру.

«Ешбір адам туа салып діни радикал немесе экстремист болмайды. Ол өмірде қиындық көреді не қиындыққа тап болады, жан-жағына қараса қол ұшын берер ешкім жоқ. Қалаға келеді. Онда да еш туысы жоқ. Мұндай әділетсіздікпен «басқа жолмен» күресу керек деген пайымға келеді. Біз олардың осындай пайымға келетін жолдарын азайтуымыз керек. Әділетті қоғам, әділетті сот болуы қажет. Өмірде қиындыққа тап болған адам бойында «Менікі заңды. Сот, прокуратура арқылы әділеттікті орната аламын» деген түсінік қалыптастыру керек. Сонда ғана қоғам өзгереді. Радикал топтарды, олардың басшыларын қоғамның өзі ысырып тастайтын деңгейге жетеміз», — деді саясаттанушы.

Айдос Сарым қазақстандықтар жаңа Қазақстан тұжырымдамасының түпкі мәнін шынайы түсініп, бір идеяға біріксе, радикализм мен терроризмді де еңсеретініне сенеді «Біз 20-ғасырдың бүкіл тарихи қиындығынан аман-есен өттік. Бірнеше рет қырылып қала жаздадық. Үш ашаршылықтан, екі үлкен дүниежүзілік соғыстан, саяси-қуғын сүргіннен аман қалдық. Енді осы мемлекетімізді дұрыс форматына жеткізуіміз қажет. Қиындық қай заманда да болады. Бірақ, «бұл менің мемлекетім, осы мемлекеттен басқа мемлекеттің керегі жоқ. Ішінде қиындығы бар ма, мен оны өзім түзетуге атсалысамын» деген үлкен ішкі ниетпен кірісу керек. Сонда ғана түзелеміз, сонда ғана діни экстремизм, радикализмді жеңе аламыз», — дейді сарапшы.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *