Орал. 16 қараша. Бүгін облыстық қазақ драма театрында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың қатысуымен «Дін және ұлттық тарих» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Тарихшы-ғалым Жаңабек Жақсығалиев жүргізген жиынға қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, қоғамда діни ұйымдардың толыққанды қызмет жасауы үшін барлық жағдай бар. Социологиялық зерттеулер қорытындысына сәйкес облыс тұрғындарының 86 пайызы діни ахуалдан хабардар. Облыста осы орайда тиісті жұмыстар жүргізілуде. Айталық, 200-ден астам адамды біріктірген 14 ақпараттық-түсіндіру тобы белсенді әрекет етуде. «Тұрақтылық кепілі — қауіпсіздік» жобасы аясында 15 мыңнан астам адамды қамтыған 302 шара жүзеге асырылды. Қазіргі таңда «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мекемесінен бөлек дін саласында 12 үкіметтік емес ұйым жұмыс жасайды. Осының бәрі, әрине, жасампаздыққа, елімізде ұлтаралық және дінаралық татулықтың беки түсуіне қызмет етуі керек. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына сәйкес дін саласында да дәстүрлі құндылықтарға басымдық беріліп, кез келген жат ағымға батыл тосқауыл қойылуы тиіс.
Конференцияда сөз алған ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев дәстүрлі дүниетанымның маңыздылығын, ал сәләфилік пен уахаббилік секілді ағымдардың Қазақстандағы исламтану үлгісіне мүлдем қиыспайтынын атап көрсетті. Дінге сену — әркімнің жеке ісі, оны біреуге таңуға мүлдем болмайды. Сол сияқты діни киім болып есептеліп жүрген пәренжі, ниқабтардың Африка, Араб елдерінен келгені белгілі. Қазіргі таңда елімізде 18-дей конфессия өкілдері тұрып жатыр. Қазақстандағы ислам — далалық исламның жарқын көрінісі. Яғни ұлттық салт-дәстүр мен дін өзара біте қайнасып кеткен. Ендігі міндет — ата-бабадан қалған сол бай рухани мұраны көздің қарашығындай қорғау қажет.
Конференцияда сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, бас мүфтидің бірінші орынбасары Серікбай Ораз «Қазақ руханиятын жаңғыртудың жаңа кезеңі», Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы «Дін және діндарлық: кеше және бүгін», Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті «Яссауитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор, философия және теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетаев «Дін және мәдениет қатынасындағы болмыстық тұжырымдар» тақырыбында баяндама жасады. Басқа да ғалымдар мен мамандар өз ой-толғамдарымен бөлісті.
Нұрлан Ермекбаев өңірге жұмыс сапары барысында сондай-ақ БҚО әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңес отырысына қатысып, оқушы-жастар, зиялы қауым өкілдерімен кездесті.