Нидерланд парламентінің төменгі палатасы «бет әлпетті жабатын» киім, оның ішінде бурка, ниқаб сияқты мұсылман киімдерін киюге шектеулі түрде тыйым салатын заң жобасын мақұлдады. Құжатты палатадағы 150 депутаттың көпшілігі қолдады. Енді ол парламенттің жоғарғы палатасында дауысқа салынуы керек.
Зерттеулер бойынша, Нидерландыда тек бірнеше жүздеген әйел бет-әлпетін жасыратын никаб немесе денесі мен басын түгел жауып тұратын бурка киеді. Дегенмен, кезінде Нидерланд үкіметі Еуропаның өзге елдері, мысалы Франция мен Бельгия сияқты мұндай киімдерге тыйым салуға бірнеше рет әрекеттенген.
Заң жобасы бет-әлпетті жасырып, жабатын киімдерге толықтай тыйым салмайды. Мұндай киімдерді қоғамдық көлікте, оқу орындарында, денсаулық сақтау институттары мен мемлекеттік мекемелерде киюге шектеу қойылады. Үкімет өзі ұсынған бұл заң жобасын «діни тұрғыдан бейтарап» деп атайды.
Дереккөзі: Радио Азаттық