Астана. 23 ақпан. Алматы қаласындағы «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетін Қазақстанға беру туралы келіссөз жүргізіліп жатыр. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Нұрлан Ермекбаев осылай деді.
Мәжілісте мәлім болғандай, елімізде діни материалдарды тарататын арнаның барлығы бүгінгі таңда қатаң бақылауға алынған. Былтыр 11 мыңға жуық интернет ресурстың мазмұнына талдау жүргізілген. Нәтижесінде 3 жарым мыңнан аса сайттың күмәнді екендігі анықталған. Соттың шешімімен бәрі бұғатталды. Мәжіліс отырысында алдағы уақытта әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған діни қызметкерлерге көмек көрсетілетіні де мәлім болды. Имамдарды қолдаудың пилоттық жобасын іске асыру көзделіп отыр. Ол үшін арнайы қайырымдылық қоры құрылды. «Бұл қор министрліктің, мүфтияттың және бірқатар заңды және жеке тұлғаның қатысуымен құрылды. Қор аз қамтылғандарға көмекпен қатар, шалғай елдімекендердегі имамдарға стипендия бөледі. Қайта даярлау курстарын ұйымдастырады. Қордың қаражаттары Қазақстанның полиэтникалық халқының дәстүрлі, рухани құндылықтарын сақтауға бағытталған жобаларға да жіберіледі» дейді министр Н.Ермекбаев.
Ақпарат көзі: KazIslam