Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Дін мемлекеттен бөлінгенмен, қоғамнан бөлінбейді

Астана. 19 ақпан. Айнұр ӘБДІРӘСІЛҚЫЗЫ, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры:

– Айнұр Әбдірәсілқызы, Мәжіліс­те «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» және басқа да бірқатар заңдарға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы таныстырылды. Онда Сіз басқаратын орталық тарапынан енген ұсыныстар бар ма, әлемдік тәжірибе қаншалықты ескерілген?

– 2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданғаннан бері діни қатынастар саласында да, діни сана дамуында да елеулі өзгерістер болды. Теріс пиғылды және дәстүрлі емес діни ағымдар белсенділігінің күшеюі жалпы қоғамда, әсіресе, жастар мен жасөспірімдер арасында дін атын жамылған залалды идеология­ның таралуына заңмен тосқауыл қоюды күшейту қажеттілігін негіздеп отыр. Шет елдерде діни білім алу мәселесін реттеуді күшейту, діни ұрандар мен атрибутиканың орынсыз қолданылуын шектеу, мемлекеттік мекемелердің діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-әрекетінің тиімділігін арттыру, діни қатынастар субъектілеріне бақылауды күшейту, дін ұстану немесе ұстанбау секілді мәселелердің заң аясында реттелуін күшейтудің өзектілігі айқындала түсті. Сондықтан, тиісті заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі пісіп-жетілді деуге толық негіз бар.
Ал, әлемдік тәжірибеге келсек, кез келген үдерісте, әрине, бірінші кезекте отандық және әлемдік тәжірибе зерттеп-зерделенеді. Дегенмен, әлемдік тәжірибедегі бір ақиқат – барлық елдің заңнамаларына өзгеріссіз енгізе беретін әмбебап норма деген болмайды. Әрбір мемлекеттің тарихи қалыптасқан саяси-құқықтық үлгісі, мәдениеті мен менталитеті, ішкі-сыртқы саяси ахуалы мен саясаты, өзіндік даму үрдістері бар. Заңнамалық нормалар көзсіз көшіруді көтермейді. Сол себепті, әлемдік тәжірибе есепке алынады, бірақ негізге алынбайды.
Біздің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы дін саласындағы уәкілетті органның ведомстволық мекемесі болғандықтан, заңнамаға өзгерістер енгізу мәселесіне 2017 жылдың басынан бері тұрақты түрде араласуда. Дін саласындағы басқа да құбылыстар секілді заң жобасына да Орталық өзінің нақты ұсыныстарын берді және барлық талқылау шараларына толығымен қатысып келеді.

– Қоғам тарапынан заң жобасының кей нормаларына қатысты түрлі пікірлер айтылуда. Әсіресе, 16 жасқа дейінгі балаларды ересектерсіз діни рәсімдерге қатыстыруға қойылған тыйымға қатысты алаңдау­шылық бар. Сіздіңше, бұл қаншалықты дұрыс шешім?

