Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Бірлігімізге бекем болайық

Астана. 19 қыркүйек. Қазақ ежелден мұсылмандықты қабылдаған халық. Қазақ халқы тек ислам дінін қабылдап қана қоймай әлемдік өркениет пен мәдениетке өзіндік үлес қосқан халық. Қазақ халқы ислам дінін қабылдаған соң, дәстүрін исламмен сабақтастырып, дала заңын шариғатпен ұштастырып, өлең-жырын имандылыққа арқау ете білді. Ұрпағын иманды етіп тәрбиелеуге аса мән берді. Перзентін жастайынан молдаға беріп, діни сауатын аштыруға тырысты. Мәселен, тарихта өткен қазақ зиялыларының қайсысын алып қарасақ, мешіт-медреседен тәлім алғанын байқаймыз. Ал иманды жан – өз елін, отанын, жерін сүйетін патриот болары анық.

Дін қоғамдағы бірлік пен татулықтың кепілі. Қоғамның діни біртұтастығы болса, ауызбірішлігі де күшті болмақ. Ислам дінінің де ең басты ерекшелігі қоғамдағы тыныштық пен бірлікті сақтауды әрбір мұсылманнан талап етеді. Ол үшін қоғамды басқарушы әміршіге, басшыға, президентке бағынуын, тыңдауын бұйырады. Бұл жайында қасиетті Құранда былай деп бұйырады: «Ей, иман келтіргендер! Аллаға, пайғамбарға және өз араларыңдағы әмір иелеріне бойұсыныңдар» (Ниса сүресі, 59-аят).

Ислам діні қоғамдағы өзге дін өкілдерімен даналықпене қарым-қатынас жасауымызды бұйырады. Бұның ең үлкен айнымас үлгісін Хазіреті Мұхаммед пайғамбар өз кезегінде тамаша етіп жүзеге асырды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) қоғамның ынтымағы мен бірлігін сақтау жолында өте сабырлылықпен әрекет етсе, Пайғамбар (с.а.у.) тәлімін алған сахабалар да қоғамның тыныштығын сақтау жолында барын салып, ел басқарды.

Қоғамның дамуы мен тұрақтылығы үшін діни бірлік пен төзімділік ауадай қажет. Мәселен, Таяу Шығыстағы дінаралық қақтығыстар сол мемлекеттердің шаңырағын шайқалтып жатқаны баршамызға мәлім. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде былай дейді: «Сендерге намаз, ораза және садақадан да артық бір нәрсе айтайын ба?» — дегенде сахабалар: «Иә, айтыңыз ей, Алланың Елшісі!» — дестіПайғамбарымыз: «Жарастыру, татуластыру. Себебі, араның бұзылуы шаштың түбінен емес, діннің түбінен қопарады»,- деді» (Тирмизи риуаяты).

Ислам әрбір дін өкіліне, адамбаласына құрметпен қарайды. Ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап бөлмейді. Алла алдында ешкім ешкімнен артық емес, тек тақуалық пен діндарлықта ғана дәрежелері жоғары болмақ. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Ей, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз Алланың алдында ең мәртебелілерің діндар болғандарың».

Татулық пен бірлікті, кішіпейілділік пен жайсаңдықты ту еткен бабаларымыз әрдайым тыныштықтың қадірін білуді өсиет еткен. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» десе, Төле би бабамыз: «Ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды», — деген. Біз қашанда әділдік пен адалдықты ұстанып келген бабалардың ұрпағымыз. Мұсылмандық қағидаға сай әрбір іске байыппен, сабырмен қарап, күшпен емес ақылмен, даналықпен шешуге тырыстық және осы қасиетімізден айрылмақ емеспіз.

Ел қамын ойлаған батырлар, ақындар, жыраулар, би-шешендер қашанда елдің тыныштығын, бірлігін, татулығын сақтауға барын салды. Қажет болса, жанын берді. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заманды аңсап өтті. Аллаға шүкір сол бабаларымыздың армандаған дүниелерін көру бізге нәсіп болды. Елбасымыздың сарабдал саясатының нәтижесінде қазақ елін күллі әлем танып, қызыға да, қызғана да қарайтын болды.

Бірлік пен береке қашқан елден бақ таяды. Алауыздық орын алса, қоғамның тыныштығы кетеді. Біз қашанда бірлік пен берекені Алладан тілейміз. Әрбіріміз Жаратқанның елге берген сый-нығметін, тыныштығын бағалай білуге тиіспіз. Біз елдегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтауға тырыссақ, бейбітшілігімізді бағалай білсек, тәуелсіздігіміз баянды болмақ. Бабаларымыз: «Бағалай білгенге бақ қонар» деп бекер айтпаған. Сондықтан барымызды бағалай білейік.

Тарихқа үңілсек әрбір қоғамның дамуы мен тұрақтауы және құлдырауына әсер еткен факторларды көреміз. Мұсылман мемлекеттері де осы кезеңнен өткені белгілі. Ұлан ғайыр жерге билік еткен халифаттар ақырында болмысынан айрылып, тарихтың қойнауына кетті. Мұсылман мемлекеттерінің құлдырауы көбіне ішкі алауыздық пен ағымдар тартысынан туындады.

Алла Құранда мұсылмандарға бөлінуді бұйырмағаны анық. Керісінше түсініспеушілік болған жағдайда Құран үкіміне жүгінулерін бұйырған. Мұсылман жамағатын құрдымға апаратын қасірет діни фанатизм. Саяси күштер мұсылман қоғамын ішімдікпен, есірткімен және жезөкшелікпен құлдырата алмаған соң, діни ағымдарды қолдан жасап, қаржыландырып, қоғамның тыныштығын бұзды. Біз діни тұтастықты сақтау үшін тек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төңірегіне ғана топтасуымыз қажет. Мақсаты бөлек діни идологтар мен шейхтердің әрекетін әшкерелеп, жамағатымызды бөлінуден сақтау үшін бірігіп күресуге тиіспіз.

Сейтбеков Смайыл Сүйерқұлұлы

ҚМДБ-ның Маңғыстау

облысы бойынша өкіл имамы


Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып отырған «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының мемлекеттік гранттының шеңберінде ақпараттық қолдау көрсетіледі-  «Дін саласында ақпараттық жұмыстар жүргізу» проектісін іске асыру»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *