Алматы. 27 сәуір. Алматыда ДАИШ идеясын насихаттаған әйел жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында С. есімді азаматшаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 256-бабы 2-бөлігі «Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға шақыру» бойынша қылмыстық іс қаралды.
«2012 жылы интернет-ресурстары арқылы ДАИШ халықаралық террористік ұйымының әрекеттерімен танысқан сотталушы С. жұртты жиһадқа шақырып, жарылыс жасауды үгіттеген», — делінген сот хабарламасында.
Сот отырысы барысында әйел өзіне тағылған барлық айыппен келісті. Айыпты деп танылған С.-ны сот жеті жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.