Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Айнұр Әбдірәсілқызы: Пайғамбар тағлымын қазақтан артық түсінген халық жоқ секілді

Астана. 25 сәуір. ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызымен сұхбат

− Айнұр Әбдірәсілқызы, 21 сәуірде Алматы қаласында өткен «Жастар арасындағы діни экстремизмнің алдын алудағы әйелдер ұйымдарының рөлі» атты республикалық конференцияға қатысып қайтқаныңыздан хабардар болып отырмыз. Әңгімені дәстүрлі сауалдан бастасақ: Бұл шара несімен ерешеленді?

− «Деңгейімен ерекшеленді» дегеніміз дұрыс шығар.Өйткені осы аттас шаралар соңғы жылдары аз өткізіліп жүрген жоқ. Өткен жылдың күзінде бұл тақырыпты Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі көтеріп, атаулы шара ұйымдастырғаны көзі қарақты оқырманның жадында болар.

Өзекті мәселені тиісті деңгейде талқылау үшін 2016 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның назарына бастама ұсынған да өзіміз болатынбыз. Әйелдер мәселесінің кез келген қырын назардан тыс қалдырмайтын Ұлттық комиссия бұл бастамаға да қолдау білдіріп, ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Н.Әбдіхалықованың, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қатысуымен жоғары деңгейдегі осы конференцияны ұйымдастырды.

Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде өткен шара барысында айтары мол аға буын замандастарымыз көзбен көріп, көңілге түйген талай жайтты ортаға салды. Сөз түйіні Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы өзекті ойларымен астасып, сол қарсаңдағы зиялы және діни қауым өкілдерімен кездесуінде тұжырымдалған келелі кеңестерімен қабысып жатты.

− «Дей тұрсақ та» деп еріксіз іркілетін тұстар болды ма?

− Әрине, ел болған соң, артық та болады, кем де болады, бес саусақ бірдей емес. Тыңдарманның сана деңгейі сан қилы, сондықтан бізге баяндамамыздың барысында әңгімені «дін дегеніміз не?» деген сауалдан бастауға тура келді.

Құндылықтарын қайта сараптап үлгермеген қарапайым қоғам өкілдері «дін» дегенді әлі күнге сеніммен немесе нақты құлшылық рәсімдерімен ғана байланыстырады. Діннің көкжиегі санадағы шектеулерден әлдеқайда кең екенін, адамзат тарихындағы сан түрлі мәдениеттер мен өркениеттердің негізінде дін жатқанын, «дін» ұғымының руханият әлемімен балталаса бұзылмастай болып кірігіп кеткенін өкінішке орай, өркениетті сана деңгейіне көтерілуге тиіс замандастарымыз өрелі түрде пайымдай бермейді.

Бейнелі түрде айтқанда, дін – мәдениет, дін – тарих, дін – әдебиет, дін – дәстүр, керек десеңіз, дін – өнер де. Яғни осы салалардың бәрінде діни таным іздері сайрап жатыр. Сан ғасырлық соқпақтан өткен дін әлдеқашан қоғамдық сана негіздерінің біріне, қоғам өмірінің шындығы мен сұранысына айналып кетті. Ол – өмірден тыс тұрған әлдебір тылсым құбылыс емес, өмірмен қиюласа кірігіп кеткен рухани құндылықтар жүйесі.

Дінді осылай түсінгендіктен де кешегі қазақ қауымында ғасырлар бойы не фанатизм, не радикализм құбылысы байқалмады. Яғни қазақ діннің рухын сезінді, дінді дінилендірген жоқ, оны өз рухына сәйкес руханиландыра білді. Мұхаммед пайғамбардың: «Қиындатпаңдар – жеңілдетіңдер, қорқытпаңдар – сүйіншілеңдер» деген тағылымын қазақтан артық түсінген халық жоқ секілді көрінеді кейде…

− Иә, таразыланбаған талай тақырыптың тұнып жатқаны осылай ой өрбіткенде аңғарылады. Әлқисса, әңгімеге арқау болған мәселеге ойыссақ. Өз пікіріңізше, әйелдер ұйымдары экстремизм профилактикасы мәселесін шешуге қаншалықты үлес қоса алады?

