Астана. 26 сәуір. Салафизм – қазақ қоғамы үшін әбден жауыр болса да әлі қауіп-қатерін жоймаған өткір мәселе екендігі белгілі. Ілкіде жұрттың көз алдына «салафизм» десе, дәйім – «бидға», «ширк», «кафир», «тағут» деген сөздерді жиі қайталап, жұрттан іргесін бөліп, саяқ кететін сықпыты суық, қырма мұрт, қауға сақал, қысқа балақты рабайсыз кейіп-кескін елестейтін. Көпшілік олардан пәлендей қауіп көрмей, ел ішінде бірді-екілі телі-тентектің болатыны секілді салафилерді де қатты айтатын діннің сотқарлары ғой деген рәуіште бағалап, бұл өте-мөте шетін мәселе болса да, оған ағымдағы өткінші жәйттердің бірі ретінде қарайтын.
Иә, алдағы уақытта қарақұйын пәлекет тудыруы бек мүмкін салафизм мәселесіне біз осылайша самарқау қарап келдік. Салафизмнің қоңсы елдердің тынышын алып, тұнығын лайлағанын айтпай-ақ қояйық, 2000-шы жылдардан бері ел ішінде орын алған қанды қасап сойқандардың осы самарқаулығымыздың салдары екенін бүгін еріксіз мойындауымызға тура келеді. Әсіресе, 2011 және 2012 жылдары орын алған Ақтау, Балқаш, Шұбарши, Тараз және Ақсай шатқалындағы қанды оқиғалар, Сирия сұрапылына «жихад» деп аттанушылар, өткен 2016 жылғы Ақтөбе және Алматы қалаларындағы лаңкестер лаңы – ел тарихында қасіретті шежіре болып хатталды.
Әлбетте, салафизмге қарсы күресте тиісті құзырлы мекемелер мен лауазым иелері табансыздық танытты немесе пәрменді күрес жүргізбей отыр деуден аулақпыз. Бүгінде салафизмнің қоғамға қауіптілігі әр қырынан зерттелініп, мәселеге қатысты діни және құқықтық тұжырымдар әзірленіп, мәселенің түбегейлі шешімі қарастырылу үстінде. Мысалы, ҚМДБ мамандары салафизм идеологиясының доктриналдық және канондық негіздерінің дәстүрлі әһлу сунна бағытымен үйлеспейтінін айтып, ұдайы діни жамағатқа құлаққағыс жасап келеді. Қазір бұл бағытта білікті мамандардан тұратын 6 ақпараттық-насихаттық қосын құрылып, жүйелі жұмыс жүргізілуде. Осы күнге дейін аталмыш қосын мүшелері әр түрлі аудиторияларда бұқара халықпен кездесулер өткізіп, оның ішінде 100-ден астам салафизм сенімін ұстанушы азаматтарды райынан қайтару мақсатында нәтижелі жұмыстар атқарды.
ҚМДБ Ғұламалар кеңесі және республикалық ақпараттық-насихаттық топ мүшелері салафизм ағымының ақида және фиқһтық ұстанымдарының дәстүрлі Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебіне қайшы келетіндігі туралы ақпарат құралдарында көптеген ғылыми-танымдық мақалалар жазды. Ғаламтор ресурстарында теріс діни ағым өкілдерінің жаңсақ ұстанымдарын әшкерелейтін бірқанша бейне-дәрістер мен диспуттарды жариялады. Яғни, мәселе түбегейлі еңсерілмесе де діни басқарма тарапынан дәтке қуат боларлық тиімді шаралар жасалынуда.
Салафизмге қарсы күрестегі мемлекеттік билік тарапынан қабылданған маңызды шешімдердің бірі – 2014 жылы ақпан айында Астана қаласы Сарыарқа ауданы соты шешімімен салафизм идеологиясының негізгі қайнар-көзі болып саналатын Мұхаммед Абдулуаһабтың «Үш негіз» трактатының (Ибн Усаймин. «Шарх әс-саласат-ил-усул») түсіндірмесі, сондай-ақ, сол жылдың тамыз айында салафизм идеологиясына негізделген «әт-Тәкфир уәль Хижра» ұйымы экстремистік деп танылды. Бұдан өзге 2015 жылы Астана қаласы Сарыарқа ауданының соты идеологиялық негіздері салафизм ұстындарынан тұратын «ән-Нусра» және «Ислам мемлекеті» (ДАЙШ) ұйымдарын экстремистік деп танитындығы жөнінде шешім шығарды. Елбасымыз Н.Назарбаев та 2016 жылы 5 шілдеде орын алған Ақтөбедегі қанды оқиғаны: «Дәстүрлі емес діни ағым – салафизмнің зұлымдық әрекеті» деп айыптады. Яғни, мемлекеттік билік тарапынан салафизм идеологиясы экстремистік деп танылып, оны ауыздықтауға құқықтық-санкциялық күші бар шешімдер қабылданды.
Салафизм ағымының елімізге қандай жолдармен таралып жатқанына назар аударатын болсақ, шетелдік кәззаб-шейхтардың атынан шыққан діни әдебиеттер жастарды елітіп, олардың таным-түйсігіне екпінді әсер етуімен және құжыралардағы шала сауатты идеологтары жүргізген насихаттары арқылы таралып жатқандығы аңғарылады. Осыған байланысты Қазақсан үкіметі діни мазмұндағы ақпараттарды сүзгіден өткізіп отыру үшін арнайы Ереже қабылдады (ҚР МСМ № 162 Ереже, 13 желтоқсан 2014 ж). Осы Ережеге сай сараптама жүргізуші мемлекеттік мекемелер қазір кез-келген діни ақпаратты қамтыған нысанды сараптамадан өткізіп, оң не теріс қорытынды берумен теріс діни ақпараттардың таралуының алдын алуға ықпал етеді. Сондай-ақ, жекелеген тұлғалардың салафизм идеологиясының насихаттауына жол бермес үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 490-бабының 1-ші және 3-ші тармақтарында «рұқсат етілмеген діни жиындарды өткізу» және «миссионерлік қызметті тіркеусіз жүзеге асыру» бойынша елу және жүз айлық есептік көрсеткіш көлемде айыппұл салу бекітілді.
