Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Деструктивті діни ағымдар туралы түсінік

Секта сөзі (ағым) (лат. secta- ой жүйесі, ілім, бағыт,) – орнықты діни ілімдерге әлеуметтік қарсылық түрінде пайда болады, тек өзінің ұстанған жолының дұрыстығына күмәнсіздігімен ерекшеленеді.

Секта ежелгі гректерде де ілім, бағыт, мектеп ұғымын білдірсе, этимологиялық мағынасы латынның sequi яғни, «артынан еру», «бағыну» деген сөзінен шыққан. Соңғы кезде Батыс дінтанушы ғалымдары алғашқы екі ұғымды («жалған ілім», «күпірлік»)  синоним ретінде қолданып жүр. Секта сөзі В.И. Дальдің терминологиялық сөздігінде, секта- жеке қауымдастық, дәстүрлі және әлемдік діндерден бөлініп шыққан діни ілім. Д.Н. Ушаков құрастырған сөздікте: Дәстүрлі діндерден өз дербестігін алған діни ілім немесе түрлі әлеуметтік топтардан құралған ұйым; Құқықтану саласынан да секталардың қоғамдағы әрекеттеріне қарай «деструктивті немесе тоталитарлы секта» деген терминдік атау берілген.  Деструктивті секта-дәстүрлі діндерден бөлінген оларды дін ретінде мойындамайтын, жеке көзқарастарымен діни догматикаларын қалыптастырған, мемлекеттің ішкі тұрақтылығы және қоғамдық құрылыстарға кері әсерін тигізуші тар шеңберлі көзқарастағы адамдардан құралған топ. Тоталитарлы секта-басшылары көбіне заңға қайшы келетін қылмыстық әрекеттерге барып, қарапайым топ мүшелерінің саналарын түрлі манипулияциялық амалдармен жаншып, тоталитарлық жолмен бағындыруға тырысады.

Діндер дәстүрлі және дәстүрлі емес деп  бөлінеді. Дәстүрлі діндер деп- бірнеше ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі, діни әдет-ғұрыптары, отбасылық қарым-қатынасы және белгілі бір ұлттың  дәстүрлі өмір сүру формасы мен мәдени құндылықтарын жоққа шығармай, өз ілімдері тұрғысынан қабылдап, оған қарсы келмей ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдыратын ерекше құбылыс. Бірақ, дәстүрлі діндерге деген әр қоғамда әртүрлі көзқарастар туындауы мүмкін, оған мысал Ресейде дәстүрлі дін саналатын православия  Жапонияда дәстүрлі саналмауы мүмкін немесе керісіншеде болуы да ықтимал. Ал дәстүрлі емес діни қозғалыстар қоғамда тарихи-мәдени тұрғыда қалыптасқан құндылықтарды, салт – дәстүрлерді танымайтын, оны жоққа шығаратын  негізгі діндерден бөлініп шыққан діни ағым.

Діни ағымдар негізінен материялдық тұрғыда шегіне жеткен ал, рухани азғындаған қоғамынан шығуда. Олардың пайда болу шарттары да күрделі. Экономикалық тұрғыда дамыған мемелекеттердегі осы діни секталардың шығуына әсер етуші факторлары мен таралу процестері біздің еліміздегіден басқаша сипатта болды. Материялдық жағынан дамыған қоғамның әсіресе студент жастар, зиялы  қауым өкілдері мен өнер жұлдыздары және қарапайым көпшілік арасында да жаппай ағымның шығуына және етек алуына қоғамдағы әлеуметтік психологиялық мәселелер де әсер етті. Еш өзгеріссіз күнделікті өмірлерінен мезі болған олар, бақытты материалдық құндылықтардан емес, керісінше рухани құндылықтардан іздейді.

Әлемде  қандай экономикасы өркендеген  мемлекет, ең бірінші ұлтының мәдени және рухани құндылықтарын сақтап, құрметтемесе онда оның болашағы  бұлыңғыр болмақ. Бұндай өркениеттер тарихта көптеп саналады. Қазіргі таңда кейбір дамыған елдерде өздерінің ұлттық құндылықтарына көп көңіл бөлінбегендіктен, сол қоғам мүшелерінің мәңгілік сұрақтарының шешілмеуі, өмірдің мән-мағынасы, өлім және ақирет ілімдері жайлы түсініктердің жетпеуі, жастарына дұрыс бағыт-бағдар берілмеуі және соңғы жүз жылдықтарда орын алған дүниге деген материалдық көзқарастардың қалыптасулары проблемалары  адамдардың рухани іздеуіне әкеп соғады.

Қазіргі заман ақпартты-технологияның яғни, ғылым мен білімнің дамыған уақыты. Сол ғылым бір жағы адамзаттың руханиятының дамуына пайдасын тигізсе, екінші жағы жалпы оның жеке тұлға болып қалыптасуына зиянын тигізеді.  Мәселен қарқынды дамудағы мемелекеттер арасындағы саяси мәдени байланыстар, ақпараттар алмасумен оның  жылдам жетуі, БАҚ, интернет жүйесі. Адамның осы ақпараттарды, түсініктерді жүйелі қабылдап, қорыта алмауы және уақытының жетпеуі оның психологиясына  кері әсерін тигізіп,  рухани құлдырауға апарады.

Өмірдің бар саласы комерцияға айналуы, барлық нәрсе сатылады және сатып алуға болады деген түсініктің белең алуы, қоғамдағы  парақорлық пен бюрократия, әлеуметтік, саяси, демографиялық және тағы да басқа проблемалардың дер кезіде шешілмеуі, білім беру саласында дін туралы ғылыми білім беру жүйесінің дұрыс жолға қойылмауы және рухани жұтаңдық, адам өз өміріне рухани тірек таппауы секілді мәселелердің барлығы   осы дәстүрлі емес діни қозғалыстардың пайда болуына әсер етеді.

Дәстүрлі емес жаңа діни қозғалыстардың әлемдегі дамыған елдердегі кеңінен жайылуына, ондағы экономиканың біржақты дамуы, мәдени құндылықтар мен рухани құндылықтарға мән берілмеуі яғни, рухани деградация, жұмыссыздықтың өсуі, инфлияция, тәртіпсіздіктердің шамадан тыс етек алуы, маскүнемдік, нашақорлық, жезөкшелік, экологиялық проблемалар және т.б. – осындай күрделі мәселелердің шешімін таппаған соң адам санасы белгілі бір рухани тірек іздеуі заңдылық.

Қорыта айтқанда дәстүрлі емес діни қозғалыстар мен ғибадаттар  қоғамдық, ғаламдық  деңгейдегі саяси, әлеуметтік, діни жалпы мәдени  факторлардың себебінен пайда болған және пайда болуда.
Оның адамдар арасында жаппай тарап өріс алуына бірден бір себеп рухани байлықтың жоқтығы. Сондықтан еліміз келешекте кемел болсын десек, материялдық тұрғыға мән бергеніміздей рухани құндылық ұлт қуаты екенін ұмытпай оғанда көңіл бөлуіміз керек.

Тимур Нүсіпханұлы

Алматы қаласы ДІБ «Сараптама және зерттеу орталығының»

 Бас сарапшысы, дінтанушы заңгер.

Дереккөз: Алматы қаласы ДІБ «Сараптама және зерттеу орталығының»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *