Астана. 1 тамыз. Тарихқа зер салар болсақ, дәстүрлі Ислам шеңберінен шығып кетуші ағымдар аз болмаған. Олардың кейбірі уақыт өте келе жойылып кеткенімен, идеологиялары мен принциптері толығымен жойыла қойған жоқ. Бұл жайтты теріс пиғылды топтар өз мүддесіне жаратпай қоймады. Осы арқылы дәстүрлі Ислам дініне, сондай-ақ, қоғамның ұлттық ауызбіршілігіне кері әсерін тигізіп, халқымыздың салт-санасына қараспай, қалың жұртшылық арасында бүлік туғызып жатқанына ел куә. Біршама уақыт Ислам дініне жеткілікті көңіл бөле алмаған болсақ та, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігін алғаннан соң, қазіргі таңда қазақ қоғамы діни ұйымдардың оңды-солдысына баға бере алатындай жағдайға жетті.
Сәләфизм – Ислам ғұламалары бірауыздан бекіткен мәзһаб пен сенім мектептерін мойындамайтын ағым. Бұл ағымды және оның түрлерін баяндамас бұрын, «сәләфизм» ұғымын түсіндіре кетейік.
Сәләфизм – араб тіліндегі «сәләф» сөзінен шыққан. Ол тілдік мағынада «бұрынғылар», «әуелгілер», «өткендер» ұғымын беріп, қасиетті Құрани-Кәрімнің бірнеше жерінде де кездеседі. Ислам әлемінде сәләф-салихин атауы Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) заманынан бастап алғашқы үш ғасырда өмір сүрген мұсылмандар толқынына берілген. Олар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабалары мен табиғиндер және атбаға-табиғиндер.
Қазіргі таңда «сәләфиміз» деп жүргендер өздерін осы Исламның әуелгі үш ғасырында өмір сүргендерге теңеуде. Әуелгі сәләфилер шынайы Ислам жолын ұстанушылар болса, қазіргі уақытта өзін солай атаушылардың бағыты, шын мәнінде, олай емес.
Бүгінде әлемде «сәләфия» мен «уаһһабизм» сөзі қатар жүретінін білгеніміз жөн. Себебі, ағымды «белсенділікке» жетелеген Мұхаммед ибн Абдул-Уаһһабтың атына балау әлем мұсылмандары арасында кең етек жайған.
Сондай-ақ, «уаһһабист» деген лақап ағымның негізін қалаушы – Мұхаммед ибн Абдул-Уаһһабтың көзі тірісінде оның соңынан ерушілерге тиелген-ді. Уаһһабилік тарихта «хауариждік» әрекет ретінде танымал болған. Өйткені, олардың әрекеттеріндегі қатыгездік, өз ұстанымдарына қосылмағандарды «кәпір» деп айыптау әрекеттері «харижиттер ағымы» ақидасының (сенімінің) көшірмесі іспетті» [2/209-б].
Қазіргі таңда уаһһабилік немесе салафилік сенім Сауд Арабия Каролдігінің ресми ұстанған діни жолы болғандықтан, ең көп шоғырланған мекендері Араб түбегі мен Парсы шығанағындағы елдер. Сонымен қатар бұл сенімді ұстанушылар Таяу Шығыс, Батыс Еуропа, Солтүстік Африка, Ресей, Үндістан, Пәкістан, Бангладеш және Орта Азия мен өзге Азия елдерінде кездеседі.
Ендеше, сәләфи ағымының негізгі идеясы түсінікті болу үшін оның шығу тарихына тоқталып өтейік.
Сәләфилік ағымның жетекшісі «Тәмим» тайпасынан шыққан Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб (1703-1792 ж.ж.) Рияд қаласына жақын орналасқан Уяйна атты елдімекенде дүниеге келген. Оның ата-бабасы Ханбали мәзһабын ұстанған. Ал әкесі, атасы мен бауыры қазылық қызметін атқарған. Ол алғашқы сауатын өз әкесінен алған болатын. Содан соң Меккеге барып ілімін шыңдамақ болады. Алайда, өзі күткендей ғылыми орта таба алмағандықтан Мәдинаға кетеді. Мәдинада Абдуллаһ ибн Ибраһим ибн Сәйф ан-Нажди және Мұхаммед Хаят ас-Синди есімді Ханбали мәзһабының танымал ғалымдарынан дәріс алады. Онда «Кутубус-ситта», «әл-Мууатта», «әл-Муснад» атты хадис кітаптарын оқып шығады. Оқи жүріп Ибн Тәймияның пәтуаларымен танысады. Оның дінге қатысты пікірлерін басшылыққа алып, жаңғыртуға көшеді. Сол заманның үрдісі бойынша, білімін шыңдау мақсатында Басраға аттанады. Онда түрлі ағым өкілдері болғандықтан, солардың сенімдері мен ұстанымдарын жақыннан тани түседі. Білімін жетілдірумен қатар, таухид мәселесі турасындағы пікірсайыстарға қатысып, белсенділік танытады. Мұндай жиындарда «дінді тікелей Құран және сүнеттен үйрену керек» деген ұстанымын дәлелдеуге және қорғауға тырысқан болатын [2/209-б].
Осы орайда Мұхаммед Ибн Абдул-Уаһһабтың ағасы – Сүлеймен Ибн Әбдул-Уаһһаб «Сауаик ал-Ахия радду ала Уаһһабия» атты еңбегінде:
«Сендердің мәзһабтарыңның (уаһһапшылдықтың) жалған екендігін мына нәрселер көрсетеді:
Әбу Хурайра (р.а): «Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Күпірліктің басы шығыстан шығады», — деген. Риуаят жалғасында: «Сенім – Йеменде, ал бүлік – осы жерде, Шайтанның мүйізі осы жерден пайда болады», — деген [3/93-б].
Имам Ануар Шах әл-Кашмири ад-Деюбанди (1292-1352һ/1875-1933ж) Имам әл-Бұхаридің «Сахихіне» жасаған «Файз ул-Бари» атты түсіндірмесінде:
«Шынтуайында, Мұхаммед Ибн әбдул-Уаһһаб ан-Нажди –зердесіз және оның білімі өте төмен болды», — деген [4/171].
Имам Мұхаммед Заһид әл-Каусари әл-Ханафи (1296-1371һ.ж.) «Табйин казб әл-Муфтари» атты еңбегінде:
«Хашауизм (уаһһабизм) – надандық пен жансақтыққа бой ұрғандар. Олар Исламға дейінгі надандық көзқарастарының мұрагері», — деген.
Белгілері: Оларға кез-келген қарапайым мектеп оқушыларынан бастап, басқа дін өкілдерінен болған – християн, яһуди не сабииндер тойтарыс бере алады. Сауатсыз, білімсіз болған тақуа (аскет) адамдарды алдап-арбайды. Сондай-ақ, қатыгез, дөрекі, қатал, түрлі наразылық пен тәртіпсіздік сәтін пайдаланып, Ислам әлсіз жерде ғана сөзін жүргізіп, олар жүрген жерде құдайсыздық (атеизм) күшейе түседі. Бұл олардың пайда болуымен әлі күнге дейін жалғасып келеді. Және де олардың ең негізгі жауы – ақыл мен қолданбалы ғылым болып табылады», — деген [5/18-б].
