Петропавл. 17 сәуір. Петропавл тұрғыны сауда үйінде бомба қойылды деген жалған мәлімдеме жасағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі.
Өткен жексенбіде Петропавлдың ІІБ шұғыл тобының «102» нөміріне сағат 10.00-де қаладағы «Сокол» дүкенінде жарылыс құрылғысы бар деген хабарлама түседі. Полиция, прокуратура, ТЖД, жедел жәрдем қызметкерлері тез арада аталған мекенжайға жеткен. Ғимаратты қоршап, ішіндегі 20 адам сыртқа шығарады.
«Тексергеннен кейін ешқандай жарылатын не басқа да қауіпті құрылғы табылмады. Жалған хабарлама таратқан қала тұрғыны күдікті ретінде ұсталды. Енді сауда үйінің жұмысына кедергі келтіріп, терроризм актісі туралы хабарлаған әйел қылмыстық жауапқа тартылады. ҚР ҚК 273-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Егер сот оны айыпты деп таныса, ол 6 жылға сотталуы бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Қазір сараптама, тергеу ісі жүріп жатыр», ― делінген СҚО ТЖД хабарламасында.