Ақтөбе. 12 сәуір. «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында облыс тұрғындарына арналған антитеррорлық оқу-жаттығулар аудандарда жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері Мұғалжар ауданында халық көп шоғырланатын жерлерде, сауда орындарында, мектептерде ақпарат таратты. Лаңкестік оқиғадан сақтану, төтенше жағдайда өзін және жақындарын қорғау тәсілдері айтылды.
Терроризм мен экстремизмге қарсы оқу-жаттығулар бірнеше ауданда өтіп жатыр. Түсіндіру жұмыстары облыстың 92 білім ошағында 1200 оқытушыны және 6600 оқушыны, 33 мемлекеттік мекемеде 4200 қызметшіні қамтиды. Ал осы жолы құқық қорғау органдарының өкілдері Мұғалжар ауданында тұрғындармен кездесті. Облыс орталығынан барған 10 тәртіп сақшысы мәлімет берді. Жұртшылықтан оқу-жаттығу кезінде қолдау көрсетуді сұрады.
Лаңкестік оқиға кезінде өзінді қалай ұстауың керек, қолдан жасалған жарылғыш затты бірден тануға бола ма, лаңкестің кепілі болған жағдайда қандай әрекет дұрыс болады. Осы сұрақтардың жауабы тәртіп сақшылары таратқан ақпараттық парақшаларда көрсетілген. Мұғалжарлықтарға дәл осы парақшалардың 20 мың данасы таратылды. Өткен аптада жасалған жұмысты аудан басшылығы да баяндады.
Мұғалжарлық оқушылар лаңкестіктен қорғану әрекеттерін іс жүзінде де көрді. Мамандар теракт кезіндегі ең басты әрекет балаларды қауіпсіз жерге орналастыру дейді. Құқық қорғаушылардың пікірінше, мұндай оқу-жаттығулар балаларды да, мұғалімдерді де қауіп туған жағдайда қапыда қалмай, сауатты әрекет етуге үйретеді. Ондай кезде мұғалім балаларды түгендеп алуы керек.
Сақтансаң сақтайды. Сондықтан, ақпаратқа қанық болу артық етпейді. Тәртіп сақшылары қорғану ақпараты жазылған парақшаларды көшеге шығып таратты. Ал сауда орындарында ішкі істер органдарының қызметкерлері әрбір кәсіпкермен, сатушымен жеке-дара сөйлесіп, сұрақтарына жауап берді. Айта кету керек, дәл осындай шаралар Алға, Шалқар және Темір аудандарында өтуде.
Ақпарат көзі: AqtobeTV