− Ең алдымен «экстремизм профилактикасы» деген ұғымның аса кең екенін орынды пайымдағанымыз жөн. Экстремизмнің алдын алу тек шетін көзқарастардың зияндылығын айтып, түсіндірумен немесе экстремистік идеология ықпалына ұшырағандарды райынан қайтару бағытында жұмыс жүргізумен ғана шектелмейді.

Экстремизмнің алдын алу ең алдымен жалпы қоғамда, мемлекетте рухани негіздерді дұрыс қалыптастыру, сол мақсатта өскелең буын бойына ғасырлар сынынан өткен бай рухани-мәдени құндылықтарды сіңіру, төл мәдениетті, әдебиетті, тарихты, салт-сананы, дәстүрлі діни көзқарасты игерту, қазіргі зайырлы мемлекеттің ілгерішіл құндылықтары мен адамгершілік-өнегелік қағидаттарын сіңіру, сол арқылы жастар тұлғасында мызғымас берік көзқарас, сарабдал-сыншыл сана қалыптастырудан басталады. Құндылықтары айқын, өлшемдері берік буын ғана шетін көзқарастарға бой алдырмайды.

Экстремизм профилактикасына осылай кең көзбен қарасақ, онда бұл мәселеде әйелдер ұйымдарының атқарар ролі зор екеніне көз жеткізу қиын емес. Қазір Қазақстанда ресми түрде тіркелген 200-ден астам әйелдер ұйымдары жұмыс істейді. Олардың қызмет аясы өте кең. Білім беру, шығармашылық саласы, балалар мен жастар тәрбиесі, руханият, дін, қайырымдылық, құқық, бизнес, медицина, экономика салаларының ешбірі әйелдер ұйымдарының қатысуынсыз қызмет атқарып отырған жоқ. Олардың қай-қайсысы болмасын өз қызмет бағыттары аясында жоғары аталған негіздерде экстремизмнің алдын алу шараларына белгілі бір дәрежеде үлес қоса алады.

Сонымен қатар біз «әйелдер ұйымдары» деген ұғымды тек «арнайы тіркелген үкіметтік емес ұйымдар» деп қана түсінуден арылуға тиіспіз. Әйел азаматтар басым шоғырланған немесе қызмет аясы әйелдер аудиториясына бағытталған көптеген ұжымдарды осы түсінік аясында қамтуға болады. Мысалы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрамындағы көптеген мешіттерде әйелдерге арналған сауат ашу курстары бар. Олардың ұстаздары да, аудиториясы да әйел азаматтардан құралған. Дәл осы сауат ашу курсының білікті мамандары өткен жылы жүзеге асқан «Ақтөбе облысында экстремизм мен терроризмнің алдын алу» жобасы аясында нәтижелі жұмыс жүргізді.

− Сөзіңіз аузыңызда, өз кезінде сіздің «Ақтөбеде атқарылған шаралар экстремизм феминизациясын еңсеруге септеседі» атты сұхбатыңыз осы саланың кәсіби мамандары үшін талай тың мәліметтер берген болатын…

− Иә, сол сұхбаттың сүрлеуімен осы тұстан біз мәселені кәсіби тұрғыдан қарастыруға көшелік. Экстремизмнің алдын алу және радикалды идеологиядан қайтару шаралары әйелдер аудиториясына бағытталғанда, олармен әдетте әйел мамандар – теолог, дінтанушы, психолог, заңгер, медицина қызметкерлері анағұрлым өнімді жұмыс жүргізе алады. Мұндай жұмыстар біздің тәжірибемізде мемлекеттік мекемелер мен өндіріс орындарындағы әйелдер аудиториясында, мешіттегі әйелдер жамағатында және радикалды идеология ықпалына түскен тұлғалар арасында жүргізіледі. Экстремизм феминизациясы өршіп отырған қазіргі діни ахуал жағдайында аталған аудиторияларды толығымен қамту барынша маңызды.

