Астана. 27 қыркүйек. Көліктегі ішкі істер органдары экстремистік мазмұндағы ақпараттық материалдарды тасымалдау, сақтау және республика аумағында тарату фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша ұдайы негізде іс-шаралар өткізуде, деп хабарлайды Көліктегі ІІД баспасөз қызметі.
Аталған қызмет аясында көлік полицейлері Ақтау қаласының халықаралық әуежайында жедел-іздестіру іс-шараларының барысында Атырау қаласының 24 жастағы тұрғынын ұстады. Тексеру барысында одан діни мазмұндағы материалдар, атап айтқанда 15 кітап, 17 дәптер, 10 брошюра мен араб тілінде жазылған үндеу парақшалары табылып, тәркіленіп алынды.
Жүргізілген дінтану сараптамасының қорытындысына сәйкес, тәркіленіп алынған материалдардың мазмұнында діни алауыздықты қоздыратын белгілер барлығы анықталды.
Ұсталған азамат Ақтау қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен ҚР ӘҚБтК 453-бабы 4-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 100 АЕК түріндегі (226900 теңге) айыппұл салынды.
Дереккөзі: ҚазАқпарат