Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Тәрбие басы-бабалар мұрасы

Астана. 24 қазан. Батыс елдеріндегі күрделі мәселеге айналып отырған ұрпақ тәрбиесі, баланың ата-анаға мейіріммен қарауы, отбасындағы өзара сыйластық біздің елде де күрделі мәселеге айналып бара жатқаны жасырын емес. Күні кешеге дейін ата-анасына қарсы келу былай тұрсын, көзіне тіке қарауға именетін, отбасындағы мейірім, ағайын-туыс арасындағы қарым-қатынасқа жоғарғы деңгейде қарайтын текті ұрпақтар бүгінгі таңда азайып бара жатқан сияқты көрінеді. Мешітке келіп ұрпақтарының қарсы шығып, тіл алмайтындығын, отбасының берекесі кеткені жайлы шағым айтушы адамдардың саны күннен-күнге артып бара жатқаны сөзіміздің айқын дәлелі. Жаһандану артқан сайын бұл келеңсіздіктер арта берері сөзсіз. Шындығында жанталасып еңбектеніп өсірген ұрпағың бетіңнен алып  қарсы шықса, отбасында берекеңіз бұзылып ұрыс-керіс болса, еңбегіңнің бәрі зая кетіп, өкініште қаларың ақиқат.

Ғылым-білім, өркениет дамыған заманда неге бұндай олқылықтар орын алады екен деген ойға қаласың. Бүгінгі адамдардың баршасы білімді. Ненің оң, ненің теріс екенін жақсы біледі. Онда қателік қай жерден кетіп жатыр екен?

Ал, Алла Тағала адамдардың ондай бақытсыздықта қалғанын қаламайды. Шариғат заңдылықтары ең жоғары деңгейде орын алатын адамдармен болған көркем қарым-қатынас. Оның ішінде бір ғана ұрпақ тәрбиесін алып қарасақ, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өсиеттерін орындаған адам ата-анасы  қартайған шағыңда өте жұмсақ қарым-қатынаста болуы тиіс. Артық кеткен қателіктері болса да күлімдеп, көңіліне дұрыс келмейтін сөз айтудан сақтанып, не нәрсенің жылы-жұмсағын, ең қымбатын ұсынып және қажет болған жағдайда астын тазалап барлық күш жігерімен құрметін көрсету ең сауапты іс. Алайда бұл іс көп адамның қолынан келе бермейтін күрделі мәселе. Бәлкіде күш-қуаты бар ата-аналар бұл мәселеге мән бермес.

Бірақ ешбір адам алдында қандай тағдыр  күтіп тұрғанын білмейді ғой. Ұрпақтарымызбен өз ойымыздағыдай қарым-қатынас жасау бала кезінде жеңілірек болары сөзсіз, қорқытып болса да айтқаныңды тыңдата аласың. Ал, олардың үлкейуімен қиындықта үлкейе беретіні заңдылық. Әсіресе, түсінген адамға қартайған шағында ұл-келіннің немесе қызыңның қабағына қарап жәутеңдеп сөйлеу, көңіліңдегідей еркін сезіне алмаудан артық азап жоқ шығар. Бұл уақытта өкінгенмен бәрі кеш.

Мейірімді Алла Тағалада пенденің бұндай беделсіз, мүсәпір күйін көргісі келмейді. Сол үшін екі дүниеде де өкініште қалмасын деп қасиетті дінін түсірді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннеттері ең үздік өмір сүру үлгісі. Өмірдегі өкініштеріміздің бәрі біріншіден біздің осы пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өсиеттеріне мән бермеуіміз және де оны дұрыс әрі терең білмеуімізден. Өзіне шынайы жаны ашыған адам өз болашағы үшін өзгелермен болған қатынасында пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өсиеттерін басшылыққа алғаннан басқа жол жоқ. Бұл өсиеттер тек ұрпақ тәрбиесі ғана емес, отбасылық сияқты басқада өміріміздегі маңызды мәселелерге қатысты.

Міне, бізге бағыт, бағдар беретін жолымыз анық әрі айқын екен. Онда келеңсіздіктерді шешетін келесі мәселеге көшейік.

