Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Теріс ағымды насихаттаушылары заман талабына сай виртуалды әлемде жасырын белсенділіктерін арттыруда

НҰР-СҰЛТАН, 14 мамыр. Бүгінде «діни радикализм» сөз тіркесі әлі де күн тәртібінен түспей тұр. Соңғы жылдары еліміздегі діни ахуал тұрақталып, бір қалыпқа келгенімен, деструктивті діни идеологиялар таралып жатқан жоқ деп айтуға ертерек. Өйткені, теріс ағымды насихаттаушылар бұрынғыдай көзге түсіп көшеде әрекет етуден гөрі енді заман талабына сай виртуалды әлемде жасырын белсенділіктерін арттырған.

Радикалды көзқарастардың қатері неде? Олар негізінен қандай жолдармен таралып жатыр және жастарымызды теріс ағымның ыпалынан қорғау үшін не істеу керек? Біз осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін Маңғыстау облысы Дін істері басқармасы жанындағы «Дін мәселелері бойынша ақпараттық талдау орталығы» КММ мамандарын әңгімеге тарттық.

Оңалту жұмыстары бойынша басшының орынбасары Пиязбек Айтмаханбеттің айтуынша, бүгінде Маңғыстау облысында діни ахуал тұрақты, жамағат арасында діни алауыздықты қоздыратын тосын жағдайлар туындап жатқан жоқ.

– Бір қуантатыны, соңғы жылдары мешітке келетін жамағат арасында ауызбіршілік бар. Бұрын намаз кезінде мәзһаб ұстанбайтын азаматтар «әминді» жарыса хормен айтып, имамға бағынбай жүретін. Қазір бірен-саран болмаса, ондай фактілер тіркеліп жатқан жоқ. Сонымен қатар, өзге де діни мәселелерде тартысып, айтысып, ел ішіне бүлік салатын оқиғалар кездеспейді, – дейді теолог.

Дегенмен, ол Маңғыстау өңірінде ара-тұра бой көрсетіп жатқан кейбір діни ағымдар бар екенін атап өтті.

– Ең қауіпті радикалды топ деп тәкфир жамағатын айта аламыз. Бұрын олардың қарқыны қатты еді. Дегенмен, жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының арқасында халық тәкфиршілердің насихаттары деструктивті сипатқа ие екенін, олардың қатарына қосылуға болмайтынын түсініп қалды. Сондықтан бұл діни ағымның өкілдері көбейіп жатқан жоқ. Ел ішінде бүлік, фитна тудырып, шектен шығатын әрекет жасап жатқанын кездестірмейміз, – деді Пиязбек Айтмаханбет.

Оның айтуынша, тәкфир уәл-хиджра жамағатының басты қаупі – көзқарастарының ата-бабамыз жүрген және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұстанатын діни бағытпен сәйкес келмеуінде, яғни мәзһаб ұстанбауында және өздерінің жолын дұрыс деп танымаған, келіспеген азаматтарды айыптауында, оларды адасқанға шығарып, бидғатшы, тіпті кәпір деп баға берулерінде. Сонымен қатар, дін басшыларын өз саласындағы құзырлы билік ретінде мойындамай, оларға бойсұну міндетті емес деп, қарсы шығулары да бүліктің басы болып есептеледі.

– Мұндай радикалды көзқарастың ең басты зияны – халық арасында бүлік туғызуында жатыр. Кейбір тәкфир жамағатының өкілдері мешіттегі имамдарға бағынбай, оларға ұйымаймыз деп өздері жеке жамағат болып намаз оқып жатады. Бұл арты жақсылыққа апармайтын, салдары ауыр үлкен фитна.

Мысалы, сәләфизм ағымының негізін салушы Мұхаммед ибн Абдулуаххабтың «Науақидул ислам» («Исламды бұзатын амалдар») атты кітабы бар. Егер осы еңбекті енді дінге келген, намазды бастап жатқан, діни сауаты аз адам оқыса, үлкен адасушылыққа тап болады. Ол жерде жазылған радикалды көзқарастарды бойына сіңірген жан тіпті қоршаған ортасын жек көріп кетуі мүмкін. Басқалардың барлығын дінсіздікпен айыптайтын радикалдар осылардың арасынан шығады. Бұған ел-жұрттан бөлініп, қазақтың бәрін кәпірге санап, Сирияға соғысқа кеткендерді мысалға келтірсе болады.

Екінші бір діни ағым – «Таблиғи жамағат» өкілдері Маңғыстау облысында аса көп емес. Ара-тұра кездестіріп қалып жатамыз, бірақ бұрынғыдай жамағат арасына кіріп, уағыз-насихат айтып жүретін белсенділіктерін қойған, – дейді Пиязбек Айтмаханбет.

Қазіргі күні радикалды идеологиялар ел ішіне қандай жолдармен таралуда? Бұған қалай тосқауыл қоямыз? Осы сұрақтарға Маңғыстау облысы Дін істері басқармасы «Дін мәселелері бойынша ақпараттық талдау орталығы» КММ Оңалту жұмыстары бөлімінің маманы Төлеш Ерзат жауап берді.