Мұндайда жұмыс нысаны болып табылатын әйел азаматтар әйел, ана, замандас, сұхбаттас, әріптес ретінде әйел мамандарға ғана барынша ашыла алады.

Әсіресе діни сенімдеріне орай ер азаматтармен (соның ішінде мамандармен де) қарым-қатынастан қашқақтайтын дәстүрлі емес діни ағым ықпалына түскен әйелдер өздерінің барлық әлеуметтік-экономикалық, тұлғалық-психологиялық  қиындықтарын әйел мамандарға тартынбай айта алады. Әйел мамандар олардың сеніміне кіре отырып, ақпараттандыру, кеңес беру, діни көзқарасына ықпал ету және райынан қайтару жұмыстарын жемісті жүрде жүргізе алады. Дәстүрлі емес діни ағымдағы әйелдердің зайырлы құндылықтарға және қоғамдық ортаға бейімделуіне әйел мамандар жеке тұлғасымен үлгі болу арқылы да ықпал етеді.

Айтылғандармен қатар ел халқының 51,7%-ын әйел азаматтар құрайтынын ескерсек, олардың елеулі бөлігін қамтыған әйелдер ұйымдары мен ұжымдарының өзге шаралармен қатар экстремизмнің алдын алу жұмыстарына да әлеуеті зор күш ретінде үлес қоса алары айқын.

− Әйел-ана жайында сөз болған тұста заңды түрде жастар тәрбиесінің жай-күйі сөз болмай қалмайды. Сол аналар тәрбиелеп отырған жастардың радикалдануына жол бермес үшін қандай шараларды жүзеге асырған жөн?

− Алдымен аман қалған аудиторияға қатысты әңгімені айтайын, содан кейін кәсіби тұрғыдағы пайымдауларға көшуді назарыма саларсыз.

«Бала тәрбиесі – бесіктен» дейді қазақ мақалы. Бұл қағидадан жастарды радикалды идеологиядан арашалау мәселесі де тыс қала алмайды.

Бала тәрбиесі ананың жағдайын жасаудан басталады. Әйел бақытты болса – қоғам бақытты. Әйел дертті болса – қоғам ауру. Дертті қоғамнан дені сау ұрпақ тумайды. Әйелге жағдай жасасақ, ол отбасын өзі реттейді. Әйел-ананың дүниеге ұрпақ әкелуі мен бала тәрбиелеуіне толық жағдай жасалса, жаңа буын мінезіндегі агрессияшылдық пен санасындағы адасушылық анағұрлым азаяр еді.

Бірақ біз бала тәрбиесі тек ана тәрбиесімен ғана шектелмейтінін де түсінуге тиіспіз. Адамды бүкіл орта тәрбиелейді.

Шетін көзқарастың алдын алу шаралары дәстүрлі рухани және заманауи ілгерішіл құндылықтарды өскелең буын бойына сіңіруден басталатынын жоғарыда айттық. Мемлекет және қоғам болып, жас тұлғаның бойында жасампаз құндылықтар мен дұрыс рухани-адамгершілік өлшемдерді орнықтыруға, оның саралағыштық қабілетін дамытуға күш салуымыз қажет. Сонда радикалды идеологияның сыналап кіруіне жол беретін рухани бостыққа (вакуум) және жақсы болып көрінгеннің жетегіне еріп жүре беретін ойсыздыққа орын қалмайды.

Жастардың діни және құқықтық сауаттылығын арттыру, зайырлылыққа қатысты түсініктерін дұрыс орнықтыру, отансүйгіштік және мемлекетшілдік сана қалыптастыру мәселесі келесі кезекте келеді. Ұрпақтар сабақтастығын жаңғырту, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды дамыту, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына ықпал ету, ғылыми ізденістеріне жол ашу, әлеуметтік мәртебесінің орнықты түрде қалыптасуына (яғни жұмыс, баспана, т.б. мәселелерінің шешілуіне) мүмкіндіктер туғызу да осы бағыттағы жұмыстардың бір бөлігі болып табылады. Яғни шетін көзқарастың алдын алу үшін сананың сансырауына жол беретін жайттарды жойып, рухани агрессияның алдын алудың маңызы зор екенін ескеруіміз керек.

