Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Бақытжан Камалов: Дінтанулық сауаттылық – замана сұранысы

Қызылорда. 2 маусым. Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Камалов Бақытжан Жарылқасынұлымен сұхбат.

– Бақытжан Жарылқасынұлы, қазіргі таңда кейбір азаматтар зайырлылық ұғымын әлі де болса дұрыс түсінбей жүрген секілді? Әсіресе дінге бет бұрған жастар. Жалпы зайырлылық ұстанымы адамның жеке тұлғасына қаншалықты қатысты?

– Негізінен «Зайырлылық» ұғымының ауқымы кең. Мұны бір ғана сөзбен түсіндіруге болмайды. Қазіргі таңдағы зайырлылық ұғымының аясына ең алдымен гуманистік құндылықтар, соның ішінде адамның ар-ұждан және наным-сенім бостандығын еркін жүзеге асыру кіреді. Зайырлылық діни таным мен құндылықтарды мойындамауды немесе олардың қоғам мен мемлекет өміріндегі рөлі мен маңызын кемсітуді білдірмейді. Осы себепті де мемлекеттің зайырлы сипаты дінді теріске шығармайды. Зайырлылық өзара ынтымақтастық пен түсіністікке негізделеді. Осы негізде зайырлылық – мемлекеттілік пен ұлттық қауіпсіздіктің берік тұғыры болып табылады.

Белгілі дінтанушы ғалым Досай Кенжетай «зайырлылық мемлекеттің сипаты, мұндай мемлекет барлық наным сенімдерге, идеологияларға бейтарап қарайды. Зайырлылық мемлекет пен діннің бір бірінен бөлінуі, мемлекеттің әлеуметтік, саяси, және құқықтық негізгі жүйесінің аз да болса діни қағидаларға сүйенбеуін білдіреді. Осы анықтамаға қарап отырып, зайырлылықтың мемлекет болмысына қатысты қағида, ұғым екендігін көруге болады. Сонда байқасаңыз, дінді бөлетін, діни негізге сүйенбейтін, діндерге тең, тарапсыз қарайтын жеке тұлға емес, мемлекет» — деп анықтама берген болатын.

Конституциялық негіздегі «зайырлылық» ұғымы мемлекеттің барлық салаларда, оның ішінде дін саласында ашық және айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен саясатты араластырмайтындығын білдіреді. Яғни зайырлылық – дінсіздік немесе дінді терістеу емес, ол – мемлекеттің діни нормалармен емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуын білдіреді. 

Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Зайырлы мемлекет пен қоғам бұл – біздің тарихи таңдауымыз. Зайырлы дегеніміз бұл – озық, толерантты, ашық қоғам. Біз дәстүрлі діндерге қолдау көрсетіп, кез келген экстремизм түрін үзілді-кесілді мойындамаймыз»,- деп атап көрсетті.

Дін мемлекеттен бөлінгенімен, халықтың болмысы мен тұрмыс-тіршілігінен бөлінбейді. «Зайырлылық» ұғымы мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық сипатта екендігін, діни сенім бостандығының қамтамасыз етілетіндігін танытады. Мемлекет пен діннің арақатынасындағы жанды байланыстар зайырлы және рухани-діни құндылықтардың арақатынасы негізінде орныққан.

Сондықтан да, әрбір облыстарда, қалаларда жұмыс жасап жатқан Дін мәселелерін зерттеу орталықтары зайырлылық қағидаттарын түсіндіру мен қатар мемлекеттік дін саясатын жергілікті тұрғындарға дұрыс жеткізу, аймақтағы діни ахуалды зерделеу, діни ортада тағаттылық сезімді орнықтыру, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру, әлеуметтік зерттеулер жүргізу мақсатында жұмыс жасап келеміз.

– Облыста өзіңіздің басқаруыңызбен дін мәселесіне қатысты ақпараттық тұрғыдан түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырсыздар. Халықтың дінтанулық тұрғыдан сауаттануына әсер етіп отырған мамандарыңыздың біліктілік деңгейі қаншалықты?

–Бүгінгі күні орталықта 13 дінтанушы, теолог маман қызмет атқаруда. Олардың басым бөлігі «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің түлектері болса, бір теолог маманымыз Мадина қаласындағы Ислам университетінде, екі дінтанушы маман Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде білім алған. Сондай-ақ, аталған дінтанушылардың біреуі РФ Қазан федеральді университетінде дінтану магистрі дәрежесін қорғаған.

