Париж. 1 наурыз. Франция полициясы ел аумағында лаңкестік жасамақ болды деген күдікпен 3 бойжеткенді тұтқындады.
Олардың бірі – 18 жастағы Париж маңындағы лицейдің оқушысы. Қауіпсіздік қызметкерлері оның ізіне өткен жылдың жазында түскен. Арнайы мекеменің мәлімдеуінше, бұл қыздарға Рашид Касим есімді лаңкес бағыт-бағдар беріп отырған. Олар бұл содырмен ғаламтордағы әлеуметтік желі арқылы байланысып келген.
Айта кетейік, 10 ақпанда жергілікті полиция тағы бір арнайы операция жүргізіп, «Ирак және Левант лаңкестік ұйымымен» байланысты 4 адамды тұтқындаған еді. Олардың арасында да 16 жастағы қыз бала болған.
Дереккөз: Хабар 24