Анкара. 6 наурыз. Түркияда конституциялық реформа бойынша өтетін жалпыхалықтық референдум қарсаңында қауіпсіздік шаралары күрт күшейтіліп жатыр.
Әсіресе күштік құрылымдар «Ирак және Левант лаңкестік ұйымы» мен күрд жасақтарына қарсы антитеррорлық іс-қимылдарды үдете түсті. Түркия Ішкі істер министрлігі таратқан ресми мәліметке сүйенсек, соңғы бір аптада әуе және құрлық жолы арқылы 201 арнайы операция ұйымдастырылған. Нәтижесінде 1 мың 300-дей адам ұсталып, оның 77-сі темір торға тоғытылды.
Еске сала кетейік, Түркияда басқару жүйесін өзгертуді ұсынатын конституциялық реформа бойынша жалпыхалықтық референдум сәуір айының 16-сы күні өтуі тиіс. Қазір елдегі барлық саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар саяси науқан аясында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осыған байланысты халық көп шоғырланатын қоғамдық орындарда қауіпсіздік шарасы қатаңдатылды.
Дереккөз: Хабар 24