− Өзіңіз ескерткен кәсіби тұрғыдағы тұжырымдарға тоқталуды назарыңызға салайын…

− Кәсіби тұрғыдағы шараларға келсек, дәстүрлі емес, экстремистік және радикалды діни ағымдардың залал-зардабы мен алдау-арбау әдістері туралы жастарды кеңінен ақпараттандыру және сақтандыру, осындай шараларға жастар ұйымдарының өздерін тарта отырып, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру қажет. Ал радикалды идеология ықпалына түскен азаматтарды райынан қайтару бағытында арнайы жасақталған әдістеме негізінде ұзақ мерзімді, жүйелі шараларды жүзеге асыруға тура келеді.

Айтылғандармен бір мезгілде ғаламторымызды дәстүрлі емес діни ағым өкілдерінің усойқы уағыздарынан, экстремистік идеологияны насихаттайтын материалдардан, исламофобияны өршітуге бағытталған мәліметтерден, зайырлылыққа қарсы көзқарастардан, ал экранымызды адами құндылықтан жұрдай аморальдық көріністерден тазартуымыз қажет.

Ақпараттар аранына азаматтарды талғаусыз тоғытып жатқан ақпараттық ресурстардың, әсіресе әлеуметтік желілер әкімшілерінің заң алдындағы жауапкершілігін арттыру қажет. Заң талаптарын қатаңдандыру осы бағытта жүруі тиіс. Киберкеңістікке тиісті тежеу орнату керек. Мемлекет қаржысын мемлекет қауіпсіздігінен аямаған жөн.

Міне, жастарды радикалдану үдерісінен пәрменді түрде арашалаудың алыс та болса жақын сан соқпағы осылай айқындалады.

− Сөз түйіні?

– «Бір кітаптың аяғы – бір кітаптың басы-дүр» деген нақыл бар Шығыста. Кейде түйіндеймін деген жерден ойдың қайта тарқатылып кететіні бар.

Әр саланың айтылмай жүрген әңгімесі болады. Бұл сала үшін соның бірі – дәстүрлі емес діни ағымды ұстанатындардың отбасында өсіп келе жатқан балалардың жай-күйі. Сіз бен біздің көз алдымызда шілдеханасы жасалмаған, қырқынан шығарылмаған, тұсауы кесілмеген бала буын өсіп келеді. Оларды әкесіне құран бағыштамайтын, атасының қабіріне аттап баспайтын, жеті нан таратпайтын, үлкенге сәлем салмайтын, домбыра тартпайтын, халық әнін айтпайтын шала буын әке-шешелер тәрбиелеп отыр.

Сонда бұл ұрпақ кімнің ұрпағы?!

Осыны ойлағанда бұдан он екі жыл бұрын (ол кездегі дерт басқа еді) өз қаламымнан туындаған мына өлең жолдары ойыма оралады да тұрады:

…Ұсынған көпке үлгісін
Ұлағат-ілім кені едің.
«Ұстанып жаттың үрдісін
Ұрпағым кетті» демедің.
Тіреуің белден тұр сынып,
Тұлдырға көшіп қонды бақ.
«Ұрпағым!» дерсің ұмсынып,
Сенікі емес ол бірақ!
Қанында қалмай бір белгі
Жасампаз ұлттың жан нұры,
Тәлімін алса кімдердің,
Телінер соған тағдыры!
…Сақталған сынық асылдан
Жем болып жатқа кетер ме?!
Ғазауат сынды ғасырдан
Азамат аман өтер ме?!
Ұланын ұлтқа етсе жау,
Ерлерсіз қайтіп ел оңбақ?
Қазақстаным көктер-ау,
Қазақтың күні не болмақ?!
Міне, сол мұң әлі сол қалпы… Тек басқаша реңк алды… Әзірге сөз түйінім осы.

− Мазмұнды әңгімеңізге рахмет!

Дереккөз: Kazislam

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *