Ақтау, 26 сәуір. Өткен жұма күні Маңғыстау облысы әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңес отырысы өтті. Басқосуды ашып, жүргізіп отырған Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, кеңес төрағасының орынбасары Мақсат Сқақов өңірімізде діни ахуал тұрақты және үнемі бақылауда екенін, конфессияаралық қақтығыс оқиғалары орын алмағанын, діни салада құқыққа қайшы көріністер анықталмағанын айтты.
— Облыс тұрғындарының діни сауаттылығын арттыру мақсатында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда облыстық ақпараттық-түсіндіру тобы (АТТ) жұмыстануда. -деді ол. — Бүгінгі таңда облыстық АТТ мүшелері 126 іс-шара өткізді. Биылғы 1-4-сәуірде облыста іс-сапарда болған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас муфти Серікбай Ораз қала, аудандарды аралап діни ахуалмен танысты. Бас муфтидің қатысуымен кеңейтілген жиналыс өтті. Бас муфти аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді.
Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова Ақтау қаласындағы, ал Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Сәнім Танаева Жаңаөзендегі діни ахуал және ақпараттық-түсіндіру тобының жұмыстары туралы ақпарат берді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкіл имамы Смайл Сейтбеков «ҚМДБ облыстық филиалдарының қызметі және Ислам бағыты бойынша облыстық діни ахуал туралы» баяндама жасады.
Смайыл Сүйерқұлұлы келтірген мәлімет бойынша Маңғыстау облысында 32 мешіт филиал болып тіркелген.
— Ақтау қаласында – 2, Жаңаөзен қаласында – 5, Бейнеу ауданында – 6, Мұнайлы ауданында – 4, Маңғыстау ауданында – 6, Түпқараған ауданында – 4, Қарақия ауданында – 4 мешіт жұмыс істеп тұр, — деді өкіл имам. — Ал жақында ғана ашылған Мұнайлы ауданының Басқұдық ауылындағы «Төлей ишан» мешітінің тиісті құжаттары рәсімделу үстінде. Осы 32 мешітте қызмет етіп жатқан бас имам, найб имам, азаншы, молда және ұстаздардың саны 82. Оның ішінде 27 имам, найб имам және ұстаздар жоғары діни білімді, 22 имам медресе бітірген. 2 жылдық Ислам институтын бітірген 3 имам болса, 30-ы түрлі курстарды бітірген. Арнайы діни білімді маман жетіспеушілігіне байланысты Бейнеу ауданына қарасты Төлеп пен Сарға ауылдық мешіттеріне имам тағайындай алмадық. Қазіргі таңда жабық тұр. Бірақ биыл Орал медресесін бітіретін бейнеулік екі маман келген соң бұл мешіттер ашылады. Республиканың өзге аймақтарындағы сияқты, біздің облысымызда да діни білімді де, білікті маманға деген сұраныс бар. Республика бойынша көптеген елді мекендердегі мешіттерде қызмет атқарып жатқан имамдардың әлеуметтік проблемаларын шешу және қолдау көрсету мақсатында Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жаныннан «УАҚЫП» Қазақстандық қоры» корпоративтік қайырымдылық қоры» құрылған болатын. Аталмыш қор былтыр 5 имамға 4 ай бойы қайырымдылық ретінде 50 000 теңге қаржылай көмек берді. 2018 жылдың қаңтарынан бастап әлеуметтік көмек алатын имамдар саны артып, 9 имамға 55 000 теңге қайырымдылық ретінде беріліп келеді. Тұрақты жалақы мен қызметтік баспана болмағандықтан аудандық, ауылдық жерлерге білімді маман тарту және оларды тұрақтандырудың оңай болмай тұр. Дегенмен мешіт ауласында қызметтік пәтер салуды жүйеге қойдық. Қазіргі таңда 32 мешіттің 14-інде мешіттің ауласында қызметтік баспана бар. Ал екі мешіт ауласында құрылыс жүріп жатыр. Әкімшілік тарапынан Түпқараған, Қарақия, Маңғыстау аудандарындағы 4 имамға қызметтік баспана берілді. Облысымызға жоғары және орта діни білімді мамандар тартылып жатыр. Алайда, келушілермен қатар кетушілер де аз емес. Түрлі себептерге байланысты 2015 жылы-7, 2016 жылы-11, 2017 жылы 16 маман жұмыстан кетті. Олардың 11-і жоғары діни білімді, 2-і медресе бітірген, 3-і курстарда оқыған. Маман тапшылығын шешу мақсатында діни оқу орындарына талапкерлер жолдап келеміз. Жергілікті мамандарды даярламай, дін мәселесіне қатысты проблемаларды шешу оңайға түспейді. Теолог немесе діни жоғары білімді мамандар белгілі мерзімге шақырылғанымен ауыл-аймақты қамту қиын және қаншалықты нәтижелі болары белгісіз. Сондықтан 4 жылдан бері облысымыздан діни оқу орындарына екі жүзден аса талапкер жолданды. 2017-2018 оқу жылы барысында Маңғыстау облысынан Нұр-Мүбарак университетіне 32 талапкер ұсынылды. Оның 12-сі грантқа түссе, 10-ы ақылы бөлімге түсті. Қазіргі таңда университет қабырғасында 68 маңғыстаулық шәкірт білім алуда. Оның 43-і ұлдар, 25-і қыз бала. Олардың 21-і ақылы бөлімде, 47-сі грантта оқиды. Ақылы бөлімде оқитын студенттердің оқу ақыларын мешіт жамағатының көмегімен төлеп келеміз. Ал діни басқармаға қарасты медреселерге 56, қарилар орталығына 10 шәкірт жолданды. 2017-2018 оқу жылында медреселерде 33, қарилар орталығында 28 шәкірт білім алып жатыр. Наурыз айында Алматы қаласына аранайы барып, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетін биыл исламтану мамандығы бойынша бітіретін студенттермен кездестім. Облысқа 15 жас маман келеді деп күтіп отырмыз. Оның 10-ы маңғыстаулық түлектер.
Бұдан кейін ол Бас мүфти тарапынан барлық деңгейдегі имамдарға күнделікті атқарылар діни шаралармен қатар уағыз-насихат жұмысын күшейту, теріс ағым өкілдерімен жұмыстану, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру, діни сауат ашу курстарын жандандыру мәселелері мүмкіндікке сай жүргізіліп жатқанын қаперге берді. Жыл басынан бері өткен уағыз-насихат жұмыстарының негізгі бөлігі мешіттерде атқарылған. Ал ақпараттық-түсіндіру шаралары мекемелер мен оқу орындарында дін істері басқармасымен бірлесе отырып жүргізілді.
Теріс ағымдардың алдын алуда және олармен күресуде мүмкіндіктері аясында қызмет етіп келе жатқан имамдар кестеге сай жазасын өтеушілермен оңалту жұмыстарын атқарып жүр. Мәселен, бірінші тоқсанда 13 жалпы кездесу өтсе, 85 адаммен жеке кездесу өтті.
Кеңес төрағасының орынбасары Мақсат Сқақов дін саласына лайықты назар аударып, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында қаржы бөліп, үкіметтік емес ұйымдар арқылы дін мамандарын, теолог-исламтанушыларды өңірге тартуды, теологтар мен имамдардың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайларын қарастырылып, шешілуін тапсырды.
Отырыстың күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша басқа нақты да тапсырмалар беріліп, тиісті қаулы қабылданды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
Ақпарат көзі: 7292info