– Мемлекеттік мекеме қызметіндегі ешбір мәселе жеке тұлғаның қалауына орай шешілмейді. Ал, заңнама – мемлекет үшін қастерлінің қастерлісі. Сондықтан, кәмелетке толмаған балаларды діни бірлестікке ата-анасының бірінің қатысуынсыз жібермеу мәселесі де әбден екшеліп, назардан тыс қалдыру мүмкін болмағандықтан заңнамаға енгізіліп отыр.
Мемлекеттік мекеме қызметіндегі барлық түйткілдерді қоғамдық ортаға шығара беру мүмкін де, міндетті де емес. Халықты орынды-орынсыз алаңдатпау үшін барлық жайттың жариялана бермеуі де заңды. Дін саласындағы уәкілетті органға кәмелетке толмаған балаларының дінге шектен тыс қызығушылық білдіруіне алаңдау­шылық танытқан ата-ананың, ортақ перзентін бөгде бір діни бірлестікке жетелеп жүрген жарының әрекетіне тоқтау салуды сұраған азаматтардың, ішінара діни бірлестік өкілінің уағыз-насихаты қалыптаспаған балаң тұлғаға кері әсер етуінен қауіптенген жеке тұлғалардың жанайқайы хат түрінде қаптап болмаса да, жеткілікті дәрежеде келіп жатады.
Бұған қоса елімізде мектеп жасындағы балалардың мемлекет алдындағы міндеттерінен дінге қатысты қызығушылықтарын жоғары қойып, дін ұсынған жеңілдіктерді де ескермей, сабақ уақытында діни ғибадат жасауға кетіп қалуы, жекелеген жағдайларда шектен тыс қызығушылықтың дәстүрлі емес ағымдар жетегіне ілесуіне соқтыруы, ақ пен қараны ажырата алмай, экстремистік мазмұндағы материалды таратуға әуестенуі де кездесе бастады. Ішінара діни бірлестік қызметкерлері тарапынан кәмелетке толмаған жасөспірімдерге қатысты келеңсіз қатынастардың орын алуы да шаң беріп отыр. Осының бәрін ескерусіз қалдыру халық қауіпсіздігін ойлаған мемлекеттің елдігіне сын болар еді.
Айтпақшы, шетелдік ащы тәжірибені осы тұста ескерудің орайы келіп тұр. Дәл осы кәмелетке толмаған жасөспірімдердің діни бірлестікке бару мәселесін заңнамалық тұрғыдан зерделеу барысында біз жан түршігерлік фактілерге тап болдық. Бірер мысал ғана келтірейін. Германияның Кассель қаласында ұзақ жылдар бойы католиктік мектепті басқарған дін қызметкерінің 155 ұл балаға зорлық көрсеткені мәлім болған. Берлиндегі иезуиттік Канизия колледжінде ондаған жылдар ішінде 3 мұғалім 200-ге жуық шәкіртке зорлық жасаған. Ирландияда 2009 жылы 46 дін қызметкері жасөспірімдерге қарсы қылмысы үшін сотталды. Англия, АҚШ, Жапония, Пәкістан, Ауғанстан, тағы басқа дамыған және дамымаған елдердің мұндай қылмыстан аман бірі жоқ. Өкінішке орай, өрелі дін – исламды ұстанушылар да қиянат жасамай қала алмапты. Ең сорақы жайт – Сауд Арабиясы Королдігіндегі дін уағызшысы Файхан әл-Ғамди бес жасар туған қызына зорлық жасап, өлтірген.
Кез келген қылмысқа оны жасаған тұлға жауапты, дегенмен алғышарт жасаушы факторларды да ескермеуге болмайды. Аталған қылмыстардың барлығы бірінші кезекте жасөспірімдердің едәуір уақыт бойы ата-анасының бақылауынсыз, діни бірлестік өкілімен оңаша қалуының салдары. Сондықтан, кәмелетке толмаған балалардың діни бірлестікке ата-анасының бірінің қатысуынсыз жіберілмеуін заң нормасына жүгіндірудегі мақсаттың бір ұшығы «сақтансаң, сақтаймын» деген ұстанымға ұюда жатыр. Әрине, діни бірлестік өкілдеріне сенімсіздік танытудан аулақпыз, бірақ, дін қызметкері де – періште емес, пенде. Мұндайда ең дұрысы, қазақ айтқан «Өзіңе өзің берік бол, көршіңді ұры тұтпа» деген нақылды ұстану болмақ. Қойымызды алдырмай тұрып, қорамызды бекіткеніміз дұрыс.

– Сарапшылар деструктивті ағымдарға қарсы күресте мазмұннан гөрі формаға мән берілетіндігін, бұл жұмыстарда кешенді идеологияның жоқтығын, барлық назар сақал мен шалбарға ауып, иман мен сана назардан тыс қалғанын айтады. Келісесіз бе?