Мысал ретінде тағы ұрпақ тәрбиесін келтіре кетейік. Ешбір адам өзіне жамандық ойламайды. Адамдардың бәрі жақсы өмір сүру үшін жанталасып тырысып бағады. Бірақ өз қолдарымен өздерінің өмірлерін күйретіп жатқанын көпшілігі сезінбей жүр. Өмірдегі мәселені шешу жолының бәрі әдемі айтылған ақылда болса, ешбір адам сәтсіздікке ұшырамас еді. Алла Тағала өте әділетті емес пе? Оған тек әдемі сөз жеткіліксіз. Әдемі сөзіңізге сай іс-амалыңызда және жан-дүниеңізде тап-таза әдемі болуы шарт. Балаңызды ең керемет оқуды оқытсаңызда немесе үлкен ғалымдарға тәрбиелетсеңізде өзіңіздің ісіңіз ақиқатпен сәйкестенбесе бұл тәрбие жеткіліксіз болады. Қарапайым мысал ретінде өзіңіздің ата-анаңызды немесе енеңізді ренжітіп, он рет қабақ шытсаңыз сіздің балаңыз немесе келініңіз он рет сізге қабақ шытатын болады. Одан азда немесе көпте болмайды. Сол уақытта неге бұлай болды деп өкінбеңіз. Бұл сіздің өз қолыңызбен жасаған ісіңіздің жемісі әрі Жаратушының әділдік заңы. Ал, ақылға салып, әртүрлі қулық жасап, енеңіздің разылығын алудан құтылдым деп ойлағаныңызбен шебер Алла жасаған айлаңызды өз алдыңыздан шығарары ақиқат. Ешбір пенде Алла Тағаладан айласын асыра алмайды. Бұл өмірдегі алдап-арбау сынды қулық-сұмдықтардың  барлығына ортақ қойылған ереже. Ал болашақтан ізгілікті үміт етсеңіз, дереу тәубаға келіп, бұрыңғы ісіңізді ізгілікке ауыстырып, Раббымыздан кешірім сұраңыз. Егер ата-анаңыз тірі болса, дереу қызыметін жасаңыз. Алла Тағала өте Кешірімді әрі Мейірім Иесі. Сонда сөзсіз  Алла Тағаланың рахымына бөленерсіз.

Өкінішсіз өмір сүрудің және ең биік белестерді бағындырудың дара жолы пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннеті екендігін жоғарыда айтып кеттік. Өміріміздегі кез-келген мәселедегі пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетіне мән берілмеген жердің орны ойсырап тұратыны шариғаттан белгілі. Алайда қанша тырысқанымызбен бала тәрбиесіндегі немесе өмірдегі маңызды саналатын істердегі сүннеттерді толығымен қамтый алмаудамыз. Себебі кейбіріміз сүннеттерді жете білмесек, енді кейбіріміз күйбің тіршілікке байланысты уақыттарда сәйкес келмеуі мүмкін. Ондай олқылықтардың орнын толтырып, қабағымызға қаяу түспей ең жоғарғы адамилық бақытқа қол жеткізуіміз үшін Алла Тағала мынандай мүмкіндіктер береді;

— нәпіл намаздарымызды көбірек оқу;

— нәпіл оразаларды көбірек ұстау;

— Құранды көбірек оқу;

— ертелі кеш Алланы зікір етіп жүру (истиғфар оқу);

— пайғамбарымызға салауат айтуды көбейтсек, Жаббар Иеміз уәде еткеніндей көңілімізді тоқ қылып, уайым, қайғы, өкініш сынды қорқыныштардан аман етеді.

Жоғарыда айтылғандардың бәрі, ең үздік өмір сүруді үміт еткен пенделер үшін. Ләйім әр қазақ баласын осы деңгейге жеткізуін нәсіп етсін.

ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша
 өкіл имамы
Ахмадиев Серікхан Рымханұлы


Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып отырған «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының мемлекеттік гранттының шеңберінде ақпараттық қолдау көрсетіледі- «Дін саласында ақпараттық жұмыстар жүргізу» проектісін іске асыру»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *