Маңғыстау. 19 наурыз. Жасыратыны жоқ, көпшілігіміз көшеде бет-аузын тұмшалап, етегі жер сызған қап сияқты көйлек киген қыз-келіншектер мен иегінде бес тал сақалы бар шолақ шалбарлы ер адамдарды көрсек еріксіз жиырыламыз. Ғасырлар бойы ата-бабамыз ұстанған діннен безіп, адасып жүрген оларды тура жолға салмай отырған үкіметке ренжиміз. Ал шындығына келетін болсақ, елімізде, соның ішінде облысымызда бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Облыстық дін істері басқармасы жанындағы дін мәселелері бойынша ақпараттық-талдау орталығы басшысының орынбасары Бақтыгүл Шопанованың әңгімесі осы жұмыстар төңірегінде өрбиді.
2014 жылы құрылған мекемеміздің жұмысы негізінен деструктивті діни ағымдардың қызметінен зардап шеккендерге көмек көрсету, жастармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, әлеуметтік бастамалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру, жалпы профилактика және жеке оңалтудан тұрады.
Біздер өз жұмысымызда Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 20132017, 2018–2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны басшылыққа аламыз. Бағдарламаның негізгі мақсаты – діни экстремизм көріністерінің алдын алу және терроризм қатерлеріне жол бермеу арқылы адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, профилактикалық жұмыс пен нысаналы топтар арасындағы ақпараттық насихат жұмысына жұртшылықты кеңінен тарту.
Алғашқы жылдары түсіндіру шараларын тек қана білім беру ұйымдарында жүргізсек, кейін жұмысымыздың ауқымын кеңейтіп, мемлекеттік, жеке мекемелер арасында, базарларда, әуежайларда, автовокзалдарда, автотұрақтарда, ауылдарда өтетін жәрмеңкелерде, қысқасы халық көп шоғырланатын жерлерде өткізудеміз. Ақпараттықтүсіндіру тобының құрамында теологтар, дінтанушылар, мемлекеттік қызметкерлер, мәдениет және спорт қайраткерлері, жазушылар, ақсақалдар, ардагерлер, үкіметтік емес ұйымдар, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, жастар бар. Кездесулерде діннің атын жамылған жат ағымдардың мүшелері діни сауаты төмен, әлеуметтік тұрмысы нашар жастарымызды қармақтарына түсіру үшін өздерін ақиқат жолындағы шынайы діндарлар етіп көрсететінін, ата-бабамыз ғасырлар бойы дәріптеген дінімізге, қалыптасқан салт-дәстүрімізге, атап айтқанда келіннің бетін ашу, сәлем салу, өлілерге құран бағыштап, үлкендерді құрметтеу сияқты ұлттық құндылықтарымызға күдік келтіріп, қарсы қоятынын айтамыз. Олардың арбауына түсуден сақтану жолдарын түсіндіреміз. Дәстүрлі дінімізбен мүлдем жанаспайтын жат ағымдар жетегінде кеткен көптеген адамдардың өз жақындарынан, достарынан теріс айналып кететінін, балаларына тиісті медициналық екпе ектіруден бас тартып, олардың музыка тыңдауына қарсылық білдіріп, мемлекеттік әнұранды тыңдауды және туға құрмет көрсетуді харам дейтіндерін мысалдар келтіре отырып айтамыз. Жақындарының немесе балаларының бойынан осындай өзгерістерді байқаса, біздердің көмегімізге жүгінулерін өтінеміз.
Осындайда кейбір үлкен адамдар «Мұның бізге не қажеті бар, енді біз өзгермейміз ғой» деп ренжігендей болады. Көпшіліктің алдында солай дегенмен кейін кейбіреулері орталыққа телефон шалып, туыстарының біреуі теріс діни ағымды ұстанып жүргенін айтып, көмек сұрайды, бірақ оларға бізбен хабарласқанын айтпауын өтінеді. Өкінішке орай, елімізде салафизм, уахабизм ағымына тыйым салынбағандықтан, үйіне басакөктеп кіріп, балаларына бағытының дұрыс еместігін айта алмаймыз, оларға түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын» деп данышпан Абай айтқандай, теріс діни ағымға көбіне жұмыссыз жастар еріп кетеді. Мұның алдын алу үшін біздер оларды жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбекке орналастыруға тырысамыз. Жат ағымның жетегіндегі әйелдердің көпшілігі күйеуінің рұқсатынсыз ешқайда шықпай, үйде отыратыны белгілі. Оларды біз үйде отырып жасайтын кәсіпке – тігіншілікке, кондитерлікке үйретеміз.