– Мемлекеттік қызметке келгенге дейін мен де сол сарапшылар секілді «мемлекет ештеңе істемейді» деп ойлайтынмын. Мемлекеттік қызметке араласқаннан кейін бәрі де «болмасын» деп емес, «болсын» деп жасалатынын, бірақ «мемлекет» деген алып механизмнің қисапсыз көп тетіктерінің қапысыз қиысқаны сондай, біреуін болмашы бағытқа бұру үшін мыңдаған тетіктердің бағытын қоса өзгертуге тура келетінін түсіндім. Яғни, бір норманың өзі миллиондардың мүддесін көздейтіндіктен оны өзгерту ісі мыңдаған актілерді қайта қарауды, соның ішінде жүздегенін жете зерделеп, ондағанына елеулі өзгерістер енгізуді талап етеді. Сондықтан, мемлекеттік қызметте барлық үдеріс баяу жылжуға мәжбүр.
Ал, иман мен сана – біздің кемінде он жыл жырлаған әңгімеміз. Оған қатысты идеологиялық жұмыс жоқ деп кім айтты?! Сонда, Дін істері министрлігінің кешегі комитет, алдыңғы агенттік кезеңінен бастап, он екі жыл бойы жүргізген жұмысы қайда қалды?! Ел аумағында құрылған жүздеген ақпараттық-түсіндіру топтары жылдар бойы жалықпай жүргізген миллиондаған шаралар, жазылған жүз мыңдаған мақалалар, таратылған бірнеше миллион басылымдар, берілген мыңдаған сұхбаттар қайда қалды?! Соның бәрі құмға сіңген судай құрдымға кетпеген болар?! Құрдымға кетсе, халықтың 83 пайызы сол шараларға қатыстым, ақпаратпен сусындадым деп өтірік мәлімдеп отырмаған болар.
Басқаны былай қойғанда, министр Нұрлан Ермекбаевтың өзі «деструктивті ағым өкілдерін анықтағанда алдымен оның сенім негіздеріне, ұстанған бағытына, көзқарасына, ортасына, іс-әрекетіне талдау жасалады, сонымен қатар, сыртқы формасына да назар аударылады» деген болатын. Бір сөзбен айтқанда, «бұл мәселеде ауызбен орақ орғалы отырған Үкімет жоқ, алаңдамаңыз, ағайын!» дегім келеді. Бұл уәжіме базбіреулердің өре түрегелуі де мүмкін. Ажалым мемлекетшілдіктен болатын шығар, бірақ мен басқа жолды білмеймін.

– Дінге қатысты шешімдерімізде қыстау, күш қолдану, белден басу шаралары басым, діннің негізгі гуманизмдік функциясы ұмыт қалып жатады деген әңгімені де естіп қаламыз…

– Біз бір нәрсені мүлде білмейтін, немесе, мақсатты түрде ескермейтін сияқтымыз. Дін саласындағы уәкілетті орган дінді насихаттаумен айналыспайды. Ол діни қызметті реттеумен айналысады. Дінді насихаттау – діни бірлестіктердің еншісіндегі мәселе. Бірақ, өзіміздің қызметтік міндетімізге кірмейтініне қарамастан, діннің рухани-өнегелік мәнін бізден көп ашып түсіндірген мекеме жоқ. Байқасаңыз, дәстүрлі рухани құндылықтарды жаңғырту және дін мен дәстүр сабақтас­тығын түсіндіру дегенді тиісті діни бірлестіктер емес, біздер бастадық. Діни бірлестіктердің аузына осы тақырыпты өзіміз салып бердік. «Дін дегеніміз тек сенім мәселесі емес, дін – мәдениет, дін – дәстүр, дін – әдебиет, дін – тарих, дін – болмыс­тың өзі» дегенді діни бірлестіктердің құлағына біз құйдық. Осы тақырыптың бәрін ежіктеп, жіктеп, талмай түсіндіріп келе жатқан мемлекеттік мекемелер болмағанда, кім еді?!
Енді «дінге қатысты шешімдерімізде қыстау, күш қолдану, белден басу шаралары басым сияқты» деген пікірге келейін. Пікір тұнып тұрған қайшылыққа толы. Тағы да назарыңызға салайын, мемлекет дінге қатысты шешім қабылдамайды. Ондай ұғым заңнамада мүлде жоқ. Мемлекет діни бірлестік пен діни қатынас субъектілерінің іс-әрекетін реттейді. Оның дінге қандай қатысы бар? Біз өзі «адам» және «дін» деген ұғымдарды ажырата аламыз ба? Және қандай қыстау, күш қолдану, белден басу шаралары туралы сөз болып отыр? Бәлкім, заң жобасындағы дәстүрлі емес ағым идеологиясына қатысты аздаған шектеулерді айтатын болар. Ұлтымыз­дың мәдениетіне, дәстүріне, рухани құндылықтарына балта шабатын, ата- ана, туған-туысыңды «кәпір» деп танытып, отбасыңды ойран ететін, зайырлы мемлекетті мойындамай, қанқұйлы Сирияға ауа көшуді насихаттайтын теріс пиғылды ағым идеологиясын бетімен жіберуді қолдамаймыз. Осыған дейін жоғалтқанымыз аз ба еді? Төгілген қан, тапталған ұждан, айтылған зар аз ба еді? Неге біз көріп-біліп тұрып, ұлт тағдырын итжемеге қалдыруға тиіспіз?