Олар тұрақты түрде білімдерін жетілдіріп отырады. Нақты айтар болсақ, 2015 жылы 12-25 қазан аралығында Орталықтың 10 теолог-маманы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде екі апталық арнайы курстан өтіп, білімдерін жетілдірсе, 2016 жылы Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының ұйымдастыруымен «Экстремистік және радикалды идеологияның ықпалына түскен тұлғалармен жұмыс жүргізудің әдіс-тәсілдері» тақырыбында өткізілген оқыту семинарынан біліктіліктерін арттырып қайтты.  

Сондай-ақ,  Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Академиясының Террорға қарсы дайындық орталығында 2016-2017 жылдары терроризм мен діни экстремизмге қарсы іс-қимылдың жалпы мемлекеттік жүйесіне тартылатын мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлеріне арналған біліктілікті арттыру курстарына да Орталықтың 2016 жылы 3 қызметкері,  2017 жылы 5 қызметкері қатысып, білімдерін жетілдірді. Орталық мамандарының әрдайым ізденіс үстінде екендігін айта аламын.

– Естуімізше Дін мәселелерін зерттеу орталығының әрбір аудан орталықтарында бөлімдері жұмыс жасайды екен. Бұл уақытты талабы ма, әлде…?

–Облыс әкімі Қ.Е.Көшербаевтың қолдауымен аймақтағы діни ахуалдын тұрақтылығын сақтауға, жергілікті тұрғындардын деструктивті діни ұйымдардын идеологиясына қарсы діни сауаттылығын арттыруға, Қазақстан Республикасының діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013 – 2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғындар арасында тағатты діни сананы қалыптастыруда Орталықтың барлық аудандарда бөлімшелері ашылды. Бұл бөлімдердің қызметі өз кезегінде облыста дін мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру мен діни экстремизм көріністерінің алдын алудағы шаралардың жүйелі жүргізілуіне  оң әсерін тигізуде.

Осы мақсатта аудандарда тұрақты түрде жыл сайын кент, ауылдық округтер мен елді мекендердің әкімдеріне, ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелеріне, «зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің мұғалімдеріне, мешіт имамдарына семинарлар, «дөңгелек үстел» отырыстары, конференциялар, сондай-ақ, жастар мен жалпы тұрғындар арасында тұрақты  кездесулер, акциялар өткізілуде.

Айта кету керек, аудандардағы мамандардың қатысуымен жергілікті тұрғындарға,  елді мекендерге қатынайтын автобус бекеттерінде, сауда орындары мен саябақтарда арнайы бүктемелер таратылып, түсіндірме жұмыстары тұрақты және үздіксіз жүргізілуде.

Сонымен қатар, бүгінгі күнге дейін Қызылорда облысында дін мәселесі бойынша ақпараттық түсіндіру тобының 2017 жылғы іс-шаралар жоспарына сәйкес ағымдағы жылдың 23 мамыр мен 1 маусым аралығында Қызылорда қаласы (2 кент, 8 елдімекен), Сырдария (6 елдімекен), Жалағаш (9 елдімекен), Қазалы (9 елдімекен) аудандарына қарасты елдімекендерінде ал,  2016 жылы аймақтағы 80 елдімекенде ақпараттық шаралар өткізілді.

Жоғарыда аталған шаралардың тиімді өткізілуіне аудандардағы бөлім қызметкерлерімен бірге аудандық ішкі саясат бөлімінің де септі тиюде.

– Бүгінде жастардың арасында жігері жасып, түзу жолдан адасып жүргендері бар. Мұндай жандарға Сіздер қандай көмек бере аласыздар?

 – Өмірде жаңылмайтын жан жоқ. Қателіктің ащы дәмін татып, кейін қателігінен сабақ алып жататындар баршылық. Бірақ ол үшін де таусылмас төзім керек. Түрлі күйзелістер мен өмірдің ауыр сынақтарына төзе алмаған жастарға психологиялық әрі рухани тұрғыдан қолдау білдірген дұрыс. Орталық қызметінің негізгі мақсаттарына теріс пиғылды діни ағымдардың қызметінен өмірлік қиындық немесе дағдарысты жағдайларға түскен, сенім телефоны бойынша хабарласқан  адамдарға жедел түрде заңдық тұрғыдан бөлек психологиялық және дінтанулық кеңес береміз. Ашығын айта кету керек көптеген азаматтарымыз, әсіресе жастар Орталыққа келіп көңілдегі сұрақтарына тұшымды жауаптарын алып жатыр.    

– Өзіңіз тілге тиек еткен теріс пиғылды діни ағымдарды ұстанушылар тарапынан кейде жамағат арасында ішінара алауыздық туғызған теріс әрекеттер орын алып жатқанын БАҚ-дан оқып қалып жатамыз. Осы ретте теріс діни ағымдардың мемлекет пен қоғамға қатері қандай деген заңды сұрақ туындайды.

