Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Сәләфи ұғымының жан-жақты қарастырылуы

Әһлі сүннетте сәләф ұғымы

«Әһлі сүннет уал жамағат» қысқаша айтқанда әһлі сүннет, өзінің аты айтқандай, бұл Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетіне, сол дәуірдегі ардақты сахабаларға және олардың жолымен жүргендерге берілген атау. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.): »Ең қайырлы буын – менің замандастарым. Одан кейін олардың соңынан ергендер.  Сосын бұлардан кейін келгендер», – деген хадисінде  «ең қайырлы буындар» деген атқа ие болған алғашқы үш буынды арабша айтқанда «сәләф» деп атайды.

Яғни «сәләф» деген сөз араб тілінде «бұрынғы»,  «алғашқы» деген мағыналарды білдіреді.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезінде ғұмыр кешкен мұсылмандар мен олардың көзін көрген кейінгі екі буын, сондай-ақ уақыт кеңістігі тұрғысынан алғанда әрі дінді өте мықты ұстанып кейінгі ұрпаққа үлгі болған тұлғалар осындай атаққа ие болды.

Бұл алғашқы үштікке сахабалар, табиғиндер және табиғиндерді көрген «әтбағут-табиғин» жатады. Бұлар имани тұрғыдан болсын, ғылым жолында болсын, яғни бұларды амалға асырарда, шариғат заңдарын ұстануда біз мұсылмандар үшін үлгі болып табылады.

Сахабалар Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қайтыс болғаннан кейін де Исламның бірегей бетке ұстар тұлғалары болды. Олар Хижаз (Мекке-Мәдина) аймағында да, жаңадан бағындырған жерлерде де, Исламды жайып, шәкірттер тәрбиеледі.

Айталық Құран-хадисті және Ислам дінінің бүкіл  іс-жүзіндегі үкімдерін барлық мұсылмандар сол сахабалар арқылы үйренген. Міне, сондықтан сахабаларды (зуһд, уәрәғ) пен мінез-құлықта (ахлақ) ерекше орны бар.

Жоғарыда айтылғандай сахабалардан кейін табиғин буыны келеді. Табағиндер сахабалардың жанында тәрбиеленіп жетіліп, иман негіздерін, ғылымды және бұлармен іс-амал жасауды солардан үйренген. Бұлар сахабалардың артынан еруде салғырттыққа бой алдырмастан ұқыптылық көрсете білгендіктерінің арқасында табиғин деген атқа ие болды.

Саңлақ сахабалардың дәрежелері Құранда мадақталды. Өйткені олар Пайғамбарды (с.ғ.с.) өз көздерімен көрді, Исламды дұрыс түсініп, онымен шынайы өмір сүрді. Сондықтан олардың орны ерекше. Ал, табиғиндердің шоқтығының биік екендігі мына екі нәрседе жатса керек:

1.Олар Исламды сахабалардан, яғни дін амалдарын атқаруда алдарына жан салмайтын топтан үйренді.

2.Сахабалар дәуірінде кездеспеген көптеген бейтаныс пікірлер мен наным-сенімдерге алғаш олар жолықты.

Философиялық ойдан өрбіген ағымдар мен мұғтәзилә, жәбрия, муржиъя сияқты әһлі сүннет уәл жамағатқа қарсы сапта тұрған мәзһабтар мен басқа да наным-сенімдерді қуаттайтындар, алғаш осы табиғиндер кезінде пайда болды. Олар ислами қоғамға етене араласып әртүрлі сенім-пікірлерімен біршама күйзелістерге жол ашты.

Міне, осы табиғиндерден шыққан үлкен ғалымдар, бұл ағымдарға қарсы күресіп, сахабалардан айна қатесіз мирас боп қалған таза Ислам түсінігін кейінгі ұрпаққа жеткізуде маңызды рөл атқарды. Исламға кереғар, жат түсініктерге қарсы қандай шара қолданатынымызды сол «аға» буынды табиғиндерден үйренеміз.

Сол үшін табиғиндер кезінде фиқһ мәзһабтарының мектебі қаланды. Бұл кімнің болса да назарын аударары хақ. Табиғиндерден кейін келіп, оларға шәкірт бола білген буынды әтбағут-табиғин деп айтады. Бұл кезеңдерде ілімнің тамыры тереңге жайылып, әр түрлі салаларға бөлінуі, хадистердің де кең таралып, арнайы кітаптарда жиналуы және фиқһи мәзһабтардың әбден орнығып, етек алуы осы уақыттың еншісіне тиіп еді.

Біз жоғарыда қысқаша тоқталып өткен бұл үш буын Құранда да, Пайғамбарымыздың  сүнеттінде де мақтауға лайық болды, әрі  Ислам түсінігінің кіршіксіз жетуіне шешуші рөл ойнады. Олар кейінгі ғасырларда ақиқат пен жалғанды бір-бірінен ажыратып беретін тұлғалар болды. Бұл үш кезеңнің мұсылмандар үшін маңызы сол, тарих бойынша Ислам қоғамында қандай да бір мәселе көріне қалса, әлгілердің қалдырған дүниелері қашан да өзіндік көмегін тигізіп отырды.

Сол үшін қазіргі таңда «салих сәләфтар» мұсылмандар үшін жар дегенде жалғыз қайтар көз ретінде тұруы керек. Әсіресе, мына бір тұсты естен шығармауға тиіспіз:

«Әһлі сүннет өз кезеңінде шығып жатқан топтардың бірі емес. Ол о бастан ақ бар еді. Сахабалардың пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с.) үйренген дінінде үкімдерге байланысты, әрі әдептілік тұрғыдан да ақида болған-ды. Бірақ Алла елшісі дінді жеткізу барысында сенуіміз қажет болған мәселелерді ашып түсіндірген болатын.

Алғашқы мұсылмандар уахидың түсуіне, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мұғжизаларының куәсі болды. Құран Кәрім өз тілдерінде түсіп жатты. Аяттар белгілі бір себептерге байланысты түскендіктен олар үшін түсіну қиынға соқпады. Олар қисынды түсіндірмелерді қажет етпеді, тек ықыласпен мойынсұнудың жолын ұстанды.

Сахабалар ақида, әдептілік және шариғи үкімдерді терең меңгере отырып, оны кейінгі келер ұрпаққа табыстады. Сенім тұрғысынан топтарға бөліну әрі орын алмағанды, барлығы бір негізде болғандықтан «мәзһаб» деген атау әлі жоқ еді.

Кейіннен түрлі ағымдар шығып, әрқайсысы өздерінің принциптерін негізге ала отырып, жік-жікке бөліне бастаған уақытта, әлгі бастапқы таза ұстаным «әһлі сүннет уәл жамағат» деген өзіне жарасымды атқа ие болды. Мұндағы «сүннет» деген сөз сенімге байланысты бағыттың қайнар көзін меңзесе, «жамағат» деген сөз оның ерекшелігін айқын бейнелеп тұр.

Бұл жаңа топтар ақидаға қатысты мәселелерді аз да болса қисынды түсіндірме беретін «кәләм» іліміне қалдырды. Бидғат топтар ғайри діндегі теологтардың сахаба мен сәләфтың таза ақидауи жолына қарата айтқан сын пікірлері мен сұрақтарына қисынды дәлелсіз  жауап табу қиынның қиыны еді.

Міне осыдан бастап сүннетке негізделген ақида өз әдісін өзгертіп, бұл жолы әһлі сүннеттің «халаф» ғұламалары деп аталды. Сәләф деген сөздің қандай мағынада тұрғанын жоғарыда айтып өттік. Ал «халаф» деген сөз араб тілінде «кейінгі» деген сөзді білдіреді. Дәлірек айтқанда сәләфтің ізін жалғастырушы мұсылмандарға берілген атау.

Екеуі де әһлі сүннет болып есептеледі. Дегенмен сәләф пен халафтің методикалық айырмашылығын бір мысал келтіре отырып түсіндіру пайдалы болар деп ойлаймын: Құрамында Алланың сипаттары орын тепкен, яғни түсінуіміз қиын болған мұташаббиһ аяттар мен кейбір хадистерде келтірілген яд, уажһ, айн, истиуа, нузуль деген сияқты Алла тағала хақындағы сөздердің түсіндірілуінде Ислам тарихы бойынша төрт түрлі көзқарас қалыптасты.

  1. Бұл сипаттар өз сыртқы мағыналарында қабылдауға тиіс деп, Аллаға ағза танумен қатар басқа жаратылғандарға ұқсатып мушаббиһа және мужассима деген мәзһабтар пайда болды.

  2. Бұл сипаттар жорамалданып, сыртқы мағыналарынан ауысып астарлы мағынада түсіндірілмесе жоққа шығарылады деген пікірде ұстанып кадария, жаһмия, муғтазила деген мәзһабтар шықты.

