Астана. 19 сәуір. Бүгін «Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» және «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018 — 2022 жылдарға» арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында ДІАҚМ ДІК Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының ұйымдастыруымен «Діни экстремизм мен терроризм көріністерінің алдын алу жөніндегі шаралар мен механизмдер» атты республикалық семинар-тренинг өтті, деп хабарлайды ведомства баспасөз қызметі.
Семинар жұмысына Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Б.С.Арын, ҚР ДІАҚМ Дін істері комитетінің төрағасы Е.А.Оңғарбаев, Бас Прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары Академиясының арнайы құқықтық тәртіп кафедрасының меңгерушісі Н.Ш.Жемпиісов, психологтар мен психотерапевтер Қауымдастығының мүшесі Л.С. Шакимова, «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ Төралқа төрағасы А.З. Оразбаев, сонымен қатар антитеррорлық дайындық орталығы, республикалық ардагерлер мен патриоттық ұйымдар, мемлекеттік органдар, ғылыми-сарапшылық қауымдастық және ҮЕҰ өкілдері қатысты.
ДІАҚМ Дін істері комитетінің төрағасы Е.А.Оңғарбаев: «Комитет дінді деструктивті мақсатта пайдаланудың кез-келген әрекеттерін болдырмау және алдын алу үшін барлық шараларды қолданатын болады. Осыған байланысты діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша кешенді шараларды жетілдіруге, сондай-ақ барлық діни қызмет субъектілерінің діни қызмет саласындағы заңнаманы сақтауын қамтамасыз етуге бағытталатын болады».
Семинар барысында Бас Прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары Академиясының арнайы құқықтық тәртіп кафедрасының меңгерушісі Н.Ш.Жемпиісов терроризмге қарсы әрекет етудің жаңа механизмдері туралы мәлімдеме жасады.
Семинар-тренинг қатысушылары әсіресе жастар ортасында діни экстремизм мен терроризм көріністерінің алдын алуда үкіметтік емес ұйымдардың ролін арттыру керектігін алға тартты.
Психологтар мен психотерапевтер Қауымдастығының мүшесі Л.С. Шакимова семинар қатысушыларына радикалды көзқарастағы адамдар санасына ұтымды әсер ету процесінде коммуникативтік технологияларды қолдануға бағытталған сағаттық тренинг өткізді.
Терроризмге қарсы күрес орталығының аға оқытушысы, ҚР ДІАҚМ Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының сарапшы-саясаттанушы Р. Иржанова «Халықпен ақпараттық жұмыс — әуесқой тәжірибе саласы емес, ол нағыз кәсіби қызмет. Дәстүрлі емес діни ағым өкілдері мен миссионерлер сынды ақпараттық агрессорлар сын-тегеуіріндеріне тек кәсіби мамандар ғана жауап қатуы тиіс», деп мәлімдеді.
Семинар-тренинг қортындысы бойынша қатысушылар арнайы сертификаттармен марапатталды.