Атырау. 7 ақпан. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті қылмыстық топ әрекетінің жолын кесті, — деп хабарлайды ҚР ҰҚК баспасөз қызметі.
«Үстіміздегі жылдың 31 қаңтарында ҚР ҰҚК Атырау облысы бойынша Департаменті жүргізген шаралар нәтижесінде, Атырау қаласында 2 жыл бойы Атырау-Астрахань, Атырау-Орал, Атырау-Бейнеу қалааралық және халықаралық бағыттарында жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын тұлғалардан жүйелі түрде ақшаларын қорқытып алумен айналысқан адамдар тобы құрықталды. Аталған бағыттарда 200-ге жуық автокөліктер жүріп-тұрған. Ай сайын әр көлік жүргізушісінен алым-салықтың көлемі 5 мыңнан 25 мың теңгеге дейін құраған.», — деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.
Сонымен қоса, ұсталғандардың деструктив бағыттағы бейдәстүрлі салафизм діни ағымын ұстанатыны және қылмыстық құқықбұзушылық ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабының 2-бөлігі 2-тармақтары бойынша сотқа дейінгі бірыңғай тергеу реестріне тіркелгені хабарланды.
Алты адамға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.