Актау. 1 наурыз. Имамдардың басты қызметтерінің бірі — теріс ағымның алдын алу. Сонымен қатар, теріс ағым жетегіне түскендермен оңалту жұмысын жасау. Әрине, бұл үшін білім мен біліктілік қажет. Маңғыстау облысында теріс ағым өкілдерімен тікелей айналысатын бекітілген имамдар кестеге сай біліктілік курсынан өтіп тұрады. Маңғыстау облыстық орталық мешіті кезекті 2 күндік курсты ұйымдастырып, оған 15 имам қатысуда.
Курс барысында 4 мәселе бойынша дәріс өтеді. Мақсат — әр курс сайын белгілі тақырыпты кеңінен талдап түсіндіру арқылы бекітілген имамдардың біліктілігін арттыру.
Маңғыстау облысының өкіл имамы С.Сейтбеков курс барысында тарихта орын алған діни-саяси мәселелер мен қазіргі таңда орын алып жатқан діни-саяси оқиғалардың байланысы төңірегінде дәріс өтсе, Ақтау қалалық мешітінің ұстазы Қалмет Айюб ханафи мәзхабында әлсіз хадистердің орны мен дәлелге жарамдылығы жайында дәріс өтті. Мұнайлы аудандық мешітінің наиб имамы Асга Юнус сақал мен ниқаб мәселесі жөнінде дәріс оқыды.
Оңалту мен жеке түсіндіру жұмысымен айналысатын имамдардың мұндай курстары 2 ай сайын өтіп тұратын болады.
Дереккөз: Маңғыстау облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі