– Мүфти-хазрет, бір сұқбатыңызда: «Бізге заманауи имамдар керек», — депсіз…
– Ия, қазір бізге ұлттық санасы қалыптасқан, діни білімі терең, интеллектуалы жоғары заманауи имамдар қажет. Имам-молдалардың білімі мен біліктілігін жаңа заманға сай жетілдірудің де өзектілігі анық сезіліп отыр. Сол себепті «ХХІ ғасыр имамы» атты зияткерлік білім сайысын да қолға алудамыз. Сол арқылы имам-молдаларға дін ғылымымен қатар елдің тарихын, қазақ мақал-мәтелдерін, ұлт көсемдері мен би-шешендерінің даналық ой-тұжырымдарын, діни өлең-жырларын жаттатып, уағыз-насихатты сондай ұлттық құндылықтармен тұздықтап отыруға машықтандырамыз. Осындай білім сайыстарының дін қызметкерлерінің бүгінгі қоғамның сұранысына сай білім ізденуіне, өздерін өздері қамшылап дамуына, ой өрістерінің үнемі кеңеюіне септігі тиер еді.
Бір ізгі ғұлама: «Атқаратын шаруалар уақыттан да көбейіп кетті», — деген екен. Тұлға тәмсілінде айтылғандай, қазір дін қызметінде жүрген имамдар үшін де жүзеге асыратын жұмыс көп. Біздің басты байлығымыз – иман, тәуелсіздік, татулық. Ендеше, осы асыл ұғымдарды сәт сайын қорғау, нығайту әрбір адамның міндеті болса, бұл тұрғыда дін өкіліне артылар жауапкершілік пен сенім орасан зор.
Ең әуелі имани иммунитетімізді көтеруіміз керек
– Түрлі діни ағымдардың жастар санасын оңай улауының себебі неде?
– Оның бірнеше себептері мен салдарлары бар. Балаларымыздың дос-жарандары қандай, оның жолдастары неге еліктейді, жалпы ұл-қызымның ортасы қандай деген сұрақтар төңірегінде көбірек ойланғанымыз абзал. «Сенің қандай адам екеніңді досыңа қарап айтып беремін», — деген екен ізгі ғұламалар. Ортаның әсері баланың тәрбиесіне тікелей ықпал етеді. Бұл – тәжірибеде анықталған дүние.
Екіншіден, жастарымыз алтын уақыттарын ғаламторда пайдасыз ойын ойнаумен өткізеді. Тіпті ғаламтор желілері арқылы танысып, отау құрып жатқандар да баршылық. Бұл да ойланатын нәрсе. Ислам діні мұсылманның заман талабына сай дамып, жаңа технологияларды меңгеруін қолдайды. Алайда әр нәрсенің өз өлшемі мен шегі болады. Шектен тыс берілу адамға теріс әсер етеді. Елбасының: «Болашақта ғаламтор қарайтындар кітап оқитындарға жұмыс істейтін болады» деген сөзі көп нәрсені аңғартса керек.
Үшіншіден, баланың дүниелік білімімен қоса діни сауатына да көңіл бөлгеніміз абзал. Жеткіншектеріміздің бір Аллаға сеніп, ата-анасы мен өзгелерге мейірім танытып, қайырымдылық жасауға ұмтылып өсуін өмірінің өзегіне айналдыра білуіміз қажет. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) : «Адамдардың жақсысы – өзгелерге пайдасын тигізгендері», — деген. Ислам ізгі істерге үндейді. Өкінішке қарай, базбір ақпарат құралдары асыл дініміз жайлы жағымсыз хабар таратып, кейбір мәселелерге көз жеткізбей тұрып, асыра сілтеп жіберу салдарынан кейбір ата-аналар ұл мен қыздарын мешітке жіберуден қорқып қалған жайы бар. Бүгінде мешіттеріміздің жанынан ашылған діни сауат ашу курстары балаларға тегін білім беруде. Жүрегі мешітке байланған адам арсыз істерге жол бермейді.
Ендеше, халқымыздың теріс ағымдарға қарсы иммунитетін қалыптастырудың негізгі тетігі – діни ағартушылық. Ол үшін білікті де білімді жас мамандарды көптеп даярлап, еліміздің түкпір-түкпіріндегі барлық мешітті сондай сауатты кадрлармен қамтамасыз етуіміз қажет. Сонда ғана ата-бабамыз ғасырлар бойы діни дүрдараздыққа жол бермей ұстанып келген дәстүрлі дініміз халық санасында орнығып, теріс ағымдардың жолы жабылмақ.
Жастардың экстремистік ағымдарға ілесіп кетпеуіне жол бермеудің тағы бір тәсілі бұқаралық ақпарат құралдарын тиімді пайдалану. Өкінішке қарай, бүгінде дәстүрлі дініміздің телеарна, радиолар арқылы насихатталуы мен арнайы діни бағдарламалардың түсірілуі ақсап тұр. Көптеген телеарналар мұндай тақырыптан қашуға тырысады. Сол себепті дін насихаты халыққа тиісті деңгейде жетпейді. Осыған қатысты құзырлы мекеме басшыларына бұқаралық ақпарат құралдарына арнайы діни тақырыптардың жоспарын жүктеп, бекітіп берсе деген ұсыныс айтқым келеді. Егер телеарналардан белгілі бір жүйеде дәстүрлі дініміз насихатталып, адастырушы ағымдардан сақтандыру мақсатында дін өкілдері қатысқан арнайы бағдарламалар көрсетіліп тұрса, бұдан ойдағыдай нәтиже шығады деп ойлаймын.
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти
Дереккөз: ҚМДБ ресми парағы