–Хакім Абай: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» — деген парасат пайымын паш етті. Ал Дүниежүзілік Ислам Лигасының бас хатшысы Абдалла бен Әбдел Мұхсин Әт-Түрки: «Дін адамның жанының жақсылық негіздерін ұлғайтуға, жамандық негіздерін жоюға келді», — деген сөзі арқылы дін шеңберінде жақсылықтың тамыры жатқандығын меңзеді. 

Дін  ешқашанда адамзат баласын қатігездікке, лаңкестікке, зорлық-зомбылық, кісі өлтіру секілді әрекеттерге бастамасы анық. Дін атын жамылған терроризм мен экстремизмде ұлт та, дін де жоқтығы баршамызға белгілі. Діни сауаты төмен, өздерінің еркіндігі мен ойлау құқығынан айырылған азаматтар қасиетті Ислам дініне  түрлі бағыттағы «измдерді» тіркеп қойды. Елбасының «қазір ислам әлемге емес, әлем исламға қауіп тудырып тұрған кезең» деп айтып кеткенін жақсы білеміз. Бүгінде қасиетті дініміздің атын теріс жамылып, жастар санасын жат ағымға бұрған түрлі лаңкестік ұйымдар мен жекелеген топтар өздерінің уағыз насихат жұмыстарын жүргізуде.  

Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстанда қоғам діннен бөлінбеген, сондықтан мемлекет бұл салада қоғамдық қатынастарды реттеуден тыс қала алмайды. Бұған қоса, діни сенім  адамгершілік бастауларға негізделетінін және қоғамның рухани құндылықтарын дамыту үшін, қазақстандық патриотизмді, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді күшейтуге және діни экстремизмнің алдын-алу үшін пайдалануға қажетті үлкен гуманистік әлеуеті бар екенін ескеру қажет», — деген болатын.

Қасиетті Құранның алғашкы аяты «Оқы» деп басталады.  Мұхаммед пайғамбар да барша мұсылман еркек пен әйелдерге ілім үйренудің парыз екендігін жеткізді. Сондықтан да дінтанулық сауаттылық – замана сұранысы екенін білуіміз қажет. Жоғары діни білімді, руханияты мол, салауатты қоғам қашанда кез келген экстремизм мен трроризмге қарсы тұрары сөзсіз.   

– Елдің болашағы болып табылатын жастарымыздың санасына ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерімізді қалай сіңіруге болады?

–Жастардың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру отбасынан бастау алғаны дұрыс. Жаһандану үрдістерінің сананы тез билейтінін білеміз. Десек те, жастардың бойында ұлтының тарихы мен дәстүріне деген махабатты ояту – аға буын өкілдерінің міндеті. Батыр бабаларының ерліктерін, ел тағдыры үшін жасаған жанкештіліктерін айтқанда жүрегі жібіп салмайтын жас кем де кем. Бабалар ұстанған дәстүрдің пайдасын түсіндіру арқылы жастарды тәрбиелеу керек. Салт жоралғылардың шығу тарихы мен мәнін түсіндіргенде таң қалысып ұлтына деген, оның дәстүріне деген сүйіспеншілігі артып дұрыс жолды таңдаған талай жастың куәсі болып жүрміз.

– Аймақтағы діни ахуалға берер бағаңыз қандай? Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірі діні мен ділін қаншалықты сақтаған?

– Облыс аумағында діни ахуалды толық тұрақты деп айтуға негіз бар. Олай дейтін себебіміз, Сыр бойы – ХХ ғасырдың басына дейінгі уақытта күллі Қазақ даласы діндарлардың авангардиясы шоғырланған аймақ болып келді. Дарияның жоғарғы ағысынан сонау Аралға дейінгі елдімекендердің барлығында дерлік ахун, ишан, молдалардың ұстаған мешіт-медреселері мен мазарларын көруге болады. Тұрғылықты халықтың да көбі сол бабалардың ұрпақтары болып табылады. Сондықтан да бабаларымыздың дәстүрлі наным-сеніміне қанық өскен ұрпақтары сол сара жолдан адаспақ емес. Терең тарихын ұмытпаудың, уақыт өткен сайын құндылықтарымызды жаңғырту арқылы дәстүрлі дінінен ажырамаған халқымыздың береке бірлігі, елдегі атқарылып жатқан қыруар тіршілік көп жерлерге үлгі болып жүргенін көріп жүрміз. Әрине бұл Елбасының жүргізіп отырған сарабдал саясаты мен аймақ басшысының атқарып отырған еңбегінің нәтижесі.

– Әсерлі ой-пікірлеріңіз үшін Сізге көп рахмет. Қызметіңізге береке тілеймін.

Гүлнұр ҚАРЖАУБАЙҚЫЗЫ

Дереккөз: KazIslam

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *