Астана. 2 мамыр. Бүгін ҚР Үкіметінің селекторлық режімдегі отырысында дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған мәселе бойынша баяндама жасаған ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, Қазақстан халқы ұлттық дәстүрге, қазіргі заманғы ақиқатқа негізделген және діни қағидалардың ішінен мейірімділікті ұстанатын, жат пікірлер мен кеңестерге еліктемейтін мемлекет ретінде мемлекет пен діннің қарым-қатынасында өзіндік модель қалыптастыруға құқылы екендігін атап өтті.
«Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы осы модельдің негізі болып табылады. Осы тұжырымдамамен жұмыс істеу барысында Президенттің «мемлекеттің зайырлылық қағидатын нығайту, кез келген діни радикализмді болдырмау» нұсқауларын басшылыққа алдық. Тұжырымдаманың мақсаты діни саланы реттеу бойынша 2020 жылға дейінгі ғылыми теориялық негіздерді айқындау, елдегі дін саласын реттеу бойынша заңнамалық басқарушылық, әлеуметтік-экономикалық шараларды анықтау болып табылады. Оны іске асыру қоғамда және жалпы рухани салада тұрақты әрі үйлесімді дамуды, жаңғыруды қамтамасыз етеді», — деді министр.
Сонымен қатар ол еліміздің бұдан кейінгі даму болашағы дін саласындағы мемлекеттік саясаттың пәрменділігімен тығыз байланысты екендігін баса айтты.
Тұжырымдама жобасын талқылау барысында Мәжіліс депутаты Жанат Жарасов аталған құжаттың негізгі идеяларына қолдау көрсетіп, басты ережелерінің пәрменділігін арттыра түсу үшін қоғам мен мемлекет дамуының одан ары бірізді дамуын қамтамасыз ету мақсатында осы саладағы заңнамаларды жетілдіру қажеттігін атап өтті.
Дереккөз: ҚазАқпарат