Ақтөбе. 19 мамыр. Ақтөбе облысында «теріс ағымды ұстанушылардың» 30 пайызы әйелдер деп мәлімдеді бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Сапарбаев бұл туралы Ақтөбеде мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті өткізіп жатқан экстремизм мен терроризмнің алдын алу және осы саладағы заңнаманы жетілдіру шаралары жөніндегі жиынында айтты.
Жиында сөйлеген Сапарбаев облыста «салафизм идеясын ұстанатын отбасыларында» 2500 балаға ата-анасы екпе салдырудан бас тартқанын айтты. Ол облыстағы «теріс діни ағымды ұстанушылардың» 30 пайызы әйелдер екенін айтып, облысқа әйелдер теологы керегін, аймақтық жоғары оқу орындарында теологтар дайындау қажетін айтты. Сапарбаев депутаттарға Қазақстанда салафизмге ресми түрде тыйым салуды, діни әдебиеттерді тәркілеуді одан ары жалғастыра беруді ұсынды.
Дереккөз: Радио Азаттық