Салафизмнің таралу қайнар-көздерінің бірі – базбір шетелдік діни оқу орындары екені белгілі. Осыған жол берілмесі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі шетелдерде діни білім алуға рұқсат етілген ЖОО-дың тізімін бекітті. Аталмыш ЖОО-ның тізімі ҚМДБ-мен келісе отырып жасалды. Яғни, Қазақстан азаматтары ҚМДБ-ның діни ұстанымындағы Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебіне сай білім беретін шетелдік оқу орындарында ғана діни білім ала алады. Сонымен қатар, мешіт имамдары және ақпараттық-насихаттық топ мүшелері жастардың өз Отанымызда діни білім алуын ұдайы насихаттауда. Еліміздегі діни білім алудың балама көзі ретінде отандық 9 медресе-колледжі және Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетін атап көрсетуге болады. Одан өзге алты бірдей ЖОО-да Дінтану бөлімі жұмыс істейді. Қазіргі уақытта елімізде дінтанушы және исламтанушы мамандарды дайындаудың бакалавриат, магистратура, PhD докторантура жүйесі қалыптасты.
Салафизм идеологиясының кең таратушы құралдардың санатына ғаламтор сайттары және әлеуметтік желілерді жатқызуға болады. Бұл жөнінде Э.Визинтайнер өз зерттеулерінде: «Терроризмнің соңғы жылдары интернет мүмкіндіктерінің беріп отырған құралдарды, оның ішінде «әлеуметтік желілер» түріндегі ақпарат көздерінің ерекшеліктерін кеңінен пайдалануға басымдық беріп отырғаны кездейсоқтық емес» (Э. Визинтайнер. The International Terrorism as Threat to the Security of the XXI century) деп дін атын жамылған лаңкестердің заманауи технократиялық ресурстарды өз кәдесіне жаратып отырғанын атап өткен болатын. Сондай-ақ, өткен 2016 жылы белгілі саясаттанушы Е.Карин да редакциясы шетелдерде орналасқан базбір әлеуметтік желілердің діни экстремизмді таратуға қызмет етіп отырғанын ашып айтқан еді. Осыған байланысты Елбасымыз Н.Назарбаев биылғы 2017 жылғы халыққа Жолдауында діни экстремизмнің ғаламтор арқылы таралуына тосқауыл болу үшін «кибер қалқан» құру керектігін алға тартты.
Расында да қазір көптеген елдер «кибер қалқан» құру арқылы ақпараттық қауіпсіздіктті қамтамасыз етіп отыр. Дамыған мемлекеттердің тәжірибесінде ғылыми тұрғыда дәйектелген осы құралды тиімді қолдана алсақ, бұйырса біздің еліміз де діни теріс идеологиялардың ғаламтор арқылы таралуының алдын ала алады.
Елбасымыз сәуірдің 19 күні ҚМДБ имамдарымен кездесуінде: «Қазақстанның аумағы ұлан-байтақ және табиғи қазба байлық пен ресурстарға бай екені баршаға белгілі. Осының бәріне қызғанышпен қарайтындар да бар. Олар – бізге қастық ойлап, қоғамымыздың ынтымағын бұзуға тырысушылар. Халқымыздың арасына теріс діни ағымдарды енгізу бізге сырттан ықпал етудің бір тәсілі болып саналады. Соңғы уақытта осындай үрдіс байқалып отыр. Біз мемлекеттігімізге қауіп төндіретін кез келген құбылыспен күресуге тиіспіз. Сондықтан сіздердің алдарыңызда зор міндеттер тұр» деп діни ахуалды реттеудің қаншалықты маңызды екеніне екеніне тоқталған болатын.
Осыған орай мемлекеттік құзырлы мекемелер мен ҚМДБ салафизм идеологиясының алдын алудың тиісті алғышарттарын жасап, қабылданған шешімдерге сәйкес табанды күрес жүргізуге кірісті. Еліміздегі салафизм қаупі әдепкідей қою болмағанмен, құлан-таза сейілді деп айта алмаймыз. Ақтөбе, Атырау, Сәтбаев, Екібастұздағы сірескен діни ахуал әлі өзгерген жоқ. Біз мәселені түбегейлі еңсеру үшін идентификациялық зайырлылық үлгілерін қолдануымыз керек деп білеміз. Егер, мемлекеттік құзырлы мекемелер немесе қоғамдық ұйымдар өз алдына дербес жоспарлармен діни экстремизммен күрессе, одан ұтылатынымыз айдан анық. Сондықтан, әкімшіліктерге қарасты Дін істері басқармалары мен «Дін мәселелерін зерттеу» КММ орталықтары, құқық қорғау органдары және ҚМДБ қызметкерлері салафизммен тізе қосып (идентификация) күресуі қажет. Осы тұрғыда ортақ мүддеге жұмыс істейтін жаңа басымдықтарға деген қажеттіліктің бар екендігі айқын сезіледі.
Мұхан ИСАХАН
Дереккөз: KazIslam