Орталық ашылғаннан бері бізді «адамдардың деструктивті бағытқа кетуінің себебі не?» деген сұрақ мазалады. Оның жауабын табу үшін психологтарды шақырып, жұмыс жасау жолдарын сұрадық. Бұл бірте-бірте олардың жан дүниесіне бойлап, сеніміне кіруге мүмкіндік туғызды. Теріс ағымға түскен адаммен алғаш кездескенде діни бағыты жайында сұрақ қоймай, мұндай қадамға баруға не себеп болғанын білуге, яғни әлеуметтік портретін жасауға тырысамыз. Жалпы баланың теріс бағытқа түсуіне отбасындағы жағдай, ата-аналарының ішкілікке салынуы немесе ажырасуы, баласына дұрыс мейірімін төкпеуі, бір сөзбен айтқанда жақындарынан жылулық, қолдау көрмеуі себеп болатынын білдік. Бірнеше рет кездескеннен кейін ғана оның шынайы бейнесін көреміз, сеніміне кіреміз. Әрине, бұл айтуға ғана оңай, бұған жету үшін психологтарымыз бен теологтарымыз біраз тер төгеді.
Жалпы қай адамның да деструктивтік ағымға еріп кетуіне психологиялық факторлар себеп болатын болса, ал осы уланған сананы оңалту ұзақ уақытты қажет етеді. Мұны түсінбеген кейбір ата-аналар баласын бір-екі әкелгеннен кейін нәтижесін көргісі келіп, біздерге ренжіп те жатады. Мұндайда оларға уақыт пен төзімнің қажеттігін айтып, өздерінің де үлес қосуын өтінеміз. Бір айта кетерлігі, көп ата-ана баласы теріс ағымға кіріп кеткеніне біраз уақыт өткеннен кейін келеді. Ал кейбіреулері ішкілікке салынған баласының намаз оқығанына мәз болып жүре береді де өздері не қарсы шыққасын немесе балашағасын тастап кетіп қалғаннан кейін ғана хабарласады. Әрине, уақыт өтіп кеткесін оларды дұрыс жолға салу оңайға соқпайды. Сондықтан да әрбір ата-ана баласының жүріс-тұрысына, араласатын адамдарына, бір сөзбен айтқанда тәрбиесіне мән беруі қажет. Балаға жастайынан ұлттық құндылықтарымызды – әдет ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді, тілімізді, ділімізді құрметтеуге баулу керек. Бұл бағытта Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңару» мақаласында жан-жақты айтылған.
Өкінішке орай ата-аналардың көбі бала тәрбиесіне жауапсыз қарайды. Рухани жағынан тәрбие бергеннен гөрі, тамағы тоқ, көйлегі көк болғанына мән береді. Олардың енжарлығы сондай, теріс діни ағымның бала болашағына тигізер кесірі мен салдары туралы қанша айтсақ та селт етпейді. Тек Сирия мен Иракқа кетіп қалған жастардың тағдырын баяндайтын бейнефильмдер мен роликтер көрсеткенде ғана елең еткендей болады.
Кейбір ата-аналар баласын мешітке жібермесе жат ағымнан сақтаймын деп ойлайды. Бірақ саналы тәрбие алмаған баланың үйде отырып-ақ, интернет немесе көршілердің ықпалы арқылы бөтен жолға оп-оңай түсіп кететінін ескермейді. Тағы бір айта кететін жайт, мешітке барып, имаммен сөйлескен бала ешқашан да жат ағымның жетегіне ермейді. Оларды бұзатын, үгіттейтін топ – мешіттің айналасындағы пиғылы жаман, ойы бұзық адамдар.
Бұл күндері жобасы ҚР Парламенті Мәжілісіне ұсынылып, талқыланып жатырған Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәмелет жасқа толмағандарға заңсыз діни ықпал жасауға, білім беру мекемелерінде тіркелмеген діни бірлестіктердің өкілдеріне діни іс-шаралар ұйымдастыруға тыйым салу туралы нормалар енгізілуде. Сонымен қатар жеке үйлерде заңсыз діни дәрістерді өткізуге де тыйым салынбақшы.
Мұның бәрі еліміздің болашағы – жастарды жат діни ағымның әсерінен сақтап, ғасырлар бойы ата-бабамыз қастерлеген дәстүрлі дінімізді ұстап, ұлттық құндылықтарымызға құрметпен қарауға баулитын игі шаралар деп ойлаймын.
Әңгімелескен Еркеш НӘРЕМБАЕВА
Ақпарат көзі: 7292info