– Дін мемлекеттен бөлек деген ұстанымымыздың жаңсақ екенін де айтатын сол сарапшылар…

– Дін мәселесінде тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айту деген болмайды. Дін – шаршылап өлшейтін мата, шоуға айналдыратын шатақ емес, «бір қайғыны ойласаң, жүз қайғыны қозғайтын» түмен түйткілдің ордасы.
Иә, дін мемлекеттен бөлінген, яғни мемлекеттің басқару және реттеу жү­йесінен бөлінген. Мемлекет шариғат заңдарымен басқарылмайды, реттелмейді, шешім қабылдамайды. Мемлекет жүздеген ұлт пен дін өкілінің құқықтарын ұлтына, дініне, табына, нәсіліне қарамастан бірдей реттейтін зайырлы құқықтық заңнамаларға сү­йенеді. Ал, дінді мемлекетке аралас­тырып, шариғатпен ел басқарғымыз келсе, онда осыдан кемінде үш жүз жыл бұрынғы қалыбымызға қайта оралып, қазақтан басқа ұлт пен дін өкілдерін Қазақстаннан ауа көшіріп жіберуге тура келеді. Сонда «дін мемлекеттен бөлінген» деген қағида біраз жұмсарады, бірақ жойылмайды. Өйткені, кешегі ел басқарған бабаларымыздың ешбірі шариғатқа тастай қатып, тістей жабысып қалған жоқ. «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын», Әз Тәукенің «Жеті Жарғысын» ұстанған қазақ хандары бағзыдан келе жатқан әдет заңы мен шариғат нормаларын қатар ескеріп, екшеп қолданды.
Бір анығы, дін мемлекеттен бөлінгенімен, қоғамнан бөлінбейді. Өйткені, дін дегеніміз – сенімдік қағидалар жиынтығы ғана емес, ол – жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажырататын рухани құндылықтар жүйесі. Зайырлылық – мемлекеттің, діндарлық – жеке тұлғаның сипаты. Мемлекет – зайырлы, қоғам – гетерогенді (әртекті), ал адам не діндар, не дінсіз, немесе басқа бір аралық ұстаным иесі.
Жалпы, діни заңдармен басқарылатын, яғни, классикалық ұстанымдағы шариғи-исламдық мемлекет әлемде жоқ. Қағбаның кілтін ұстап отырған Сауд Арабиясы Корольдігі де, мың жылдық мұсылман мәдениетінің ордасы болған Мысыр да, ата-бабаларымыз аңызға қосқан Димашық, Шам, Бағдат та шариғаттың шаршысынан шықпай отырған елдер емес. Ислам – ең парасатты, кемел дүниетанымға ие дін, оны тарылтатын – өзіміз. Қысқасы, айта берсек, жыр көп, ең бастысы – ел аман, жұрт тыныш, сол амандыққа қыз­мет ететін заңнамамыз да орнында.

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА,
«Заң газеті»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *