Шымкент. 7 наурыз. Қазақстан мұсылмадары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігі және Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі бірігіп ҚР дін саласындағы заңнамаға енгізілетін бірқатар өзгерістерді түсіндіру бойынша облыстық әдістемелік семинар өткізді.
Шараға ҚМДБ-ның наиб мүфтиі Бауыржан қажы Есмахан мен Мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Жәнділла қажы Мамытханұлы арнайы қатысып, өз ойларын ортаға салды.
«Дін туралы заңға енгізіліп жатқан өзгерістердің барлығы да қоғамдағы тыныштық пен қауіпсіздікті сақтауға, ел азаматтарының наным-сенім бостандығын қамтамасыз ете отырып, жауапкершілігін сезінуге, бүгінде әлем зардап шегіп отырған экстремизм мен терроризм сынды дерттерді жоюға, шетін көзқарастағы идеологияны насихаттауды шектеуге бағытталып отыр. Сондықтан да, дін қызметкері Заңдағы осы бір оң өзгерістерді жамағатқа жеткізіп, әрқашанда елдің бірлігі мен ынтымағы, ұлтаралық, дінаралық татулықты ту ету керектігін жадында ұстауы тиіс», — деді Наиб мүфти.