Ташкент, 25 сәуір. Сириядағы қарулы қақтығысқа қатысуды көздеген Өзбекстан азаматы Каримжон Кадыров 9 жылға сотталды, деп хабарлайды Хабар 24 телеарнасы.
Ол содырлармен Ресейде жүргенде байланыс орнатқан. Жызақтан батысқа жұмыс іздеп барған жігіт, қаржылай қолдау көрсеткен жат ағымның арбауымен соғысқа аттанған. Баку арқылы Ыстамбұлға ұшқан Каримжонды түрік полицейлері қолға түсірді. Өйткені ол құзырлы орган өкілдеріне жалған құжат көрсеткен. Өзбекстанның тәртіп сақшылары шетелдік әріптестерімен келіссөз жүргізіп, оны еліне алып келген. 26 жастағы жігіт Сирияға барып, діни экстремизм идеяларын насихаттауға және террористік топқа кіруге әрекет жасағаны үшін айыпты деп танылды. Бұл көршілес елдегі биыл тіркелген алғашқы жағдай емес. Таяуда Наманган облыстық соты Сириядағы қарулы қақтығысқа қатысу үшін террорлық топ құрамына өтпек болған тағы сегіз жергілікті тұрғынды 6 жылдан 14 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.