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ұрпағынан болған Ханафи мәзһабының көрнекті өкілі, соңғы нүктесі атанған – Ибн әл-Абидин (1198-1252һ./1784-1836м.) «Раддул-Мухтар әл-Дуррил Мухтар» атты еңбегінде Мұхаммед ибн Әбдул-Уаһһабтың соңына ергендер жайында: «Біздің заманымыздың хауариждері – Ибн Әбдул-Уаһһабтың соңына ергендер. Олардың: «Олар пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сахабаларын күпірлікке шығарған», — дегені – хауариждік болу шартынан емес, алайда Али Ибн Әби Талибке (р.а.) қарсы шыққандарды атайды. Сондықтан да хауариждерден болу үшін – олар қарсы болғандарды күпірлікпен айыптау жеткілікті. Қазіргі таңдағы екі қасиетті әл-Харамды бақылауына алған Ибн әл-Абдул-Уаһһаб ән-Нәждидің соңына ерген Нәжідтен шыққандар. Сондай-ақ, олар «Ханбали мәзһабын ұстанушымыз» деп айтқанымен, өздерін ғана мұсылман санап, ал қарсы келгендерді – мушрикке (Аллаға серік қосқандар) балап, Алла Тағала олардың күшін талқандағанға дейін «Сүннет жұрты және жамағатындағылар» мен ғұламаларын өлтіруге рұқсат етті. Дегенімізбен, 1233 жылы мұсылман әскерлері олардың елдеріне соғыс ашып, жеңіске жетті», — деген [6/262-б]. Тарихи деректерде 1233-жылы Мысырлық Ибрахим Пашаның әскерлері мен Абдул-Уаһһаб әскері арасында соғыс болып, нәтижесінде мұсылмандар жеңіске жеткендігі баяндалады.
Уаһапшылдық бағытының тармақтары:
«Сәләфизм» ағымының тармақтары – Мадхализм, Суруризм және Такфиризм болып бөлінеді. Бұл сәләфилік бағыттағы тармақтар – Мухаммад Ибн Абдул-Уаһһабтың көзқарастарын мойындап, ақидалық сенімдерін Ибн Таймияның ұстанымы негізінде бекітеді, мәзһаб пен сенім мектептерінің негіздерін қалаған «Сүннет жұрты және жамағаты» ғұламаларын теріске шығарып, тіпті, күпірлікке де шығарады. Мәселен, Имам Әбу Ханифаның «Фиқһ әл-Акбар», «әл-Уасия» атты еңбегіне негіздеп жұмыстар жүргізген – Имам Жағфар әт-Тахауи, Имам Әбу Мансур әл-Матуриди, Имам әл-Ашғари сынды Ислам әлемі мойындаған ғалымдарды теріске шығарады. Олардың теріске шығаруындағы негізгі мәселе – Құрани-Кәрімдегі астарлы мағыналы аяттар ұғымы.
Сәләфилік ақидасының негізгі принципі – Ибн Таймия құрған «Таухидті Үшке бөлу» ақидасы. Демек, Алланың жалғыздығын зерттейтін «Таухид» ілімін – үшке бөліп қарастырады. Таухидті үшке бөліп қарастырудағы мақсаты – Алла Тағаланың құрандағы мүтәшабиһ аяттарына Құранда келген сөздің тікелей тілдік, күнделікті қолданыстағы мағынасын беріп, астарлы, мақсат етілген ойды ескеруші «тәуилді» жоққа шығарады. Сондай-ақ, Имам әл-Матуриди мен Имам әл-Ашғари сенім мектептерін теріске шығару болып табылады. Ал, Уаһһапшылдық бағыттағы – «Сәләфизм», «Мадхализм», «Суруризм» және «Такфиризм» тармақтарының барлығы дерлік Ибн Таймияның «Үш негіз» ақидасын ұстанады.
Мадхализмнің негізін қалаушы – Раби әл-Мадхали. Оның толық аты жөні – Раби Ибн Хади Ибн Мұхаммед Ибн Уамайр әл-Мадхали. Ол 1351 жылы оңтүстік Сауд Арабиясындағы Самит қаласының батысында орналасқан Джарадия ауылында дүниеге келген. Әл-Мадхали – алғашқы сауаты мен ақида сабақтарын Самит қаласындағы «Сәләфилік» бағыттағы медреседе алған болатын. Сәләфилік бағыттағы ұстаздардан тәлім алып, сәләфилік ұстанымдары мен ақидалық әдіснамаларын жалғастырды.
Суруриттер – Салафилердің ішіндегі саяси, идеологиялық ағым. Оның негізін қалаған Мухаммад ас-Сурур Зейнул-Абидин. Ол Сирияның Харран қаласында дүниеге келген. Мухаммад Сурур бұрын «Ихуан ал-Муслимин» (мұсылман бауырлар) ұйымының ресми тұлғасы болған. Кейіннен ол ұйымнан шығып, өзінің саяси көзқарастарын Сауд арабиясында таратқан. Сауд Арабиясы патшалығында әскер қатарында офицерлік лауазымда болып, сондай-ақ «Имам» Ислам университетінде ұстаздық қызметтерін атқарған. Кейіннен Мухаммад Сурур Сауд Арабия билігін күпірлікке шығарып, араб елдерінен қашып, Ұлыбританиядан пана тапқан болатын.
