Шымкент. 27 сәуір. 2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында ұлт араздығын қоздыру және терроризм бойынша 17 адамға қатысты үкім шықты деп хабарлады облыстық сотта өткен брифингте судья Бүркіт Байдуллаев.
Бүркіт Байдуллаевтың 27 сәуірде Азаттыққа айтуынша, 2018 жылдың басынан бері ұлт араздығын қоздыру және терроризм бойынша 17 істе 17 адамға қатысты үкім шыққан.
— Мысалы, Қылмыстық кодекстің «Әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру» бабы бойынша екі адам, «Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желісін пайдалана отырып терроризмді насихаттау» бабымен сегіз адам бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық кодекстің 1997 жылғы редакциясымен «Террорлық топ құру, оған басшылық ету және оның қызметіне қатысу» бабымен бір адам сотталды, — деді судья. Ол қалған алты адамның қандай баппен сотталғанын айтпады.
Судьяның сөзінше, қазіргі кезде жеті айыпталушының үстінен «Әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру» бабы бойынша сот болып жатыр. Айыпталушылардың бірі — кәмелет жасқа толмаған.
Ақпарат көзі: Азаттық радиосы