Берлин. 22 желтоқсан. Берлиндегі рождестволық жәрмеңкеде болған лаңкестік ісі бойынша 24 жастағы тунистік Анис Амри ресми түрде іздеуге жарияланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі.
«Егер іздеуде жүргенді көрген болсаңыз, полицияға хабарласыңыз. Бірақ қатерге ұшырап қалмаңыз, себебі ол қауіпті әрі қаруланған болуы мүмкін», — делінген прокуратура таратқан мәлімдемеде.
Прокуратура Амридің жасырынған жерін нұсқаған адамға 100 мың еуро көлемінде сыйақы беруге уәде етті.
Ел билігінің мәліметінше, Анис Амри Германияға 2015 жылдың маусымында босқын мәртебесін сұрап келген болатын. Бірақ оның өтініші қабыл алынбаған. Бірақ күдікті Туниске қайта оралмаған, себебі өзімен бірге тұлғасын растайтын құжаттары болмаған.
Еске салайық, 19 желтоқсан күні кешке жүк көлігі Берлин орталығындағы рождестволық жәрмеңкеге жиналған қалың жұрттың ортасымен жүріп өткен болатын. Кейін полиция қызметкерлерімен жүк көлігін тінту кезінде Анис Амридың құжаттары табылған болатын. Үкімет болған оқиғаны теракт ретінде қарастырып отыр. Оқиға зардабынан 12 адам қаза болып, 48-і жарақаттанды. «Ислам мемлекеті» (Қазақстанда тыйым салынған) лаңкестік тобы болған оқиғаны өз мойнына алды.Дереккөз: ҚазАқпарат