  3. Аталмыш сипаттарға, сыртқы мағыналарынан ешбір жаққа бұрмаламай, сол қалпында иман келтіруіміз кажет. Дегенмен, Ташбих, Тажсим, Нафи және таътил жасау дұрыс емес. Бұл әһлі сүннет яғни сәләф жолының методы болып табылады.

  4. Әлгі сипаттардың Аллаға лайықты, Құран Кәрім мен сүннеттің принциптеріне сай түрде, тажсимнен де, таътилден де ұзақ жорамал жасалу керек екендігін көлденең тартқан екінші әһлі сүннет халаф ғұлама ғалымдарының көзқарасы.

Халаф ғалымдарының методының үш маңызды шарты бар:

а.Жасалған жорамал діннің негізгі принциптеріне қайшы келмеуге тиіс.

ә.Жорамал арқылы табылған мағынаның Алла тағаланың мұрат мақсаты екендігін кесіп айтпау.

б.Жорамал арқылы тұспалдап айтылған сөз шариғатқа сай болу және араб тіліндегі балама сөзі де болуға тиіс.

Осының бәрі халаф ғұламаларының өз методикаларын ғылыми негізге сай ұқыптылықпен құрғандығын көрсетеді.

Тағы бір айта кететін жайт мұташаббих аяттарға қатысты әһлі сүннет халаф ғалымдарының методикасы қажеттілікке байланысты туындаған. Бір жағынан Ислам дініне селдей ағып кіріп жатқан өзге мәдениет өкілдері, екінші жағынан Исламның алдында тізе бүккен дін дұшпандарының фитна жасап, халықтың арасына күмәнді ойлар тастатпаудың алдын алу міндеті бірінші орындағы проблемаға айналған-ды.

Сәләфилік хақында

Сәләфилік дегеніміз – Исламды салих сәләфтің түсінігімен түсініп, олар амалға асырған іс-әрекеттерді сол қалпында қабылдауды мақсат тұтқан ағым. Қазіргі Сауд Арабиясы территориясындағы Нәжд аймағында пайда болған, Мұхаммед бин Абдулуаһһаб негізін қалаған «уаһабилік» қозғалысы кейініректе «сәләфилік» деп аталып кеткен.

Уаһабилер кәләм мәзһабтарын құптамады, олардың методикасына қарсы шықты. Олар Әһлі сүннетің ең үлкен кәләм ғалымдары Әбу Мансұр әл-Әшғариге кәләмдік дәлелдерді қолданып, ақылды нақылдан (аят пен хадистерден) жоғары тұту арқылы таза Ислам ақидасын былғады дегенді айтты. Әсіресе мүташабиһ аяттар мен хадистердің Алла тағаланың ұлылығына сәйкес қолданылғанына барынша қарсылық көрсетіп баққан уаһабилер сопылыққа да қатты шүйлікті.

Уаһабилер фиқһи мәзһаб ретінде ибн Тәймия мен оның шәкірті ибнуль-Қайымның жолын ұстанады. Олар фиқһ ғылымында қолданылып жүрген «истихсан», «истислах», «мәсалихи мурсәлә» деген сияқты қисынды дәлелдер ұсынған  Ханафи, Мәлики, Шәфий және тағы басқа да мәзһабтарға бидғатшылар деген айдар тақты.

Уаһабилердің мүташабиһ аяттар мен хадистер жөніндегі көзқарастары

Уаһабиліктің ең басты белгілерінің бірі – мүташабиһ (ұқсас) аят-хадистердің сөздік ұғымын негізге ала отырып, қаз-қалпында қабылдау болып табылады.

Яғни, уаһабилер Құран мен хадистегі «қол, бет, келу, отыру, түсу, Аршыға отыру, ашулану, қуану» және т.б секілді Алла тағаланың сипаттарын  жаратылысқа тән сипаттарға теңеп, қабылдап отыр.

Ал, Құрандағы көптеген аяттар Алла тағаланың аталмыш сипаттарын жаратылыстың сипаттарына ұқсатудың  орынсыз екендігін көрсетіп береді.

Сопылық жайлы пікірлері

Ислам тарихында орын алған бірқатар қате түсініктер мен жаңсақ әрекеттер уаһабилердің сопылыққа дұшпандық көзбен қарауына себеп болды. Әйтсе де әһлі сүннет уәл жамағаттан бөле-жарып қарауға келмейтін «шынайы» сопылық батынилік (құпия сырларға аса мән беріп қарайтындар) немесе харуфилік (Құран әріптерінен болмыс пен жаратылысқа қатысты мағына шығарушылар) секілді адасқан ағымдардан мүлде аулақ.

Сопылар, Әһлі сүннет жолының сақталуына және оның жайылуына барынша ықпал етті. Әсіресе мұсылмандардың рухани өмірінің дамуына, мінез-құлықтың өзгеруіне  және сахабалар жүріп өткен сара жолды үлгі тұтып, салиқалы тұлғалардың өсіп шығуын шыңдай түсті. Керек десеңіз, сопылық жолындағы ғалымдардың ақидаға және салих амал жасауға қатысты бірқатар еңбектері мен өзіндік  көзқарастары бар.

Тақлид (еліктеу) жөніндегі көзқарастары

Бәзбір уаһабилер фиқһи мәселелерде қандай да бір мүжтәһид имамның артынан еруге барынша қарсы шығып, мұның адамзатты күпірлікке апаратынын айтып даурықты. Бұл пікірлеріне бірнеше аят-хадистерді дәлел ретінде келтіруге тырысты. Негізінде олар келтірген аят-хадистерге мұқият үңіліп қарайтын болсақ, бір ғалымның артынан еруді (тақлид) харам деп санауға  келмейтінін бірден аңғарасыз.

Олар аят-хадистерден мұның харам екендігін күштеп  шығарғылары келеді. Үмметтің бұрыннан қолданып  келе жатқан әрекеттерін, яғни Алла ризалығына жетуде бір нәрсені себепші етуді (уәсилә) және тақлидті құптамайды, олар бұған үзілді-кесілді қарсы.

Хадис ғалымдары ижтиһад (аят-хадистерде берілмеген мәселелерді жан-жақты талқылап, ой-санамен  түйіндеу) ете отырып, барлығы бір ауыздан хадистерді сапасы  жағынан сахих, хасан және дайыф деп үш топқа бөлген. Демек, хадистерді  бұлайша бөлу сол ғалымдардың ижтиһадтарына сүйенеді. Сондықтан, кейінгі ғалымдар олардың кітаптарындағы хадистерді дәлел ретінде қолданарда хадистердің сапасын білу үшін олардың көзқарастарын ұстанып оларға «тақлид» жасаған яғни еліктеген.

Бүгінгі таңда біздер үшін осыдан мың екі жүз жыл бұрын  өмір сүрген  хадис рауилерінің сипаттарын (дұрыстығын немесе бұрыстығын) білудің бір ғана жолы бар. Ол-хадис ғұламаларының бұл мәселеде айтқан  пікірлерімен жазып қалдырған еңбектеріне сүйену. Біздің қандайда бір хадистің сенімділігі  дұрыстығына көз жеткізу жолындағы іс-әрекетіміз толығымен сол ғалымдардың ижтиһадтарына негізделіп отыр. Әрі бұл еліктеудің «тақлид» нақ өзі. Бұған уаһабилер  де хадис ғалымдарының соңынан ерген (муқаллид) болып есептеледі.

Егер қандай да бір ғалымның бір көзқарасының дәлелін білмей жатып ұстану харам болса, бұл харамға  әлгілерде белшесінен батып жүр емес пе?! Егер  хадистің сапасын білуде  бір хадис ғалымының  пікірін ұстану  дұрыс болса, онда мүжтәһид имамдардың фиқһтағы  пікірлерін ұстану неге дұрыс болмасын?!

Қазіргі таңдағы уаһабилер бұрынғы сәләфті қаншалықты үлгі тұтамыз десе де, мұның  тек сөз жүзінде қалып отырғандығын айтуымызға тура келеді. Имам Ағзам Әбу Ханифа (рахматуллаһи алайһи) бұрынғы сәләф ғұламаларының қатарына жатады. Оның ақида (сенім) тұрғысындағы және фиқһи пікірлерін ұстану өте орынды. Бұл сөз басқа үлкен имамдарға да қатысты.

Қорыта айтқанда, қазіргі таңдағы уаһабилер мен ақиқи сәләфтардың (сахабалар) арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Міне, сол үшін уаһабилік деп аталған ағым қаншалықты сахабалардың түсінігі мен оның жолын негізге алғандықтарын айтса да, негізінде олар тым ұзақта. Олардың қатал, дөрекі қылықтары әһлі сүннет ұстанымына мүлдем жат.

Исмаил Оғуз, дінтанушы

Тәржімалаған Қанат Жұмағұл

Шаңырақ діни кеңес беру, алдын алу және оңалту орталығы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *