Орал. 26 маусым. Сәрсенбі күні, 21 маусымда Батыс Қазақстан облысы әкімінің міндетін атқарушысы А.Өтеғұловтың төрағалығымен Батыс Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі Кеңес отырысы өтті.
БҚО дін істері басқармасының басшысы Т.Нығметов Батыс Қазақстан облысында дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жетілдіру жолдары мен өзекті мәселелері туралы баяндама жасаса, облыстық білім басқармасының басшысы А.Мыңбаева «Жалпы орта білім беру мекемелеріндегі «Зайырлылық және дінтану негіздері» курсын оқытудың өзекті мәселелері және оқушы жастар арасында деструктивтік діни ағымдардың алдын алу жұмыстарының барысы» тақырыбында сөз сөйледі.
БҚО дін істері басқармасының басшысы Т.Нығметовтың айтуынша, 2015 жылдан бері ақпараттық-түсіндіру жұмыстарында бірқатар оңды нәтижелер байқалады. Соның ішінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының саны 1374-тен 1788 шараға дейін жетті, БАҚ-та жарық көрген материалдар саны 1940-тан 2487-ге жетті, АТТ мүшелері үшін танымал теологтардың қатысуымен 4 оқыту семинары ұйымдастырылды, «Нұр-Мұбарак» Египет ислам университетіне оқуға түскен студенттердің саны 8-ден 11-ге жетті, еліміздегі медреселерге оқуға түскен студенттердің саны 24-тен 38-ге дейін жетті, теріс діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталықтардың саны 5-тен 8-ге дейін жетті.
Дегенмен бұл жұмыстарды әлі де ширата түсудің маңызы зор. Осы орайда Кеңес отырысы барысында Орал қаласында «Жайық», Ақжайық ауданында «Таным», Сырым ауданында «Сырым», Бөрлі ауданында «Парасат», Тасқала ауданында «Руханият», Зеленов ауданындағы «Шапагат шамшырагы», Қаратөбе ауданындағы «Ізгілік» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталықтары қоғамдық бірлестіктердің үлгісінде облыс аумағының басқа да аудандарында мемлекеттік-әлуметтік тапсырыстар негізінде қызмет атқаратын үкіметтік емес ұйымдар құру, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына психолог мамандарын тарту, жаңа әдіс-тәсілдер қолдану, «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәні бойынша факультатив курсын жетінші сыныптан бастап оқыту, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, соңғы тәжірибелік ақпараттармен қамтамасыз ету және тағы да басқа ұсыныстар түсті.
Облыс әкімінің міндетін атқарушысы А.Өтеғұлов аталмыш мәселелер бойынша тиісті шара қабылдау жөнінде нақты тапсырмалар беріп отырысты қорытындылады.