Алматы. 23 сәуір. БҰҰ-ның байырғы бас хатшысы болған Кофи Аннанның «Қазақстан кіші Біріккен ұлттар ұйымына айналды» деген зор бағасы шындықтың шекарасы іспеттес. Расында, бірлігі бақ ашқан, тірлігі жарасқан Тәуелсіздігіміздің сыртқы саяси күштерге төтеп берер негізгі «иммунитеті» – татулық. Осынау алып күшке сына салғысы келгендер әртүрлі әрекеттермен әлектеніп жатқаны тағы бар. Айталық, экстремизм дерті екпіндеп, терроризм тебініп тұрған тұста бірлігімізді тағы бір сынға салатын сәт туды.
Әлемдік дертке айналған ағымдармен күресу мақсатында аудандық ішкі саясат бөлімнің қолдауымен, «Елім-ай» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жақында аудан аумағында кеңейтілген семинар-кездесулер өтті. Шелек политехникалық колледжінде студенттермен «Жат діни ағымдардың көздегені не?», Бартоғай округі тұрғындарымен «Дін – зайырлы мемлекеттің рухани тірегі» және Тескенсу округіндегі Жамбыл атындағы орта мектепте «Заманауи терроризм және ғаламтор» атты кездесулер ұйымдастырылды. Оған республикалық ақпараттық топ мүшесі, теолог-заңгер Тимур Нүсіпханұлы, аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы, теолог Медет Әшімхан, «Елім-ай» қоғамдық қорының төрағасы Жаңаберген Мұхамедов және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеулес Ұзақов қатысты.
Әр елдің салт-дәстүрін жоққа шығарып, ата дінімізге жат қауқардай сақал қойған, шалбарын кесіп, намаз оқымағандарды кәпірге санаған адасушылармен тікелей идеологиялық жұмыс жүргізіп жүрген Тимур Нүсіпхан-ұлы бұл дерттің «қоздырғышы» білімсіздік екенін ашып айтты:
– «Білімдінің күні жарық» деген қазақ. Қарапайым мысал, Сіз физиканы, болмаса математиканы мұғалімнің көмегінсіз немесе кітап оқымай түсінбесіңіз анық қой. Ал сабаққа келмесең, мұғалім саған есеп-қисаптың шешу жолдарын түсіндірмесе, әрқайсыңыз бір есепті бірнеше үлгіде шешесіздер емес пе? сол секілді адасқандар қасиетті Құранды белгілі бір ұстаздардың баяндап бергенімен емес, өздерінің оқығанымен түсінгендер, – деді.
Кейіннен бала тәрбиесіне тоқталды: – «Бала тәрбиесі – бесіктен» дейді қазақ. Ал ғалым-дарымыз Имам Ағзам Әбу Ханифа: «Тәрбие – тұлғаны тәрбие ететін немесе бұзатын нәрсені білуді білдіреді» деген. Ал Маверди бұл жайында «Тәрбие тірекке ұқсайды. Алла ол арқылы ақылды кемелдендіреді» деп түйген. Тәрбиенің жүйелі түрде берілуін ежелгі гректерден көруге болады. Олардың түсінігінде ең құрметті адамдар тәрбиенің сүзгісінен өткен жандар. Ал елімізде түрлі жат ағымдардың қарасының көбеюі сол ағымдардың жетегінде кетіп жатқан жастарымыз бұның барлығы біздің қазақы ислами тәрбиеден қаншалықты ұзақтағанымыздың белгісі. Күнімізде баласына ертегі айтатын әже, ұлағатты сөз айтар ата-ана жоқтың қасы. Баласы мектептен келгенде, «Балам, сен мектепте болып ана сериалды көре алмадың ғой» деп көрген киносын айтады. Бір уақыт балам саған өсиет айтайын, құлағыңа құйып ал, жаман істен бойыңды аулақ сал дейтіндер сиреп кетті. Сөйтіп ақырында «Осы мектеп мұғалімдері не қарап жүр? Мемлекет не істеп жатыр? Мына мешіттің молдасы неге айтпаған? деп бәлені басқадан іздеп шығамыз. Осы ретте, әрбіріміз баланың болашағына жауапты екенімізді ұмытпайық! – деді.
Өрелі ойды жалғаған Жаңа-берген Мұхамедұлы да ата дініміз бен салт-дәстүрімізді бір ізге түсіру жөнінде ойын білдірді. Әсіресе, қазіргі қоғамда қызу талқыға түсіп жүрген қонағасы мәселесін қаузап өтті: – Үйден сүйек шықпай жатып, ас ішу – дәстүрімізде де, дінімізде де жоқ үрдіс. Екіншіден, қонағасы дегеніміз – қайтыс болған жанның алыстан келген туыстарына ғана берілетін ас. Ал оны ат шаптырып «Кешке қонағасына келіңіздер!» деп арнайы шақырып, ас тарату – санаға сыймайтын әрекет. Осыдан алыстайтын күн туды! – деді.
Бұны ауыл имамдары да бірауыздан қолдады. Жиын соңында тақырыптар бойынша түрлі сұрақтар қойылып, мамандардан жауабын алды.
Қайнар ЖҰМАҒОЖА
Ақпарат көзі: Еңбекшіқазақ