Ақтөбе. 20 қараша. Ақтөбеде уахабшы болғанын айтқан жігіт жат ағым насихаттаушысынан жастарды адастырмауды талап етті. Салафизмнен дәстүрлі дінге бой түзеген ақтөбелік жігіт бейне үндеу жасаған деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.
Есімін Талғат деп таныстырған ол бес жыл бойына жат ағымның қолдаушысы болғанын, қалай адасқанын айтып берген.
Ол жат ағымды насихаттаушы Ділмұрат әбу Мұхамедке сауалдар тастады. Теріс ағым ұстанушылардың рухани ұстазы саналатын өзбек азаматынан қазақ жастарын азғыруды доғаруды сұрайды.
«Менің Ділмұрат әбу Мұхамедке қоятын үш сұрағым бар. Сұрақтарыма жауап алғым келеді. Осы сәтте бізде келеңсіз жағдайлар болып жатыр. Біздер қазақпыз, Қазақстанда тудық, ата-анамыз қазақ. Бабаларымыз қазақ елін жаудан қорғаған, егеменді елде өмір сүріп жатырмыз. Біздің түсінбейтініміз, сіздің уағыздарыңызды тыңдап намаз бастағалы сегіз жылдай болса, сіздің уағызыңызды тыңдап жүргеніме бес жыл болған. Сізді тыңдағаннан бастап, өзіміздің дәстүрлерімізді жоққа шығарып жатырмыз. Сіздің ұлтыңыз өзбек, сіз Қазақстандағы көп жағдайды білмейсіз. Сіз арқылы бабаларымыздың дәстүрлерін бидағат едік. Сіз неге жоққа шығарып жатырсыз, бұл қалай?», — деген Талғат есімді жігіт.
Ол замандастарына рухани ұстазы саналып келген өзбек азаматының адастырушы екенін түсіндіруге тырысқан.
«Екіншіден, Қазақстанда бекітілген заңдар мен арнайы тәртіп бар. Біз шариғатпен жүргеннен кейін заңдарға келіспей көптеген фитналар шығып жатыр. Сіздің айтқандарыңызбен Қазақстан заңдары сәйкес келмейді. Бұл неге? Үшіншіден, фитналар көбейіп кетті. Қазақстанның ішінде мәселелер көбейіп кетті, өзара тартыс. Сіздің сабақтарыңызды тыңдап әсерленгелі имам, ғалымдарды тыңдамаймыз. Олар жүрекке күмән салып жібереді деп қашып жүреміз. Неге?», — дейді Талғат.
Ол салафиттердің рухани ұстазы саналатын өзбек жігітінен қазақ жастарын азғыруын доғаруды сұрайды.
«Мен өзім Қазақстандағы барлық имамды жек көрдім. Қазір біршама уақыт болып қалды. Мен салафиттікті қойып, әбу ханифа мазхабын оқып жатырмын. Имамдарға толық ұйимын, балалардың тыныш өмір сүргенін қалаймын. Қазір олар болмай жатыр. Тартыс көп. 17-20 жыл білім алған имамдардың сөзін жоққа шығарып жатырмыз.
Сондықтан осыны тоқтатуды, Қазақстанның жас балаларына жан жағымыз аласапыран болып жатқанда ел бірлігі үшін имамдарға, ел заңдарына бағынуға бұйыруды сұраймын. Себебі, бізге ең алдымен елдің амандығы керек. Мен осы үш сұрағыма жауап алғым келеді. Бұл нәрсе қайда барып тоқтайды? Соны білмей жүрмін. Түнде жатқанда сонны ойлаймын, не мақсат?»,- дейді ол.