Суруриліктің идеологиясын Сәләфизм мен Ихуанизмнің (жиһадизм) қосындысы десек болады. Оның негізі Ибн Таймиялықтар (XVI ғ.) мен Ихуаншылардың өз заманындағы көсемі – Сайд Құтыбтан (XX ғ.) бастау алған. Біріншісінен сәләфилік теріс ақиданың, кейнгілерден саяси басқару мен көтеріліс ұйымдастыру тәсілдерін алған-ды. Дегенмен, оның діни концепциясы «Ихуан ал-Муслимин» ұйымынан да соқыр сеніммен ере беретін сәләфилік бағытынан да әлдеқайда өзгеше. Суруриттердің басқа сәләфилерден айырмашылығы – олар мемлекет басшысының саясатына немесе ел басқару жүйесіне араласады. Бұл тұрғыда олар мемлекет басқаратын патша Суруриттік ағым өкілі болуымен қатар. кәпір елдермен ынтымақтастық қарым-қатынасты болдырмайды.
Сарапшылардың тұжырымы бойынша – Суруриттердің діни дайындығынан өткен адамның радикалданып, заңды билікке, басқа дін өкілдеріне, зайырлы азаматтарға қатысты шектен тыс төзімсіздік танытып, өзінің саяси мақсатына жету үшін кез келген тәсілді қолданатынын, соның ішінде қарулы қақтығысқа да баратынын айтады.
Суруриттердің негізгі идеологтары ретінде Насыр әл-Омар, Сулайман әл-Ауда және Аид әл-Қарниды атауға болады.
Демек, Суруриттердің бағытына сараптамалық талдау жасай отырып – «Ихуан әл-Муслимин» атты теріс бағыттағы саяси ағымның идеологиялық тұғырларын «сәләфизм» ағымының атын жамылушы топ деп танымдық анықтама берсек те болады.
Еліміздің дінтанушы мамандары да «Суруриттерге» қатысты діни тұрғыда жан-жақты сараптама жасаған. Осыған орай, дінтанушы Мұхан Исахан былай дейді: «Қазақстанда уахапшылдықтың кең өріс алуына қызу жұмыс жасалды. Бұл кезде уахапшылдық ілім елімізге Сурурия және Мадхалия тармағымен тарала бастады. Задында, бұл діни тармақтар Сауд Арабиясында 1990 жылдары пайда болды. Олардың тарих сахнасына шығуының себебі, тоқсаныншы жылдары Ирак билеушісі Саддам Хусейн Кувейтті окупациялағаннан кейін, Сауд Арабиясы Бағдаттың әскери әрекетінен қауіптеніп, АҚШ-пен ауыз жаласты. Яғни, Ирак Хизаж аймағына әскери шапқыншылық жасар болса, АҚШ Саудияны қорғайтын болып келісім жасалды. Осының нәтижесінде қасиетті Қағбаны иелік еткен ел Протестанттық алпауыт мемлекетке (АҚШ) протекторат (бір мемлекеттің әскери қорғауында болу) ретінде бағынышты болды. Саудия үкіметінің бұл шешіміне наразы болған Ахмет Сурури бастаған діни азшылық топ король билігін «кәпірге» шығарды. Олардың пайымынша, мұсылман мемлекеті өзге дін өкілдерімен ауыз жаласпай, өзіндік мұсылмандық мүддені қорғауға тиісті-тін. Ал, биліктің саясатын жақтаған Мұхаммед Мадхали бастаған топ Сурурияның ұстанымын терістеді. Тіпті, Албани секілді Мадхалия өкілдері Сурурияны «Үмбеттің Хауариждері» деп атады» [2/1-б.]. Демек, мұнда Суруия ағымының қоғамға кері әсерін тигізетіні жөнінде анық баяндалған. Сондай-ақ, сәләфизм көсемдерінің суруриттерді «Хауариждер» деп сипаттағанымен, айыптаушы тараптың өзі де сенім тұғырлары мен мәзһаб мойындамауларымен аталмыш топтан ешқандай ерекшеленбейді. Өйткені Сәләфизм, Мадхализм және Суруризм бағыттары – Сүннет жұрты және жамағатының қағидаттары мен алғышарттарына қайшы келеді. Аталмыш топтардың Сүннет салтынан айырмаларына – ақида негіздерін бұрмалап, оның ішінде «Таухид» ілімін үшке бөліп қарастыру, Аллаһ Тағаланың затына қатысты антропоморфизмдік, яғни дене бітім бекітушілік пікірлер, Құран аяттарының астарларын теріске шығару идеяларын жатқызуға болады. Олардың басты ерекшеліктері: Ислам ғұламаларына тіл тигізіп, мәзһаб ұстануға қарсылық танытып, өздерінің санаулы көсемдеріне ғана бағыну болып табылады.
Қазіргі таңда үмбеттің жанашырларының ыждағаттары нәтижесінде аталмыш топтар барынша «Конспирация» тәсілін жүзеге асыруда. Яғни, Сурурия ағымы өздерінің жансақ пікірлерін тарату мақсатында жасырын әрекет тәсілін қолдануда. Осы орайда М.Исахан: «Олар Қазақ қоғамына сыйымды болуы үшін әзірге орсақ тістерін көрсетпей, шынайы құбыжық бейнесін қашан асыл мұраттарына иек артқанға дейін жасыра тұруды жөн санады. Сөйтіп, уахапшылдар «қалыпты салафиттер» деген ғылыми негізсіз, жалаң тұжырыммен жұмыс жасауға көшті. Сурурия тармағының бұл әдіс-айласы теология ғылымында «тахия» (жасырыну) деп аталады. Яғни, олардың бұл әдісінен елімізде уахапшылдықтың «Тахияшылар» атты тармағы ортаға шықты. Ішкі ындыны айпарадай анық көрінбегенімен, осы тахияшылар уахапшылардың ішіндегі ең қауіпті тармағы саналады. Өйткені, тахияшылар қалың бұқараның қамын жеген болып көрініп, көпшіліктің сеніміне кіріп, ыңғайы келгенде сол ұлттың салт-мәдениетінің жаназасын шығаруға құмбыл тұрады», — деген [2/1-б.].
Сурурия ағымының жасырын жұмыс жасауы бірден-бір дәйек – олардың іс-әрекеттері қоғамдағы дәстүрлі дінімізге кері әсерінің тиюі. Бұл ағымының сенім негіздеріне келер болсақ, олар Ибн Таймияның ақида іліміне қарасты шығармаларын өздеріне қайнар тұтады.
Ибн Таймия – 661/1263 жылы солтүстік Сириядағы Харранда дүниеге келген. Сәләфизм ағымының негізін қалаушы. Ислам ғұламаларының қағидаларына қайшы келіп, «Таухид» ілімін үшке бөлуді діннің негізі деп, Құрани-Кәрімдегі мүтәшабиһ аяттарды тікелей мағынасында қабылдаған. Алайда, бұл пікірлерді әлемнің Ислам ғұламалары бір ауыздан теріске шығарды.
Түйетініміз: Уаһапшылардың қатарына жататын – Сурурит, Мадхалит және Такфир жамағаттарының ақида (сенім) негіздері бір болғанымен, діни көзқарастары мен саяси ұстанымдары әртүрлі.
Енді бұлардың әрқайсынына, қысқа да болса, жеке-жеке шолу жасап өткеніміз жөн.
Суруриттердің ақида тұрғысындағы көзқарастары қалған екі топтың ұстанымымен бірдей. Бірақ, Исламды жеткізу мен түсінудегі пікірлері қарама-қайшы. Міне, осы келіспеушілік уаһапшылардың өз ішінде бөлінетіндігінің басты айғағы. Ал қазіргі таңда өздерінің теріс пиғылды пікірлерін тарату істерімен қарқынды жұмыс жасап отырған ағым – Мадхалиттер. Десек те, олар өздерін мадхалиттер деп атауға қарсы, себебі өздерін «біз Рабиғ әл-Мадхалидің шәкірттері емеспіз» деп ақтайды. Сондықтан да, өздеріне тағылған бұл атауды негізсіз деп таниды. Бірақ, олардың мойындайтын көсемдерінің барлығы дерлік – Рабиғ әл-Мадхалидің ұстанымын жақтайды. Мадхалиттер алғашқы уаһапшыларға қарағанда аз да болса жұмсақтық танытады. Сондай-ақ, үлкен күнә жасағандарды кәпір санағанын ашық жарияламайды, бірақ мәзһапқа еруді адасушылық санатына жатқызады. Белді Ислам ғұламаларын даттап, мәзһапты мойындамағанымен өздерінің ұстанған жолдарын тура сол мәзһап қатарына жатқызуға болады. Себебі ол да бір жүйеленген көзқарастар жиынтығы, діни жол. Айырмашылығы – Исламның ғылыми ортасы оларды тура бағыттағы, ұстануға ұсынылатын ресми діни жол ретінде қарастырмайды. Ал олар болса, ақида сенім жүйесінің негізін қалаған Сүннет жұрты және жамағатының аты әлемге әйгілі ғалымдары – Имам Әбу Мансур әл-Матуриди және Имам әл-Ашғари сынды ақиқат сенім тұғырларын жоққа шығарғанымен қоймай, оларға «адасқан философтар» деген сынды жала жабудан да тайынбайды.
Бүгінгі таңда ағымдардың түпті ақиқаты ашыла түсуде. Сондықтан да, сурурия ағымы – ихуандық бағыттағы, салафия жамылғысын жамылған, айла-тәсілдері қоғамдағы аса қатерлі болып есептелетін топтардан болып табылады дей аламыз. Өйткені, ішкі дүниелері мен көзқарастары мүлдем бөлек. Ал мұндай теріс сенімдегі ағымдардың қоғам бірлігі мен ынтымағына, өсіп-өркендеуіне зиян тигізері сөзсіз. Әлемдегі мұсылман елдері дәстүрлі Исламға қайшы келетін сенімдегі ағымдардың үгіт-насихат жүргізуіне тыйым салған, тіпті ресми тіркеуге де алмаған. Мұндай дін атын жамылып, шынайы Исламға залалын тигізуші адасқан ағым өкілдерінің сөзіне құлақ салмас бұрын, олардың тарих сахнасында пайда болу себептері мен мақсаттарына мән беріп, зияндылығы анықталған жағдайда ел болашағы мен мүддесі тұрғысынан сарапқа салып, қажетінше оларға тиісті шара жасауды талап ететіндігі екендігі даусыз. Алла қоғамымызды бөлінушіліктен алыс, бүліктен ада еткей.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1) С.Тәжібаев. «Қазақ даласынан шыққан – кәләм ғалымдары». Мақала. «ҚАЗҰУ философия және саясаттану факультеті». Халықаралық ғылыми-зерттеу конференция. 2014. 8-б.
2) С. Сейтбеков, «Мәзһабтар тарихы». Алматы. 209-б.
3) Сүлеймен ибн әбдул-Уаһһаб. «Сауаик ала Ихийа рад әля уахабия», 93-б.
4) «Файд ул-Бари».
5) Әл-Каусари, «Муқаддимат, Табйин казб әл-муфтари»,18-б.
6) «Раддул Мухтар ала ад-Дурр ал-Мухтар», 4-ші том, 262-бет.
7) М.Исахан. «Пайғамбарлық басқару – бұл қайталанбас озық мемлекет нысаны». Мақала. Ислам және өркениет журналы. 2014. 4-б.
8) Ислам энциклопедилық анықтамалық,«Аруна» баспасы.–Алматы 2010. 591-б.
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті
университетінің Аға оқытушысы, докторант Ph.D
Серік ТӘЖІБАЕВ