Ақтөбе. 11 сәуір. Ақтөбенің Мұғалжар ауданында діни ахуал қиын. Сондықтан бұл ауданда діни орталық ашылып, әкім Ербол Данағұлов білікті теологтар іздеп жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбенің Мұғалжар ауданында жат ағым жетегінде жүргендер әлдеқайда көп. Қазіргі күні есепте 450 адам тұр. Көбі отбасылы, балалы-шағалы. Есеп бойынша, барлығы 192 отбасының діни көзқарасы аудандық ішкі саясат жанынан құрылған діни орталықтың бақылауына алынған. Оларды тура жолға салу қиын. Сондықтан білікті діни қызметкерлер мен теологтарға сұраныс бар.
«Ауданда қазір 10 мешіт бар. Оған 1500 адам сыяды. Жалпы 800-ге жуық жамағат мешітке барады десек, оның 450-і адасып жүрген біздің бауырларымыз. Биыл аудандық ішкі саясат басқармасы жанынан үлкен орталық ашылды. Оған жақсы, сауатты теологтар тартуымыз керек. Осыдан бір апта бұрын Алматы қаласына барып, Нұр-Мүбәрак университеттерінің студенттерімен кездескен болатынмын. Ол жақта Ақтөбе облысынан 53 студент білім алып жүр. Студенттермен келіссөз жүргіздік. Биыл екі студент университет бітіріп, Қандыағаш қаласындағы орталыққа жұмысқа келуге ниет білдіріп отыр»,- деді Мұғалжар ауданының әкімі Ербол Данағұлов.
«Адасып жүрген адамдарды кейін қайтару қиын. Дегенмен, біз жұмыс істейміз. Жеңіске де, жетістікке де жетеміз. Бір айда жат ағым жетегінде жүрген 20 адамның бетін бері қайтаруымыз мүмкін. Нәтижесі келесі айда белгілі болады»,- деді аудан әкімі.
Дереккөз: ҚазАқпарат