Джакарта. 28 мамыр. Филиппиннің Марави қаласына басып кірген лаңкестер шаһардың 19 тұрғынын мерт қылды.
Қаза тапқандардың арасында үш әйел мен бір бала бар. Әскерилер олардың мәйіттерін шаһардағы университеттің маңынан тапты. Бірақ жергілікті билік бұл өлімге қатысты әлі тексеру басталмағанын хабарлады. Өйткені қаладағы ахуал оған мұрша бермей отыр. Ал елдің оңтүстігінде орналасқан шаһарда кескілескен ұрыстар әлі жалғасып жатыр. Қақтығыстан қаза тапқандардың саны 85-ке жетті. Сарбаздар 30-ға жуық лаңкестің көзін жойған. Ал содырлар жүздеген адамды кепілдікке алып, түрмедегі жазасын өтеушілерді босатып жіберді. Бірқатар ғимаратқа от қойған. Қала халқының 90 пайызы үйін тастып, қашып шыққан.
Джамаил Мангаданг, полиция офицері:
— Лаңкестер қарапайым халықты жазым еткен. Біз марқұмдардың мәйіттіне іздеу-құтқару операциясы кезінде тап болдық. Бірақ іске қатысты әлі тергеуді бастаған жоқпыз.
Дереккөз: Хабар 24 телеарнасы