– Жүргізіліп жатқан алдын алу, түсіндіру жұмыстарына қарамастан радикалды көзқарастар бұрынғыдай қарқынды болмаса да, ішінара ақырындап таралуда. Мысалы, шет мемлекеттердегі қазақтың діни ұстанымына қайшы, дәстүрлі емес діни оқу орындарында білім алып жатқан жастар бар. Оқуды бітіріп келіп, елімізде жүргендер де жоқ емес. Шетелдегілер сол жақта отырып, интернет арқылы жастарымыздың миын улауда. Әлеуметтік желілердің дамуы олардың қашықта отырып-ақ жат пиғылдарын таратуларына мүмкіндік берді. Ал елде жүргендер айналасына кішігірім жамағаттарын жинап алып, уағыз-насихаттарын жүргізуде, – дейді ол.

Маманның айтуынша, жат ағым өкілдері әсіресе телеграм желісінде белсенділіктерін арттырып жатқан көрінеді. Өйткені, басқа әлеуметтік желілерге қарағанда телеграмды бақылау қиын екен.

– Олардың пір тұтатын шейхтары телеграм арқылы сабақтарын беріп, сол жерге видеоларын жүктеп, өз араларында таратып, аудитория жинап, теріс қауіпті идеологияларын жүргізіп жатыр. Қазіргі күні осы интернет арқылы келетін қауіптің беті қатты. Ал одан бөлек, мешіттерде, жұмыс орындарында, өзге де жерлерде бұрынғыдай ашықтан-ашық болмаса да, жасырын түрде әлі де уағыз-насихатып таратып жүрген жат ағым өкілдері бар, – деді.

Төлеш Ерзаттың пікірінше, алдын алу, қарсы насихат жұмыстарын ең әуелі отбасынан және мектептен бастау керек. Дәлірек айтқанда, баланың бойына деструктивті идеологияға қарсы имани иммунитет сол жерде егілмесе, ертеңгі күні ол теріс пиғылдылардың сойылын соғып кетпесіне кепіл жоқ.

– Алдымен ата-ананың діни сауатты болғаны дұрыс. Сондай-ақ, мектепте алдын алу және түсіндіру жұмыстарын жүргізе беруіміз қажет. Атап айтқанда, жоғары сынып оқушылары жат ағымның не екенін, олардың зияны, экстремистік және террористік топтарға алып баратын жолдар қандай екенін білуі, теріс идеологияның ықпалынан сақтану үшін діни сауатты болуы тиіс. Менің ойымша, мектеп бағдарламасына жат ағымның алдын алуға арналған пән немесе «Дінтану» пәні аясында аталған тақырыпта бөлек сабақтарды енгізу керек шығар, – деген ойын айтты Төлеш Ерзат.

Теологтың сөзінше, ғасырлар бойы сұрыпталып, сараланып, уақыт сүзгісінен өтіп, сүрлеу болып қалыптасқан қазақтың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары Ислам дінімен біте-қайнасқан. Сол құндылықтарды қайта жаңғыртып, өз мәдениетімізді, дүниетанымымызды қалпына келтіру арқылы да жат ағымдардың таралуына тосқауыл қоя аламыз.

– Бұл құндылықтардың дәні бала бойына, жоғарыда айтқанымдай, отбасында және мектепте себілуі қажет. Ол үшін ата-ананың өзі қазақтың дәстүрлерінен сауатты болғаны жөн. Әйтпесе діні мен дәстүрінен бейхабар әке-шешеден қандай оңған бала өсіп-жетілсін?! Ертеңгі күні көрінгеннің жетегіне кететін тамырсыз, тұрақсыз, рухани иммунитетсіз жастарымыз осындайлардың арасынан шығатыны өкінішті, – дейді.

Оңалту бөлімі басшысының орынбасары Пиязбек Айтмаханбет «терроризм» деген ұғымды екі бөліп қарастыру керек екенін айтты.

– Біріншісі, физикалық тұрғыда жасалатын терроризм. Оны баршамыз жақсы білеміз: қарумен, күшпен, бомба жарумен болатын қылмыстар. Ал екіншісі, яғни одан да қауіптірегі – санаға жасалатын терроризм. Ол – жастардың миларын улап, аталған физикалық терроризмді жасауға дайындап жатқан деструктивті идеология, – деді ол. – Дін саласының мамандары ең алдымен осы теріс идеологияның алдын алу үшін халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Айта кетейік, Маңғыстау облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелері бойынша ақпараттық талдау орталығы» КММ құрамында Оңалту және Ақпараттық-түсіндіру бөлімдері қызмет етеді. Оңалту бөлімінің мамандары теріс ағымда жүрген адамдармен жеке және топтық кездесулер өткізумен айналысады. Ал Ақпараттық-түсіндіру топтары халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

 

Дереккөз: kazislam.kz 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *