Астана. 26 шілде. Бүгін Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінде министр Нұрлан Ермекбаевтың Сингапур Республикасының Қазақстандағы Елшісі Зулкифли бин Бахарудинмен кездесуі өтті, деп хабарлайды аталған ведомстваның баспасөз қызметі.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Сингапур арасында тығыз әріптестік байланыс орнағанын және гуманитарлық, экономикалық, инновациялық салаларда ынтымақтастық дамуының негізгі бағыттары айқындалғанын атады.
Нұрлан Ермекбаев Елшіні Қазақстанның дін және азаматтық қоғам саласындағы мемлекеттік саясатының басты бағыттарымен, мемлекеттік жастар саясатының іске асырылу барысымен таныстырды.
Министр мемлекеттік орган жұмысының басымдығы мемлекет пен дін ықпалдастығының қазақстандық моделін қалыптастыру екенін айтты. Яғни, адам құқықтарын сақтай отырып, көпконфессионалды келісімді нығайту және зайырлы қоғам құру. Бұл ретте, дін саласындағы заңнаманы жүйелі түрде жетілдіруге ерекше көңіл бөлінеді.
Кездесу қатысушылары деструктивтік діни ағымдардың таралуының алдын алу, сонымен қатар, мемлекеттің азаматтық сектор ұйымдарымен ықпалдастық жөнінде өзекті ақпараттармен алмасты.
Тараптар Қазақстан мен Сингапур арасындағы діни радикализм мен экстремизмге қарсы күрес бойынша ынтымақтастықты кеңейту қажеттігін атады.
Дерекккөзі: ҚазАқпарат