Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Бейбітшілік дінін бетперде қылған

Астана. 5 ақпан. Әлем елдеріндегі қарулы қақтығыстардың артында хақ діннің атын жамылып, қару асынып, өз Отанын сатуға үгіттейтін радикалды топтардың тұрғаны жиі айтылатын болды. Халықтың емес, қара басының қамы үшін қыруар қаржыға кенелуді көздегендер отандастарын ойланбастан осы жолға итермелеп, ел ішінде іріткі салса, ата дінімізден хабары жоқ қарапайым жұрт ұстанымы ұйып отырған ұлтымызды жоюды көздеген «діндарлардың» дегенін діңгек етіп алды.

Сарапшылар пікіріне сүйенсек, діни экстремизмнің кең таралуына себеп болып отырған бірнеше алғышарттар бар. Дінге толық таныммен келмеу – діни сауатсыздықтың басты көрінісі болып отыр. Алғашқысы танымнан, ақыл дәлелінен туындайтын шынайы иман болса, екіншісі ештеңенің байыбына бармай елдің айтқанымен жүру. Яғни надандықтан шыққан соқыр сезім, үстірт наным. Соңғысы қазіргі қоғамға тән құбылыс болып отыр. Еліктеушіліктің соңы әсіредіншілдікке әкеліп, арты экстремизм мен терроризмге ұласып отырғаны жасырын емес. Екіншіден, еңбектеген балаға дейін қолжетімді болып отырған ғаламтор кеңістігіндегі экстремистік идеялар тарататын сайттар да маңызды себептердің біріне айналды. Кейбір сайттар мұсылмандардың қысымға ұшырауы, әлемдегі мұсылмандар туралы ақпараттар, қанға бөккен адамдардың суреттерін, бейне-материалдар ашық көрсетіледі. Мұны көрген жастардың бойына хақ дінімізді жеккөрушілік сезімін әкелсе, енді бір жағынан экстремистік ұйымдардың арнайы әзірленген уағыздары ашықтан-ашық көрсетіледі. Уағыздарда зайырлы биліктің исламға жат екендігі, мұндай мемлекет басқарушылары, дін қызметкерлері «діннен шыққандар» деген пікір мейлінше «дәлелденіп», оларға бағынбау керектігі кеңінен қаузалады. Осындай ақпараттар діни сауаты төмен бола тұра өзін «мұсылман» санайтын адамдардың қысымдағы мұсылмандарды құтқару мен халифат сипатындағы мемлекет құруға атсалысып, қажет болса, құрбан болуына түрткі болуда. Ал енді бір сайттардың сырты бүтін іші түтін болып келеді. Бір қарағанда ешқандай күмән тудырмайтын мұндай сайттарда қасиетті дініміз бұрмаланып, ықылым заманнан келе жатқан қазақтың салт-дәстүрлеріне де «Құдайға серік қосу» деген пәтуалар көп айтылады. Шетелден шала білім алып, өзін діндар санайтын уағызшылардың кесірінен қаншама сана уланып, тіл мен ділден, дін мен дәстүрден алыстап бара жатыр. Оның дәлелі қоғамдық орындарда қараға оранғандар мен қауға сақалып сапситып, шолақ шалбармен шірене жүретіндердің көбейгенінен көруге болады.

Қысқа балақтыларға бақылау күшейеді

Енді елімізде «бас ауруға» айналған сақалдылар мен бетін бүркейтіндермен күрес барынша қатал болмақ. Шетелде діни білім алуға да шектеу қойылмақ. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің қабырғасында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын таныстырған Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев егжей-тегжейлі түсіндірді.

Діни ұйымдар туралы заңға бас-аяғы 53 өзгерту енгізу көзделген. Министрдің айтуынша, заң жобасын әзірлеудің мақсаты – мемлекеттік-діни қатынастарды жетілдіру, діни қызмет субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін айқындау, сондай-ақ дін саласын реттеу. Заң жобасының ең маңызды нормалары дінді деструктивті мақсаттарда пайдаланудың кез-келген мүмкіндіктерін болдырмауға және мемлекеттік органдардың құзыреттілігін кеңейтуге, діни бірлестіктердің қызметін жеңілдетуге бағытталған. Яғни заңнамаға «деструктивті діни ағым» және «діни радикализм» ұғымдарының анықтамасы енгізілмек. Деструктивті діни ағымдардың сыртқы көрінісі болып табылатын атрибуттар, мысалы қауға сақал мен қысқа балақ, сондай-ақ бетті жауып тұратын киім-кешекті қоғамдық орындарда киіп жүруге шектеу қойылады. «Заң жобасында деструктивтi дiни ағым белгiлерiн пайдалану және көпшiлiкке көрсетуге тыйым салу көзделiп отыр. Олар заңнамалық актiде бекiтiледi. Бұл белгiлердің ішіне тек сыртқы ғана емес, идеологиялық, психологиялық, ұйымдастырушылық әрi діни жоралғы белгiлері кіреді. Деструктивтi дiни ағымдардың сыртқы белгiлерiне исламдағы радикалды ағымдарға тән дүниелер жатқызылуы мүмкiн. Мысалы, бетті жауып тұратын киiм, балағы қысқа шалбар, сақал болуы мүмкiн. Олар жеке-жеке емес, бiрге қарастырылады. Арнайы сараптама арқылы олардың деструктивтi ағымға жататыны-жатпайтынына баға берiледi», – деді министр. Айтуынша, бұл белгiлер заңнамалық нормативтiк-құқықтық актiде бекiтiледi. Бұл актiде эскиздер немесе фотосуреттер берiлуi де мүмкiн. Ұсыныс бойынша, бұл IIМ, ҰҚҚ, Дiн iстерi және азаматтық қоғам министрлiгiнiң бiрлескен бұйрығы болады. Ал мамандар бұл белгiлердiң деструктивтi дiни ағымға жататыны-жатпайтынын анықтайды. Теріс ағымның бірнеше сыртқы белгiсi бар азаматпен тiлдесiп, оның дiни көзқарасы жайлы сөйлеседi. Қажет болған жағдайда оған ескерту жасалады. Одан кейін ғана сақалдың ұзындығы сантиметрмен өлшеніп, қажетті жағдайда айыппұл да салынуы мүмкін.

Он алты жасқа толмаған балалардың мешіттер мен шіркеулерге баруын шектеу, қазақстандықтардың шетелде діни білім алуын құқықтық реттеу туралы түзетулер де енгізілуде. «16 жасқа толмаған балалар діни ғибадатханаларға, мешіт болсын, шіркеу болсын немесе басқа да діни жоралғыларға қатысуға, діни жиындарға қатысуға тек өздерінің кәмелет жасқа толған туыстарымен бірге немесе олардың ата-аналарымен бірге бара алады. Одан кейін Қазақстандағы діни жоғары оқу орнын аяқтамағандарға басқа жерде білім алуына рұқсат жоқ», — дейді Нұрлан Ермекбаев. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілердің және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің дінге қатысты іс-әрекетін реттеуге бағытталған баптар да бар. Діни бірлестіктердің қаржылық қызметінінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған арнайы нормалар енгізіліп, БАҚ арқылы арқылы діни ілімді таратуды заңнамалық негізде реттеу ұсынылған екен. Заң жобасы аясында дінге сенушілер мен дінге сенбеушілердің де құқықтары тең тұрғыда қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, талақ қылатындардың да іс-әркетіне тоқтау қойылмақ. Ендігі жерде некеге отыру немесе некені тоқтату бойынша діни рәсімдер мен жоралғыларды өткізу тек қана діни ғимараттарда өткізу талабы енгізіледі.

Заң жобасында діни саладағы қызметті ұйымдастыру кезінде мемлекеттік органдардың құзыреттілігін нақтылайтын бірқатар нормалар да көрсетілген. Атап айтқанда, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне елдегі діни бірлестіктердің қызметін тексеру құзыретін беру көзделген. Бұдан бөлек, Ішкі істер министрлігінің сотталғандармен оңалту жұмыстарын жүргізу және діни қызметпен байланысты қылмыстардың алдын алу бөлігінде, жергілікті атқарушы органдардың діни ахуалға мониторинг жүргізуге қатысты функциялары кеңейтіледі.

Жиынға келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай Қажы Ораз алдыңғы мәселе теріс ағымдарды насихаттаудың алдын алудан басталуы керек екенін айтады. «Қазір діни сауат ашқысы келген адам ғаламторда алдымен деструктивті көзқарастағы ортаның жаңадан ашып алған сайты, болмаса солардың ұсыныстары алдымыздан шыға келеді», – дейді Бас мүфти.

Бас мүфтидің айтқан сөзінің жаны бар. Бүгінгі күні дiни ұйымдарды министрліктер мен әкімдіктер де, Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірге бақылауына алса да діни топтардың тайраңдауына тосқауыл бола алмай келеді. Өйткені, қазір уағызшылар айла асырудан арнайы мамандандырылған қызметкерлердің өзін шаң қаптырып кетті. Мешіт пен интернеттегі уағыздарын әңгіме етіп жүргенде, қауға сақалдылар қаланың қақ ортасында, адамдардың ең көп жүретін жерінде б/у «телефон» сатумен айналысуға көшкен. Сөйтсе сақалдылардың сатқан телефондарында арнайы файлға жинақталған түрлі уағыздар кездеседі екен. Қолдан қолға өтіп, сауда айналымында жүрген сотканың иесін тауып, қылмысын мойнына қою қиын екеніне сақалдылар сенімді. Өйткені ол да бұл телефонды біреуден сатып алады. Сақалды ағалардың соңынан жүретін жігіттерді қойып, көрмеген азаматпен некеге тұрып, шекара асудан қорықпайтын қаракөздердің қатары осылай көбейген. Өрімдей қыздардың өзінен он жас үлкендігіне қарамастан «мұсылманмын» десе «мәңгі» бірге болуға серттесіп, Сирияға кеткендері қаншама. Оның ішінде кәмелет жасына толмаған он алтыда бір гүлі ашылмаған қыздар да жетерлік. Тоғыз ай құрсағында өсірген туған анасын да тәрк етіп, теріс ағымның жетегінде кеткендердің тәубеге келмеуі неліктен? Талқылау барысында халық қалаулылары құжатты қолдайтындарын, алайда діни топтардың аяқ алысына бақылау жасауға тиіс құзырлы орындардың өзінде шикілік көптігіне назар аудартты. Айтуларынша, дін саласында мықты мамандар әлі де жеткіліксіз көрінеді. Сондай-ақ, депутаттар заң жобасында ғаламтордағы уағызшылардың жолын кесетін шектеу қойылмағанына да алаңдаушылық білдіріп, тіпті, сырт киімдердің өзіне жеке-жеке тоқталу керектігін жеткізді.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев БАҚ беттерінде «ауыл имамдары діни экстремизммен күресуде әлдеқашан жеңілді» деген пікірін айтқан екен. Себебі, жаһанның жаңалығынан кеш қалған молдалар заманның ағымына ілескен діни топтардың шырмауына түскен жастарды қайтаруға қауқарсыз. Смартфоннан салафиттердің сайттарын қарап отырғандардың әлеуметтік мәселелерін де ескеруге тиіспіз. Осылай деген саясаттанушы діни экстремизммен күресті күштік құрылымдар емес, алдымен ауыл имамдары бастауы тиіс екенін ерекше айтады. Себебі, адамның сана-сезімін улауда шебер уағызшылардың уын өз уымен қайтаратындай шешендік өнерді меңгерген имамдар қажет. Бір сөзбен айтқанда, адасқан жандарды ауыл молдасы әңгімеге тартып, халыққа идеялогиялық жұмыспен айналысуы маңызды.

Әскерилер арналған әдістемелік семинар

Күні кеше Астанадағы 3660 әскери бөлімінде жеке құрам мен сарбаздар қатысқан «Терроризмге қарсы қорғанысты қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруда терроризмге ұшырамайтын объектілердің басшылары мен қызметкерлеріне арналған әдістемелік ұсынымдар» тақырыбындағы семинарда да діни ағымдардың арандатушылығын болдырмау, экстремизммен күрес мәселесі кеңінен сөз болды. Жиынды ұйымдастырушы Әскери полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі, аға лейтенант Тимур Күбенов «Қазіргі күні өзекті болып отырған экстремизммен күрес біздің қызметкерлер мен сарбаздар үшін маңызды. Сондықтан тұрақты түрде өтіп отыратын іс-шараның бүгінгі тақырыбын осы мәселеге арнап, ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірге жоспардан тыс семинар ұйымдастырып отырмыз», – деді.

Алғашқы болып сөз алған Ақмола гарнизоны әскери прокуратурасының аға прокуроры, әділет капитаны Бердібек Сейдулла деструктивті діни ағымдардың елімізге қаншалықты зиян екенін және оның алдын алу жолдары туралы тарқатты. «Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында басым міндеттердің ішінде радикализмнің, экстремизмнің және терроризмнің барлық түрлері мен көріністеріне қарсы іс-қимыл айқындалған. Бұл ретте қоғамда, ең алдымен, жастар ортасында діни экстремизмнің алдын алуды күшейту қажеттілігіне және құрметтелетін зайырлы мемлекеттің қалыптасуына ерекше назар аударылады», — дейді Бердібек Асанұлы. Айтуынша, семинар деструктивтік сананың әскери ортаға таралып кетпеуінің алдын алуға және әскерилердің діни сауатын көтеруге бағытталған. «Бір семинар арқылы әскерлерге әлемдік деңгейде қауіп-қатер туындатып отырған экстремизмді толық түсіндірмесек те, жат ағымдардың жетегіне еріп кетпеудің алғышарттарын орындауға шақырып, мамандардың пікіріне құлақ асуға мүмкіндік аламыз», – дейді аға прокурор Бердібек Сейдулла.

Бұдан кейін Астана қалалық ІІД Экстремизм және терроризмге қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Әмір Маратов адам аяғы көп жүретін қоғамдық орындарда күдікті тұлғалардың іс-әрекеті мен қауіпті заттардан қалай сақтанып, құзырлы орындарға хабар берудегі маңызды мәселелерге тоқталды. Тіпті, қалта телефоныңызға келетін күдікті аудио мен бейнежазбалардың өзіне мұқияттылықпен қарап, құқық қорғау қызметкерлеріне хабар берудегі қарапайым ережелерді есте ұстау қажеттігін жан-жақты түсіндірді. Ал басқарманың жедел уәкілі, полиция капитаны Асхат Таласпаев діни ағымдармен тікелей жұмыс істейтіндіктен қызмет барысында қажеттілік туындағандықтан қосымша теолог мамандығын тәмамдағанын тілге тиек етті. Себебі, қазіргі күні саңырауқұлақтай қаптаған деструктивті діни ағымдармен жұмыс жүргізу үшін алдымен діни сауаттың болғаны маңызды. Осылай дей келе Асхат Нұрланұлы жеке құрам мен сарбаздарға қазіргі күні кең атақ алған атрибуттар, оның ішінде бетті бүркемелейтін киімдердің түп-тамыры қайдан келгенін түсіндірді. Әскерилер де өз кезегінде діни көзқарастарын білдіріп, мамандарға мейлінше көп сауал жолдады.

Сұрақ-жауаппен жалғасқан жиын соңы «ата-бабаларымыз ұстанған хақ дінді ұстанып, салтымыздан сырт айналмасақ, ұстанымы биік елдің іргесін ешбір діни топтың талқандауына жол берілмейді» деген әдемі сөзбен аяқталды.

Жадыра МҮСІЛІМ

Дереккөзі: Baq

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *